Ашық Хат

Құрметті Елбасы, Нұрсұлтан аға!

Мен Сәбит Сұлтан, Тәуелсіз Қазақстанымыздың  ауылшаруашылығына өз үлесімді қосып жүрген азаматпын.

Өзіңіз екі мәрте арнайы келіп, көріп, оң бағаңызды, ақ батаңызды беріп кеткен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Подгорный» ЖШС бүгінде ашкөздердің талан-таражысына түсіп жатыр. Бүгін өзіңізден араша сұрай осы бір үшбу хатты жазып отырмын.

Құрметті Елбасы, мен бүгін өзіңізге үлкен үміт арқалай отырып, хат жазып отырмын. Сіз еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ, бізге көмегіңізді көрсетіп, ақылыңызбен жол сілтеп келесіз. Бүгін де өзіңізге қайрылмақпын.

Өзіңіз білетіндей, мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап өзіңіздің қасыңыздан табылдым. Өзіңіздің қасыңызға еріп, шетелдерге сапарларға шықтым. Сіздің тікелей тапсырмаңыз бойынша, тәжірбие алмасу, шетелдік инвесторларды елге әкелу ісіне ең бірінші болып кіріскендердің бірімін. Қазақстанға ауылшаруашылық секторына алғаш болып шетелдік инвестор әкелдім. Өзіңіздің қамқорлығыңызбен және қолдауыңызбен АҚШ-қа барып, арнайы Халықаралық бизнес мектептен білім алып келіп, сол білімімді Қазақстанның ауылшаруашылық секторын дамытуға пайдаландым. Ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға бар күшімді салдым.

Құрметті Елбасы, Нұрсұлтан аға!

«Подгорныйға»ЖШС-ға өзіңіз арнайы екі рет келіп едіңіз. Бірінші жолы щұжық зауытын өзі аштыңыз. Екіншіде, біздің шаруа қожалығымыздың тыныс-тіршілігімен танысып қайттыңыз. Оң бағасын берген едіңіз. Біз де сол қарқымен, сол қолдаумен жұмыс істеп келдік.

Мен өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша ҚазАрго холдингтен 3 миллион долларға лизингпен американдық техника алған едім. Қазір сол техниканың барлығы бекер тұр. Себебі, шаруашылықты әлдебір дөкейлер барымталамақ болып, қазір жұмыс тоқтап қалған. Бір кездері гүлденіп тұрған ауыл қазір адам танымастай күйге түскен. Өзіңіз көрген, өзіңіз ашқан сол шаруашылықтың бүгінгі күйін көрсеңіз, танымай қаласыз.

Құрметті Елбасы! Біздегі техника өзіңіз білетіндей озық сапалы. Қазірдің өзінде облыста екі-үш шаруашылықта ғана бар шығар, бұндай техника. Қалғандарының барлығында совет өкіметінен қалған ескі-құсқы комбайндар мен тракторлар.

Міне, осы шаруашылықтың қазір  жұмысы тұралап тұр. Машина-трактор стансасы қаңырап, гараждар үңірейіп, наубайхананың ойраны шыққан.

Құрметті Елбасы!

Біздің ісімізге көз алартқандар ЖШС жұмысына барынша кедергі келтіріп жатыр. Рас, алғашқыда пайшыларға берешегім болды.Содан сынықтан-сылтау іздегендер ұзын-сонар сот процессін бастап кетті. Араға іріткі салғандар пайшылардың ішінен екі азамат 2004-жылғы 5-қазандағы шешімді терістеу жайлы арызданады. Енді рет-ретімен айтайын:

2013 жылдың 28-ақпаны. Жамбыл облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты шешім шығарып, пайшыларға 14 миллион 524 мың 775 теңге және мемлекеттік алым төлеуім керек болады. Мен бұл соманы түгелімен төледім.

2013 жылдың 22-мамыры. Жамбыл облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шешім шығарып,  алдыңғы сот шешімін өзгертеді. Ол бойынша, әуелде келісілген 5,6 пайызы – жер үлесінен, 94,4 пайызы деген Қоғамның негізгі қор түрін­дегі үлесінен деген хаттамасы күшін жойғызды. Сондай-ақ, банкке жерді кепілге қою туралы хаттама мен ке­пілдік туралы келісімшарт та күшін жойды.

2017 жылдың 7-қарашасы. ҚР Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулы қабылдап, жоғарыдағы хаттамаларды терістеді. Облыстық сот актілерін тоқтатады. Істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қайта қарауға жібереді.

Ал 2018 жылдың 11-қаңтары. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы тағы сонау 2013 жылғы шешімді қайталап шығарды.

Қарызымды ең басында-ақ, төледім.  Бірақ, Серіктестік заңсыз болып шықты. Ауылдағы тіршілік тоқтады.

Жоғарғы сот біздің пайдамызға шешім шығарғанымен, облыстық сот ескі шешімді қайталап отыр.

Қазір жұрт жерлерін бөліп алған. Мүлде бөлек біреулерге жалға беріп отыр. Олардан ауылға келіп-кетер пайда жоқ. Ауыл тұрғындары баяғыдай емес, әрқайсысы жан-жаққа тентіреп кеткен, жұмыс іздеп. Менің сұрайтыным біреу-ақ. Жамбыл облыстық соты Жоғарғы соттың шешіміне сай, алдыңғы екі шешімді жоққа шығарса деймін ғой. Өкінішке орай, бұл қиын болып тұр қазір.

Өзіңіз былтыр күзде облысымызға арнайы келіп, мұндағы шаруашылықтың жай-күйін өз көзіңізбен көріп, төмен баға беріп кеткеніңізбі білемін.

Сіздің елдегі шағын және орта кәсіпті дамытуға жасап жатқан тың бастамаларыңызды білеміз. Сіз өз сөзіңізде «кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз қудалай бермеңдер» деп жиі ескертесіз. Тіпті, биылғы жылғы Қазақстан Халқына жасаған жолдауыңызда дәл осы ауылшаруашылық секторына арнайы басымдық бердіңіз. Бұл да сіздің шаруашылықтағы ағайынға, бізге деген ерекше қамқорлығыңыз деп ұғындық.

Сөз өз сөзіңізде «Ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкінігі» деп тайға таңба басқан көрсеттіңіз. Өзіңіз білетіндей біздің шаруашылық Қазақстан тарихында ең бірінші болып бидайды валютаға сатқан ек. Қазір де шаруа қожалығымыз Америкалық, Еуропалық техникалармен жабдықталған. Біз сүт және бидай өнімдерін әлемнің 10 мемлекетіне экспортқа шығардық. Ол да сіздің ткелей қамөорлығыңызбен болған еді.

Сондай-ақ, Жолдауда Сіз «Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек» деп анықтап айтқан едіңіз. Сіздің осы қамқорлығыңызды хат танитын, Жолдаумен танысып шыққан әрбір адам бірден түсінері анық.

Өкінішке орай, Ортақ іс оңға баспай тұр. Десек те, барлығын қайта қалпына келтіруге әлі де болады.

АҚШ пен Еуропадан, Араб елдерінен инвесторлар да бар екен. Олар «Подгорныймен» жұмыс жасауға дайын отыр. ендігі жалғыз үмітім өзіңізде, құрметті Нұрсұлтан аға!

Құрметпен, ініңіз Сәбит Сұлтан

Abai.kz