Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Корея президентін қарсы алды

70

Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бүгін шетелдік мейманды Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Салтанатты рәсімде әдеттегідей екі елдің әнұраны орындалды. Одан кейін президенттер отырыс залына өтті.

Бүгінгі ресми кездесу барысында қос мемлекеттің басшысы бірқатар маңызды құжатқа қол қояды деп жоспарланып отыр.

Кеше Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин Алматыға барып, корей диаспорасымен кездесіп, театр қойылымын тамашалаған болатын. Ал Нұр-Сұлтан қаласына кеше келді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Корея президенті сапар аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесулер өткізетінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ, бүгін Мун Чжэ Ин Қазақстан-Корей бизнес-форумына қатысады деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін, Корея президенті Мун Чжэ Ин Орта Азия елдеріне сапары аясында Қазақстанға келетінін жария еткен еді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 3 млрд 898,5 млн долларды құрады.

BAQ.KZ