Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың блогерлері.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың блогерлері

 

Өткен аптада Павлодарда «Әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылардың I-ші облыстық форумы» дейтін біртүрлі жиын өтті. Бұған дейін блогқұрылтай деген атқа ие жиындарды қолдаған аймақтар болып еді, бірақ желі қолданушыларын желпінте қолпаштап, форум дәрежесіне жеткізген Бақауов әкімшілігі ғана шығар. Облыс әкімінің атын атап отырғанымыз, форумды облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырыпты. Ал, ендеше! Бір жағынан бұрқылдаған блоггер атанып, әлеуметтік желінің шаңын қағып жүргендерді керек кезде «жергілікті биліктің сөзін сөйлеп, сойылын соқ» деп жалбарынып жүргенше, бірден бәрін топырлатып лақтай көгендеп алу да дұрыс шығар. Бұл жағынан келгенде Бақауов мырзаның басы істеп тұр екен, несін айтасыз!


Ал облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ернұр Дәуенов дейтін қылшылдаған жас шенеунік: «Мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін әлеуметтік желі белсенділерінің үкіметтік емес ұйымын құру туралы» тың ұсыныс тастапты. Біздің ше, топтанған торғайдай әр жерге ұшып-қонып жүрген аймақтық блоггерлері бұл ұсыныс Құдайдың өзі айдап қораңа әкелген мал, басы істейтін блоггер болса, бұдан екі дүниеде бас тартпайды. Бірақ алмақтың салмағы тым ауыр болады-ау. Өйткені, аймақта қандай да бір мәселе туындап ол лап етіп желіде лаулап жана бастаса, оған шелектеп су шашуға мемлекеттік тапсырыс алған блоггерлер бармағанда кім барады? Мысалы, Павлодар облысының рухани жаңғырмай, мызғымай тұрған советтік аудан, ауыл, қала, облыс, көше, атауларын өзгерту туралы бастама көтеріле қалса, оған қасқайып қарсы шабатын да сол «облыстағы әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылар» боларын бала да біледі. Павлодар облысы әкімшілігі осылайша, қоғамдық мәселелерді шешудің жолдарын алдын ала қарастырып бас қатырғанша оған қарсы қоятын топты бюджеттің ақшасына байлауды ең дұрыс шешім, табылған ақыл деп тапқан болып тұр! Бәрекелді, жасай берсін, Бақауов! Енді облыс туралы сәл-пәл, тіпті сөз арасында сын айтқан адам блоггерлердің «таяғына» жығылатыны міне тұрған нәрсе.

Кейінгі бірер жылдардың бедерінде әлеуметтік желі белсенділерін  – блоггерлерді жалдамалы сарбаз есепті әр істе пайдалану, әсіресе, мемлекеттік мекемелер, аймақ әкімшіліктері арасында кең етек алды. Жалдамалы блоггерлер үлкен бір қол, алдында кім, не тұрса да бас-көзге қарамай тапсырманы орындау үшін барын салып, «батырлық» көрсетеді. Олардың биліктің жыртысын жыртып, сойылын соққанына жұрт талай куә болған. Бір қызығы, олар жәй күндері халықшыл, тіпті ұлтшыл. Қалай тапсырма түседі, солай табан астында өзгеріп сала береді. Түрлі аймақтардың, мемлекеттік органдардың блоггерлерді пайдалану әдістерін Павлодар облысы әкімшілігі әбден бақылап, зерттесе керек, сондықтан да өзгелердің алдын орап, желі белсенділерін бюджеттің астауын байлауға бел буса керек.

Болат Бақауов әкімшілігінің біз сөз етіп отырған әрекетінен шығатын тағы нәрсе бар. Ол облыс басшылығының аймақтың ішкі саясатына барып тірелетін туындауы мүмкін қоғамдық мәселелерді шешуге қауқарсыздығын әлден-ақ білдіріп, блоггерлерді де сол үшін қамқорына алмақшы. Яғни, халықпен жұмыс істеп, оның талап-тілегін тыңдап, түрлі проблемалардың алдын алудың орнына блоггерлерді қалқан етпекші. Ең қызығы, халықтың ақшасын сол халықтың өзінен қорғануға жұмсауға ниетті. Міне, Бақауовтың басқару үлгісі!

Т.Таған

Дереккөз: “Жас Алаш” газеті

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.