19-06-19 |
2180 рет қаралған
Тыныштық күзеткен батырлардың ерлігі – ел есінде.
Тыныштық күзеткен батырлардың ерлігі – ел есінде

Сақшы болу әр аптаның 7 күнінде, әр күннің 24 сағатында қырағы жүруді талап етеді.  ҚазАқпарат осы талапты ойдағыдай орындап жүрген бірнеше қызметкерлер туралы мақалалар топтамасын жалғастырады.

Орал қаласында полиция подполковнигі Қ.Жақиянов пен аға сержант К.Темірғалиев жолда кетіп бара жатып, тосын оқиғаның үстінен түседі. Деркөл өзенінде балық аулап жүрген жігіттің қайығы аударылып бара жатқанын көрген қос сақшы көлікті бірден өзенге бұрған. Балықшының жүзуге дәрмені қалмағанын түсінген полициейлер бірден суға секіреді. Шұғыл әрекеттің арқасында балықшы жағаға аман шығарылған.

Атырау облысында полиция капитаны Тойғожа Әзбергенов вокзалда адам пышақтап жатқан қылмыскерді тоқтатқан. Ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы 2017 жылдың 18 қарашасында таңғы сағат 5.30-да вокзалдағы айқай-шуды естиді. Асхана жақтан қашып шыққан адам қасындағы досын бөгде біреудің пышақтап жатқанын айтады. Капитан бірден жолаушы нұсқаған жаққа жүгіреді. Келсе, расымен де қанды шайқастың үстінен түседі. Денесі қанға боялған жәбірленушіні қолында пышағы бар қылмыскер соққының астына алып жатқан еді. Полицейге оны тоқтату үшін қарсы айқасуға тура келген. Жауынгерлік амалдар қолдана жүріп, қылмыскерді қолға түсіреді.

Павлодар қаласында учаскелік полицияның аға инспекторы Қайрат Қайырбеков мас адамның 845 мың теңгесін отбасына аман жеткізген. Әкімшілік учаскені тексеру кезінде полиция капитаны дүкеннің маңында сұлап жатқан адамды көреді. Оятпақ болып қасына барғанда оның ес-түссіз мас екенін байқайды. Ояту әрекеттерінен ештеңе шықпаған соң,  көшедегі адамдардың көмегімен оны полция бөлімшесіне жеткізеді. Құжаттарын іздеу кезінде мас адамның қалтасында ірі сомадағы ақша мен құжаттары бар екенін көрген. Оның ұялы телефонынан қызының нөмірін тауып, әкесінің полиция бөлімшесінде жатқанын хабарлайды. Шақыртуға дереу құлақ асып, жедел жеткен қызына әкесінің құжаттарымен қоса 845 мың теңгені қолхат жазғызып, табыстайды.

Ал Қарағанды қаласында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің азаматтық қорғау старшинасы  Ренат Резванов газға уланбақ болған бойжеткен мен көршілерін апаттан аман алып қалған.

2018 жылдың  19 сәуір күні сағат 11.07-де мамандандырылған жасақтың байланыс пунктіне Қарағанды қаласы, Рысқұлов көшесі, 7-үй, 37-пәтерде тұратын қыздың есікті іштен жауып, газдың кранын ашып қойғаны туралы  хабарлама келіп түскен. Барлау кезінде 23 жастағы қыздың 3-қабатта орналасқан пәтерде газ кранын ашып, өзін-өзі өлтірмек болғаны анықталады.  Қызбен бірге көрші пәтерлерге де қауіп төнгенін ескерген Ренат Резванов өрт сөндіру сатысы арқылы пәтерге еніп, еденде ес-түссіз жатқан қызды табады. Сәл кешіксе, газбен ауа қоспасы үлкен жарылысқа айналар еді. Сарбаз бірден газ кранын жауып, бөлмені желдеткен. Оның шалт қимылының арқасныда қыз да аман қалып, алапат жарылыстың жолы да кесілген.

Дереккөз: inform.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.