15-08-19 |
3190 рет қаралған
Сағыныш Медетбекова: Шәкеңді өте жақсы білетін адамдардың естелігін жұрт әлі білмейді.
Сағыныш Медетбекова: Шәкеңді өте жақсы білетін адамдардың естелігін жұрт әлі білмейді

Бүгін – қазақ вальсының королі атанған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осы айтулы күнге орай, 2011 жылы Сағыныш Медетбекованың Шәмші Қалдаяқов жайлы журналист Өміржан Әбдіхалықұлына берген сұхбатын ұсынып отырмыз.

Өткен өмір көрген түстей. Кейде тым тәтті түс. Өткеніңе ой көзімен қарағанда, өткен шақтың сағымға айналған күндерінің ішінен жаныңа тым жақын бір бейне көрінеді. Көңілден кетпеген, жүректен сыры тарқамаған сол бейне ойыңызға оралса, қайта түлегендей күй кешесіз. Жанарыңыз суланып, өткен күндегі белгілерге тесіле қарайсыз…

Сағыныш Медетбекова (суретте). Жетпісті алқымдап отырған қазақ анасы. Ешкімге таныс емес есім. Ал, дәл осы кісі атақты Шәмші Қалдаяқовтың ең жақын досы әрі қазақ «вальсінің королы» атанған композитордың белгісіз сыры мен жырының, анық адами бейнесін нақ білетін көзі тірі куәгер екеніне сенесіз бе? Бірақ бұл шындық. Аурухананың жансақтау бөлмесінде жатқан Шәмшінің көңілін сұрап барған аяулы жанға ұлы композитор мұңайып отырып: «Мені іздеп келген аяғыңнан айналайын» деген екен.

Біз Алматыға сапарлап келген Сағыныш апайға әдейілеп бардық. Айқара ашылған есіктің ар жағында самайын ақ шалған нұрлы жүзді ақсары ана тұрды. Имене кірдік. Жайғасқан соң, бізбен Шәмші туралы әңгімелесуге келісім бергені үшін алғысымды жаудырып, аяғын сауалға айналдырғанымызда ол кісі сөз тізгінін өзі алды.

Өткен өмір көрген түстей. Кейде тым тәтті түс. Өткеніңе ой көзімен қарағанда, өткен шақтың сағымға айналған күндерінің ішінен жаныңа тым жақын бір бейне көрінеді. Көңілден кетпеген, жүректен сыры тарқамаған сол бейне ойыңызға оралса, қайта түлегендей күй кешесіз. Жанарыңыз суланып, өткен күндегі белгілерге тесіле қарайсыз…

Сағыныш Медетбекова. Жетпісті алқымдап отырған қазақ анасы. Ешкімге таныс емес есім. Ал, дәл осы кісі атақты Шәмші Қалдаяқовтың ең жақын досы әрі қазақ «вальсінің королы» атанған композитордың белгісіз сыры мен жырының, анық адами бейнесін нақ білетін көзі тірі куәгер екеніне сенесіз бе? Бірақ бұл шындық. Аурухананың жансақтау бөлмесінде жатқан Шәмшінің көңілін сұрап барған аяулы жанға ұлы композитор мұңайып отырып: «Мені іздеп келген аяғыңнан айналайын» деген екен.

Біз Алматыға сапарлап келген Сағыныш апайға әдейілеп бардық. Айқара ашылған есіктің ар жағында самайын ақ шалған нұрлы жүзді ақсары ана тұрды. Имене кірдік. Жайғасқан соң, бізбен Шәмші туралы әңгімелесуге келісім бергені үшін алғысымды жаудырып, аяғын сауалға айналдырғанымызда ол кісі сөз тізгінін өзі алды.

– Сен баласың ғой. Бәрін тура түсініп қаласыңдар. Мен он сегіз жасымда ерге шықтым. Марқұм күйеуім адамның сарасы еді. Жүз шайыспай өмір сүрдік. Алланың жазғаны шығар, мен отыз сегіз жасқа келгенше бала көтере алмадым. Жиырма жыл бойы. Ауылдағы әйелдер аяғы ауырлап, әр нәрсеге жерік болғанын айтып, бала туралы әңгіме қозғалған жерден тездетіп кетіп қалуға тырысатынмын. Сөйтіп, отыз сегіз жасымда осы Жақсыгүлді көрдім.

Шәкеңмен ол кісінің көзі жұмылғанша отбасымызбен араласып тұрдық. Қазір Шәкең туралы естелік айтатын адамдар көбейді ғой. Бірақ нағыз Шәкең жанында жүрген, ол кісінің адал достары, ол кісіні өте жақсы білетін адамдардың естелігін жұрт әлі білмейді деп ойлаймын. Себебі, қазіргі Шәкең туралы естелік айтушылардың дені кезінде ол кісіні көше композиторы деп атап жүргеннен кейін, Шәкең өмірден өткен соң «Ойбай, Шәмші талант еді» деп естелік айтудан алдына жан салмай жүргендер. Солардың біразы әлі күнге Шәкеңнің ішкенін ғана ертелі-кеш сөз қыла береді. Сол менің жаныма батады. Әрине, Шәкең ішті. Тіпті мас болғанын да көрдім. Бірақ Шәкең естелік айтушылар жазатындай маскүнем болған емес.

Мен білетін Шәкең 1975 жылдан кейін арақты татып алған емес.

Әңгіме дәл осы тұсқа келгенде Сағыныш апайдың көздері жасаурағанын көрдім. Бір сәтке үнсіз қалды. Сәлден кейін үзілген әңгіме қайта жалғанды.

– Осыған дейін Шәкең туралы естелік айтып беріңіз деп хабарласқандарға «Жалпы, осы тақырыпқа мен ешнәрсе айтпай-ақ қойсам» деп келдім. Шәкең туралы айтатын әңгімемде айтылатын да, айтылмайтын да дүниелер бар…  Екі сөйлегім келмейді. Ол кісі туралы өзім де түртіп жазып жүрмін.

Ол кісімен таныстығымыз 1968 жылдан басталады. Шәкең өте қарапайым адам еді. Тіпті ол кісі әр сөзін ойланып айтатын. Біз кейде ойға оралған нәрсені бірден айта салған уақытта, ойыңа не келсе соны айтуға болмайды деп отырушы еді.

– «Сағынышым менің» деген әнін Сізге арнап шығарған дейді рас па?

– Ол рас. Ол әннің сөзін жазған Сабырхан Асанов деген ақын еді. Шәкең, Сабырхан, мен бәріміз қонақтарды шығарып салып тұрғанда

«Тал қасына барсақ,

Таңды күтіп алсақ,

Таңдай аппақ, адал тілектерменен» деген жолдарын Сабырхан сол жерде шығарып еді. Бұл әнді арнап шығарғаны туралы Шәкеңнің өз қолымен жазып қалдырған сөзі бар. Кейін Жақсыгүлдің шілдеханасына тарту ретінде «Жақсыгүл» деген ән  шығарып алып келді. Қазір сол Жақсыгүлді ағайын-туыстар алақандарына салып, аялап отыр. Бұл әннің тұңғыш орындаушысы әнші Зейнеп Қойшыбаева. Қазір кейбір әншілер Шәкеңнің әндерін бабына келтіріп орындай алмай жүргені де жанға батады. Шәкеңнің өзі орындаған бірнеше әні таспаға жазылған күйі сақтаулы. «Тамды аруы» деген әні Алматы-Бішкек тас жолында туған. Мен Шәкеңді Бішкекте күтіп тұрдым. Бішкекке қарай таксимен зулап келе жатқанда туған ән ғой. Шәкеңнің маған осы әнді «Тамдыға бардым. Тамдыдағы елге ән жазамын деп уәде берген едім. Осы әнді Тамдыға арнасам қайтеді?» деп сұрағаны бар еді.

Шәкең Алматы-Шымкент-Тараз бағытында жиі сапарлайтын. Жолда біздің үйге де соғып тұратын. «94-60 АТМ» нөмірлі сары машина алды. «Бұл менің атым ғой» дейтін марқұм. Ол кісі әңгімені керемет айтушы еді. Әнгіме айтқан кезде нұрланып кететін. Ол кісінің жанында отырып әңгімесін тыңдаудың өзі үлкен бір өнеге, үлгі еді.

Бірде үйді ақтап жатқанбыз. Ортада пианино тұрған. О кісінің жұрттың не деп, не істеп жатқанымен шаруасы аз адам еді. Келді де, пианиноны ашып жіберіп, бір әнді ойнай бастады. Сосын «Сағыныш, Болат, мына ән қалай?», деді. Әдемі ән еді. «Фосфорлы Жамбыл» деген әні осылай өмірге келген.

Шәкеңнің өмірі халықтың ортасында өтті. Ол кісінің достары, сыйлас адамдарының бәрі қарапайым адамдар еді. Сол қарапайым мінезі дегеннен шығады. Шарик деген итіміз бар-тын. Сол ит далада қобдишада жататын. Шәкең сонау Шымкенттен сол итке үйшік жасап әкелді. Сол үйшік әлі бар. «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деген сөз осындайда айтылған шығар.

Тағы бірде есік алдындағы жазғы үйде Шәкеңе шай беріп отырғанмын. Бұрыштағы пешке қарап, үнсіз шынтақтап жатқан Шәкең ал кеп, еңкілдеп жыласын. «Не болды?» десем, қолымен ымдап «сұрама» деді. Кейін «Сол кезде неге жыладың?» деп сұрасам, «мен әкеме арнап ән жаза алмай жүрмін ғой» деді.

Шәкеңді қатты сыйлайтын едім. Шәкең ауырып жатыр екен дегенді естіп, бірде Шымкентке бардым. Ауруханадан іздеп жүрмін. Ол кісі инфаркт алып, реанимацияда жатыр екен. Содан әр терезеге барып дауыстап іздеп жүрген менің даусымды естіп, шығыпты. Медбике «Сізге тұруға болмайды» деп зар қағып, алып кетті. Сөйтсем, Шымкенттегі досы Рысбайға «Сағыныш келіпті. Келіп кетші» деп телефон соғыпты. Рысбай келіп алып кетті. Рысбайға мені аман-есен аттандыруды тапсырыпты.

Шындығында,  Шәкеңнің өмірі оңай болған жоқ. Ол кісінің қас-қабағына қарап, күтім жасайтын адам болмады-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, Шәкеңдей адам бәлен жыл гаражда тұра ма?!

Шәкең қазасынан бір апта бұрын хал үстінде жатыр деп естіп, алып-ұшып Алматыға жеттім. Шәкеңе кірсем, аппақ қудай болып, төсектен аяғын салбыратып отыр екен. Мені көріп «Мені іздеп келген аяғыңнан айналайын» деді баяу ғана. Аяқ-қолын уқалап, үйден әкелген дәмнен берейін деп, төсек жанындағы кішкене тартпалы шкафты ашсам, ішінде ешнәрсе жоқ. Қылаяғы кесе мен қасық жоқ. Көп аялдай алмадым. Кетіп қалдым. Содан бір аптадан кейін сенбі күні тағы да бармаққа бекініп, үйдің дәмін дайындап қойдым. Бірақ, Құдайдың құдіреті, ертесінде өзімнен-өзім Алматыға барғым келмей қалды. Артынан естідім, сөйтсем, Шәкең таңертең сағат он бірдің шамасында көз жұмған екен. Алла сездірген ғой. Шәкеңді соңғы сапарға шығарып салуға бардым. ТЮЗ-да адам көп жиналды. Шәкеңнің туған күні 15 тамыз, қайтқан күні 29 ақпан. Осы екі күннің бірінде жыл сайын басына барып тұрамыз.

Әлгінде сөз арасында «Шәкең туралы түртіп жүрмін» дедім ғой. Мүмкін жарық көретін шығар.

Шәкеңнің тұтынған заттарының біразы үйде сақтаулы. Көйлектері, галстуктері және тағы басқа заттары. Мұражай ашылса, өз қолыммен апарып тапсырамын.

 

P.S.

Сағыныш апайдың айтқан әңгімесіне қанағат етіп қайттық. Ал айтылмаған сырлар жүректердің алтын сандығында, әлі сақтаулы сол қалпында қалды. Бізді шығарып салып тұрып айтқан Сағыныш апайдың сөзінен адамның өзі бірге кететін аяулы дүниелер бар екенін ұқтық…

Өміржан Әбдіхалық, «Абайақпарат»

Суреттерді түсірген автор

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.