150 адам қол қойған петицияда тұрғындар елдегі «Қытай жобаларын» жабуды талап еткен. Акцияға келгендердің бірі Нығметбай Ермахановтың айтуынша, тұрғындар президентке хатты 6 қыркүйекте egov арқылы жібермек.
– Біз Жаңаөзенді қолдаймыз! «Қытайдың 55 зауыты» – Қазақстанның болашағына төніп тұрған үлкен қауіп. Билік Қытай жобаларынан бас тартуы керек, – деді қала тұрғыны.
Өзін «Ақтамақпын» деп таныстырған әйел облыс әкімдігі жанындағы наразылық акциясына осымен үшінші күн қатарынан шығып тұр. Оның пікірінше, наразылық танытушылар Қытай халқына қарсы емес – Қазақстанның қазба байлықтарын талан-таражға салған ел билігіне қарсы.
Жергілікті билік пен күштік құрылым өкілдері 5 қыркүйек күнгі акцияны сырттай бақылап қана тұрды. Наразы топ екі сағаттан астам «Қытай экспанциясына жол жоқ!» , «Жаңаөзенді қолдаймыз!», «Оян, қазақ!» деп ұрандатты. Соңында патриоттық әндер айтып, 6 қыркүйек күні тағы да жиналмақ болып келісіп, тарасты.
Дереккөз: Азаттық