11-05-18 |
9760 рет қаралған
«…Кесапат ең алдымен қазақ тіліне тиеді».
«…Кесапат ең алдымен қазақ тіліне тиеді»

Жоғары сынып оқушыларына кейбір жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға қарсылар оны бір-екі айлық курсқа барған мұғалімдер дұрыс түсіндіре алмайды, балаларымыз не анда жоқ не мында жоқ білімсіз болып қалады ғой – дегенді басты уәж ретінде ұстанады. Бұл егер ағылшыншаға жүйрік мұғалім келіп әлгі пәндерді балаға ағылшынша ұғындыра алса көп ата-ана келісе беретін сияқты. Меніңше бұл өте қауіпті құбылыс. Егер мұндай қадам бүкіл қазақ мектебін қамтитын болса, одан келетін кесапат ең алдымен біздің қазақ тіліне тиеді. Жаратылыстану саласында ғылым тілі дамымай қалады. Кеңес дәуірінде алаштан кейін адымы ашылмай еуро бағытқа бас қойған қазақтың ғылым тілі мынадан кейін дамуын мүлдем тоқтатайын деп тұр. Бұл – бір. Екіншіден, мұны реформа деп ұсынып жүрген білім жүйесіндегілер ағылшын тілін білген баланың мыйы артық болады, жаратылыстану пәнін ағылшынша оқыған балаға мый қосылады – деп ойлайтын болса керек. Бұл қате. Шет тілін немесе екінші тіл білген баланың тек ақпарат алу мүмкіндігі ғана артады. Тілден тілдің кемдігі болмайды, оны кеңейту қолданушының өз қолында. Мәселен, физикадағы «Ом заңын» орысша оқы, ағылшынша оқы бәрібір ол сол «Ом заңы» күйінде қалады. Ал ана тілінен алыстаған баланың ертең ұлт жұмысшысы болуы өте қиын. Сонда біз жаратылыстану пәнін жаппай ағылшынша оқыту арқылы ұлтқа екі үлкен кесапат әкелгелі отырмыз:

1. Қазақ тілінде ғылым тілінің дамуына, термин қорының толығуына тосқауыл қоямыз. Ал бұл – тілдің өмір сүру формасын тежеу, тоқтату деген сөз.

2. Жаратылыстану саласында ана тілінде, оқып жаза алатын мамандар, ғалымдар бірте бірте түгесіп, жоқ болады, қазақ кеңістігін ұлттың қадір – қасиеттен жұрдай, рухани құндылықтардан материалдық дүниені жоғары қоятын, барлығына тек тауар ретінде ғана қарайтын космонолиттенген ұрпақ жайлай бастайды. Сөйтіп ана тілінің қадірін қолдан қашыру арқылы, ұлттың жойылуына қарай аяқ бастаймыз.

Тілдің екі жүзден аса анықтамасы бар. Алғашқысы, тіл – қатынас құралы деп басталады. Ал бала үшін ана тілінің, қазақ үшін ұлт тілінің, қазақ елі үшін мемлекеттік тілдің анықтамасы бұдан мың есе кең. Қазақ тілі қазақ мәдениетінің сақталатын орны, жеткізілетін құралы. Қазақ тілі ұлттың ұлт ретінде сақталуының кепілі, тарихы, болмысы. Қазақ тілі ұлттың ішкі мазмұны, яғни – өзі.

Қазақ мектептерінің саны өсіп, түлектер саны 80 пайызға жетіп өзі – ақ төменнен түзеліп келе жатқан оң үдерісті қолдаудың орнына ішінен бүлдірмекпіз. Бұл қалай? Осыған мыйымның жетпей отырғаны…

Бижомарт Қапалбек

Дереккөз: Abai.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.