25-09-19 |
4340 рет қаралған
Билік: Мемлекеттік тіл – менің тілім емес.
Билік: Мемлекеттік тіл – менің тілім емес

Биыл тіл туралы заң қабылданғанына жиырма жыл толды. Осыған орай бірнеше жиын өтіп, әдеттегідей бір топ адам «қазақ тілінің көсегесін көгертуге көп күш салғаны үшін» медаль алды, марапатталды. Биліктің қолынан әйтеуір әлдене не дәметіп, биліктің үнемі назарында болуды қалайтын адамдарға не берсе де ала беретіні баяғыдан мәлім. Бұл жолы олар қазақ тілінің өрісі кеңеюі өршілдікпен күресіпті. Сол еңбегін билік елепті. Бірақ қазақ тілі үшін қайғы беріп қайғы қалған «қайраткерлердің» көптігінен және олардың ел білмейтін, ешкім көрмеген, естімеген, көзге түспеген «күрестерінен» еш нәтиже шықпады. Қазақ тілі сол қалпы – Қазақстанның босағасында тұр, есік сыртында. Қазақ тілінің жалған әрі ауызбен орақ орған «жанашырларына» тілдің шын халі аса маңызды емес. Оларға керегі – тіл жанашыры болып көзге түсу, жиындарға қатысып ауыздығы сөз бермей, тіл туралы дізесі шыққан баяғы әләулайымды мың бәленбайыншы рет қайта айту. Билікке керегі – осы. Қазақ тілінің мәселесі көтеріліп, айтылып, сөз болып жатқанын көрсетуге таптырмайтын тәсіл. Өткенде белгісіз бір топты шақырып алып, медаль үлестірудегі мақсатта – сол: билік тілдің жайына бей-жай қарамайды дегенді ымдау. Бір сөзбен айтқанда, қоғамға қазақ тілінің қамқорысынып көріну биліктің баяғыдан келе жатқан ескі әдеті. Алайда билік мемлекеттік тіл мәселесінде нақты іске барып, мәселен, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдап, қазақ тілінің тұтыныс, қолданыс ортасын кеңейтіп, тіл полициясын құрып, ақыр аяғы конституциядағы орыс тілінің мәртебесін жоюға дейін баратын нақты іске ешқашан барған емес. Бармайды да. Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде Тоқаев табандылық көрсетпесі ә дегенде белгілі болған. Ол қазақ тіліне қатысты Назарбаевтан қалған өгей тіл саясатын одан әрі жалғастырып отыр. Иә, президент Қытайға барған қазақша сөйледі; үкімет жиыны қазақша өтті деп келетін елді әбден ығыр қылған әдісті билік әлі де қазақ қоғамына күштеп сіңіріп жатыр. Ондағысы мемлекеттік тілді қолдануды мәселе жоқ. Мемлекеттік тіл өз биігіндедегенді көрсету және астарында «тіл, тіл» деп көз жастарыңды көлдетпеңдер» деген зеку де жатыр. Бір жағынан өзгермеген биліктен тіл мәселесінде өзгеріс күту әбестік, әрине. Оның мысалын президент Қ.Тоқаевтың жолдауындағы мына сөзден-ақ көруге болады: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін”. Яғни президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі әйтеуір көтерілетініне, тұтас қоғам сол тілде сөйлейтін бір заман келетініне сенеді. Болды. Бұл не деген сөз? Бұл – билік мемлекеттік тіл мәселесін шешу үшін ештеңе істемейді деген сөз. Билік те қазақ халқы секілді үміттеніп отыра бермек. Билікке осы қолайлы. Өйткені…

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:

– Бұл өзі баяғыдан белгілі нәрсе: қазақ тіл шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесін жетсе, біздің шенеуніктердің бәрі жұмыссыз қалады. Биліктің тілі – орыс тілі. Сондықтан олар өз тілдерінен айырылса, бәрінен айырылатынын біледі. Мемлекеттік тіл мәселесінің ең негізгі кедергісі – осы.

Шынында да биліктің әрекетінен оның «Мемлекеттік тіл менің тілім емес» деген емеурінді анық көруге болады. Мысалы, айталық, экс-президент Н.Назарбаев мемлекеттік тіл мәселесінде көп сөз айтты, тіпті «мемлекеттік тілді қолдау қорын» құрды. Уақытында Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен қазақ зиялылары үнемі тіл мәселесін көтеретін еді. Бірақ өкінішке қарай ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мемлекеттік тіл мәселесінде билік нақты ешбір қадамға бармады. Алдағы уақытта да ондай қадам жасалмайтыны Тоқаевтың жолдауынан түсіндік. Айтпақшы, жолдау тіл тағы бүй дейді: Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында! Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамайжұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн”. Жарайды, елдің бірлігі бір тілде – мемлекеттік тілде сөйлеу емес, оның әралуандығында-ақ бола қойсын. Этникалық топтардың тілін дамытуға жағдай да жасалсын. Ал сонда қазақ тілінің мәселесін үнемі көтеретін қазақ қоғамы ғана президенттің ойынша, даңғаза жасап жүреді екен. Керек десеңіз, этникалық топтардың мәдениеті мен тіліне жасала береді деген жағдайды қазақ тіліне қимаған. «Жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген сөз – «қазақ қазақпен қазақша сөйлессіннің» бір түрі ғана.

Даңғаза демекші, қазақ тілінің мәселесін биліктің де қоғамның да алдында жылауық халге жеткізген біздің атақ пен даңқ қуған популистер. Қазір өі популистердің айы оңынан туып тұр. Айтатындарды баяғы әні: совет өкіметі кезінде, тіл туралы заң қабылданарда қалай күрескендері, сол заманда қазақ мектептерін ашуға, тіл ұйымдарын құруға қалай күрескендері. Жарайды, күрескен екен. Біреудің тілі емес, өз тілі үшін күресті. Бірақ біздің «тіл жанашырлары» сол күрестерінен әлі мал тауып, биліктің «бауырсағынан» жеп отырғысы келеді. Тіл «қайраткерлері» өткенімен өмір сүріп жүрген бір топ. Бұлар нақты әрекетке бармайды. Тек сөз, ұрандаған, жылаған қызыл сөз. Әрі кетсе, ашық хат жазады. Осы әрекеттерін талмай қайталай береді, қайталай береді. Әйтеуір әр жерде «тілім» деп зарлап қалса, көзге түссе, кейін жиындардан қалдырмаса сөйтіп «тіл жанашыры» деп шақырса, таныстырса бар мақсат – осы. Сондай-ақ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі деген ұйым бар екен. Өткенде бір топ «қайраткерлерге» медаль таратты. Бәрі баяғы совет қазақтары. Осы көзге көрінбейтін, не істеп не қойып жатқаны белгісіз ұйымның о бастағы құрылуы сұраныстан туып, қолда тапқан екен. Бірақ кейін билік ұйымның халықтық болып кетуінен секемденіп, өзінен икемдеп алғандай. Көзге көрінбейтін құпия ұйым секілді жым-жырт жататыны да содан болса керек. Әрине, керек кезде биліктің бастамаларын қоғамдық ұйым есепті қолдап жіберетін шығар. Бұл ұйымнан не тындырғанына жауаптары да дайын екені күмәнсіз. Бірақ қазақ тілі – мемлекеттік тілдің мәселесі сол қалпы шешілмей келеді. Бұл «тіл жанашырлары» мен тілге қатысты ұйымдардың жұмыстарының нәтижесі қандай екенінің дәлелі.

Кейінгі кезде мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау туралы әңгіме болып жүр. Тіпті кейбір сенаторлар да мұндай заңның керектігін өзара айтысып, мақұлдас болған көрінеді. Оның үстіне ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің де ішінде бұл әңгіме сөз болған. Бұл кезекті үміттендіру ме әлде қазақ қоғамының саясиланып бара жатқандығынан туындаған дүние ме оны уақыт көрсетер. Алайда бір күдік бар. Ол – мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаған күннің өзінде ол заң орындала ма? Орыс тілінің конституциядағы және қолданыстағы орнын алмастыра ма? Мәселе – cонда. Әзірге қазақ тілі үстіне латын әліпбиін киіп, бір қолына орыс тілін, бір қолына ағылшын тілін ұстап тұр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.