03-05-18 |
10540 рет қаралған
Келісу комиссиясын құру жұмыс берушінің міндеті.
Келісу комиссиясын құру жұмыс берушінің міндеті

Бұрын жұмыс беруші мен жұмыскер арасында келіспеушіліктер туындаған кезде дауға қатысы бар тараптың біреуі бұзылған құқықты қорғау үшін тікелей сотқа жүгінуге құқылы еді. Енді жаңа Еңбек кодексінде жеке еңбек дауын шешу үшін алдымен келісу комиссиясына барып, одан кейін ғана сотқа жүгіну тәртібі көзделген.

Еңбек кодексінде жеке еңбек дауларын келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелерді немесе келісу комиссиясының шешімі орындалмаған кезде шешілмеген дауды сот қарайтындығы көзделген, яғни баламалы құзыреттілік жойылған. Тиісінше талапкерлер сотқа талап арыздарды бермес бұрын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтаулары тиіс. Осындайда сотқа жүгіну үшін арнайы мерзім көзделген.

Айталық, жұмысқа қайта алу туралы дау туындаған жағдайда жұмыс берушінің еңбек шарты тоқтатылғандығы туралы актісі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай ішінде, ал сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша жүгінген кезде немесе келісу комиссиясының шешімі еңбек шартының тарапымен орындалмаған кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап екі ай ішінде сотқа жүгінуге болады.  Ал, өзге еңбек даулары бойынша – жұмыс беруші немесе жұмыскер өз құқығының бұзылғандығы туралы білген не білуі тиіс күннен бастап бір жылдық мерзім ішінде дауласуға құқылы.

Кодексте келісу комиссиясы ұйымда, оның филилалдарында және өкілдіктерінде тепе-тең негізде, жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан құрылатын тұрақты түрде қызмет ететін орган болып табылатындығы белгіленген.  ЕЕ сандық құрамы, оның қызмет ету тәртібі, делдалдық етушіні қатыстыру мәселелері жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдері арасында жасалған жазбаша келісімде немесе ұжымдық шартта белгіленеді.

Келтірілген нормадан келісу комиссиясын құру жұмыс берушінің міндеті екендігін аңғаруға болады. Оған қоса заң шығарушы келісу комиссиясы құрылмаған жағдайда жеке еңбек дауларын қарау мерзімінің есептелуі келісу комиссиясы құрылғанға дейін тоқтатылатындығын көздеген. Сөйтіп, еңбек дауы туындап, келісу комиссиясы болмаған кезде жұмыс беруші келісу комиссиясын құра алады, осындайда арызды, талап арызды беру мерзімі өтіп кетпейді.

Заңда келісу комиссиясын құру үшін нақты мерзімдер белгіленбеген, алайда жұмыс беруші келісу комиссиясын құру уақытын әдейі ұзартып, заңда белгіленген құқықты теріс пайдаланбай қисынды мерзімдерді басшылыққа алуы тиіс. Осы ереже тек шағын кәсіпкерлік субъектілері мен заңды тұлғаның атқарушы органының басшыларына ғана таралмайды. Соған сай егер де жеке еңбек дауының тарапы шағын кәсіпкерлік субъектісі немесе мысалы, заңды тұлғаның директоры болатын болса дауды келісу комиссиясының шешімінсіз шешуге болады.

С.СүЛЕЙМЕНОВА,

Астана қаласы

Алматы аудандық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.