06-05-18 |
5780 рет қаралған
Сот төрелігін қашықтықтан атқарудың тиімділігі зор.
Сот төрелігін қашықтықтан атқарудың тиімділігі зор

Электронды сот төрелігін дамытудың негізгі бағыты Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында және Cудьялардың VII съезінде айтылған болатын. Электронды сот өндірісін іске қосудың негізгі мақсаты тұрғындардың сотпен байланысын жеңілдету, олардың өздеріне қолайлы кез келген уақытта сот төрелігіне жүгінуіне жағдай туғызу, сот үрдісінің ашық, айқын жүзеге асып, заң үстемдігін орнату екені белгілі.

Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасының барлық соттарына «Сот кабинеті» сервисі, «Электронды шақыру қағаз», «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, «SMS–хабарлама» сервисі, бейнеконференцбайланыс арқылы азаматтарға іс жүргізу барысын қашықтықтан бақылауды жүзеге асыру секілді жаңа ақпараттық технологиялар қызметке енгізілді.

Азаматтар мен ұйымдардың сот органдарымен электронды түрде байланысуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті 2014 жылдан бастап сот ісін жүргізудің барлық бағыттары бойынша электронды түрде 50-ден астам қызмет түрлері ұсынылатын «Сот кабинеті» ақпараттық сервисін іске қосты және ол сәтті жұмыс істеуде

Бұл сервис күн өткен сайын жетілдіріліп келеді, соның арқасында аз уақыттың ішінде сот жүйесінің басты электронды сервисіне айналды. Бүгінгі таңда азаматтарға қолайлы жағда туғызу үшін сот бұйрығын шығару туралы арыздарды жолдауға бөлек сервис жасалды. Сонымен қатар, азаматтық және қылмыстық істер бойынша оңайлатылған тәртіппен шығарылған шешімдердің күшін жою туралы арыздарды, мемлекеттік бажды қайтару туралы арыздарды, жеке айыптау шағымдарын, үкім орындалуға дейін сотталушы азаматпен кездесуді беру туралы арыздарды жолдау үшін бөлек сервистер енгізілді.

Сондай-ақ, «Сот кабинеті» электрондық сервисін ілгері дамыту және жаңарту мақсатында, сот органдарының сервисіне кіруді қамтамасыз ететін «Сот кабинетінің мобильдік нұсқасы» қосымшасы әзірленді. Сот жұмысына мұндай жаңа ақпараттық технологияның енгізілуі арызданушы азаматтар мен сот қызметкерлері арасындағы тікелей қарым-қатынасты болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жағдай жасайды.

«Сот құжаттарымен танысу» сервисі сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін электрондық сот құжаттарымен танысуға арналған. Электрондық хабарлауға келіскен жағдайда тулғаның ұялы телефонына немесе электрондық поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен сайт арқылы таныса алатындығы жөнінде логин мен құпия сөз көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл кезде азаматтар сот құжатын алу үшін сотқа барып уақытын кетірмейді, қаражатын шығындамайды.

Тағы бір ерекше жаңалық – бүгінде дыбыс-бейнежазба құрылғыларының көмегімен сот төрелігін қашықтықтан іске асыру тетігі дамытылып келеді. Бейнеконференцбайланыс жүйесі аумақтық және аудандық соттар араларындағы дистанциялық оқыту шараларын және семинарларды өткізуге, сонымен бірге, қашықтықтан қатынасу тәсілімен сот төрелігін жүзеге асыруға жол ашты. Бұл өзгеріс қаржылай шығыстарды үнемдеуге, сотталғандарды жеткізуімен байланысты қауіптерді болдырмауға, сотталғандарды немесе айыпталушыларды сотқа жеткізбей-ақ сот мәжілісін өткізуге мінсіз мүмкіндік тудырды. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн режимінде Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінен келіп түскен 622 материал қаралды.

Сот жүйесіне енгізілген барлық ақпараттық сервистер мен жаңа құрылғылар азаматтарға қолайлы жағдай туғызуға бағытталған. Бұл өзгеріс іс жүргізу барысын әр азаматтың кез келген уақытта, кез келген жерден бақылауына мүмкіндік береді.

 

Эльвира ТЕМІРНИЯЗОВА,

Батыс Қазақстан облыстық

сотының кеңсе меңгерушісі

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.