12-05-18 |
4950 рет қаралған
Сотқа қарсы сөйлегенің – төрелікті сыйламағаның!.
Сотқа қарсы сөйлегенің – төрелікті сыйламағаның!

Әділдік салтанат құратын, іс таразыланатын ортаны сыйлау әр қазақстандықтың міндеті. Өйткені, судья мемлекет атынан шешім шығаратын, үкім оқитын құзырлы тұлға. Ал, сотты құрметтеу, судьяға бағыну дегенді әркім әрқалай түсініп жатады. Бұл сөздің мағынасын түсіндіріп, азаматтардың сотқа деген жауаптылығын көтеру үшін үнемі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып, ашық есік күндеріне мұрындық болып жүрміз.

Айталық, сотта екі тараптың дауы таразы басына түскенімен, сол дауды шешуге екі-ақ адам қатыспайды. Осы шақыртылған азаматтың бірі келмей қалса сот отырысын кейінгі шегеруге тура келеді. Мұны көп азаматтар түсінбейді. Сөйтіп, сот шақыртуын алған күннің өзінде тым-тырыс жатып алады. Немесе қоңырауға жауап бермей, үнсіз жатып алады. Бұл сотты құрметтемеудің жарқын көрінісі. Осы әрекеті арқылы азамат сотқа қатысатын барлық тұлғаны сыйламай, судьяны құрметтемей отыр. Мұндай жағдайда іске төрелік ететін қазының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 653-бабын немесе Қылмыстық кодекстің 410-бабын басшылыққа ала отырып құқық бұзушыны жазаға тартуға толық құқығы бар.

Яғни, сот шақыруына дәлелді себептерсіз келмеген, сот отырысында төрағалық  етушінің өкімдеріне бағынбаған, сотта  белгіленген қағидаларды бұзған жандар, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемеу белгісі анық көрінетін өзге де әрекеттер үшін жоғарыдағы баптар қолданылады. Соның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 653-бабына сәйкес, құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты және тұлғаның кінәсіна  байланысты айыпты тұлғаға алдымен ескерту  жасалуы,  не жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Орынсыз әрекет жасағандарды бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы да ескерілген. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған болса отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Қылмыстық кодекстегі жаза ауыр. Бұл құжаттың 410-бабында көрсетілгендей,  сот талқылауына қатысушыларды қорлауған, сотты құрметтемеген тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жаза белгіленеді.

Ал, судьяны, сонымен бірге, тең құқық иеленген алқабидi қорлаудан көрiнген іс-әрекет үшін айыпты жанға бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартып не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар белгінеді,  немесе тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы тағайындалады.

Заң  талаптарына сай, сот отырысында төрағалық етушіге судьяға азаматтық процестін дұрыс  жүргізілуін  қадағалау, басшылық ету  уәкілдігі берілген. Сондықтан, сот залындағылар төрағалық етуші судьяның талабына бағынуы қажет. Осы бапқа байланысты, судья сот отырысы залына кiрген кезде залдағы қатысып отырған адамдар орындарынан тұрады. Сот шешiмiн немесе ұйғарымын сот отырысы залында қатысып отырғандар түрегеп тұрып тыңдайды. Іске қатысатын адамдар мен сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар судьяға «Құрметті сот» деп сөйлейді. Сондай-ақ, түсініктемелер мен айғақтарды, сұрақтар мен оларға жауаптарды процеске қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен түрегеп тұрып беруі тиіс. Бұл қағидадан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкiн.

Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар сот отырысы залындағы тәртіпті сақтауға міндетті. Iстi талқылау кезiнде тәртiпті бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды. Тәртiптi қайталап бұзған жағдайда iске қатысатын адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот талқылауының барлық уақытына немесе оның бiр бөлiгiне сот отырысы залынан шығарып жiберiлуi мүмкiн. Төрағалық етушi соңғы жағдайда сот отырысы залына қайта жiберiлген адамды ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырады. Сот отырысы залына қайта оралған адамдар олар болмаған кезде зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беруге және іске қатысатын басқа адамдарға сұрақтар қоюға құқылы. Ал, іске қатыспайтын және сот отырысы залында қатысып отырған адамдар қайталап тәртіп бұзса төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарып жіберіледі.

Бұл талаптардың орындамауы сотты құрметтемеушілік болып саланады және заңды түрде жауапкершілікке тартылады. Әрі мұндай тәртіпке баршамыз бағынуға тиіспіз. Өйткені, әркім өз бетінше сөйлейтін, эмоцияға ерік беретін, қалаған кезде тұрып, көңілі соққан кезде залдан шығып кететін ортада төрелік те тура жасалмайды.

Б.ТУЛЕУОВ,

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотының

аға сот приставы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.