12-05-18 |
5380 рет қаралған
Әйелдер жәбір көргенін жасыруға мәжбүр.
Әйелдер жәбір көргенін жасыруға мәжбүр

Мемлекетімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру мақсатында келелі шаралар атқарылуда. Әсіресе, әйелдерге қатысты әлімжеттікті азайтып, нәзік жандылардың құқығы мен бостандығының тапталмауын көздеген еліміз құқықтық құжаттардың, заңнамалардың талапқа сай жасалуына көңіл бөліп отыр. Сондай игі мақсатпен жасалып, қолданысқа енгізілген құжаттың бірі «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңы. Бұл заң әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың  алдын алуға мүмкіндік туғызуымен құнды.

Өкініштісі сол, қазақы менталитет отбасындағы дау-дамаудың жабулы қазан жабулы күйінде қалуына ықпал етуде. Құдай қосқан қосағынан зәбір көргендердің көпшілігі болған жайтты жасырып қалуға мәжбүр. Мысалы, сарапшылардың мәліметінше, еліміздегі әрбір үшінші әйел психологиялық, ал, әрбір жетіншісі физикалық, тоғызыншысы экономикалық, оныншысы сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Мұндай жайттар нәзік жандыларды қорғау шараларын одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді. Елімізде ажырасулар санының өсуі де осы мәселемен тығыз байланысты екені жасырын емес. Соның салдарынан  бүгінде жалғызбасты аналар қатары басым. Сондықтан, әйелдер қауымы қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын білуі, соған сай заңды құқықтарын қорғауға ұмтылуы тиіс.

«Көш жүре түзеледі» демекші, еліміздің гендерлік саясаты әлемдік үрдістер бойынша жаңғыртылып, қоғамдық саяси құрылымдарда әйелдердің қатысуын арттырудың маңызды аспектілері бойынша құқықтық база қалыптасуда. Мәселен, Қазақстан 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ конвенциясына қосылып, «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекітті. Осындай қадамдар гендерлік саясатты жүзеге асыруға оң ықпал етуде. Гендерлік саясат ең алдымен мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі, мемлекетіміз адам құқықтары бойынша алпыстан аса халықаралық келісімшартқа қол қойды. Республиканың барлық өңірінен әйелдерге арналған зорлық-зомбылыққа қарсы Дағдарыс орталықтары ашылды.  Нәзік жандылардың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналмауы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жіті назарында.  Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі 2016 жылы Парламенттегі әйел депутаттарының саны бойынша Қазақстан дүниежүзінде 144 мемлекеттің арасында 48-орынға шыққанын көрсетіп отыр.

Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасы­лық және гендерлік саясат тұ­жы­рым­дамасы бекітілген. Аталған шаралардың бәрі қыздарымыз бен аналарымызды ерекше сыйлай­тын дәстүрлі үрдісі бар қазақ қоғамында гендерлік сая­сат заманауи реңкпен жүзеге асып жатқанына дәлел бола алады. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақ мешеу болып қалмаймын десең, тағылымыңды, бесігіңді түзе, оны түзеймін десең, әйелдің халын түзе» деген екен. Әйел затының қоғамдағы орны мен оған жасалар сый-құрметтің жоғары болу қажеттігін  жазушының осы сөзінің өзі-ақ аңғартып тұрған жоқ па?!

Анар Толықбаева,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.