23-12-19 |
1690 рет қаралған
Қаринді Қонаевқа теңеу кімге керек?.
Қаринді Қонаевқа теңеу кімге керек?

фото: forbes.kz

Әлеуметтік желінің бірі – фейсбукте президент кеңесшісі Ерлан Қаринді Дінмұхаммед Қонаевқа теңеген, екеуінен әлдеқандай ұқсастық тапқан жазба жарияланып, ол қызу талқыға түсті. Белгілі адамдар бұл жазба туралы ойларын жалпыға жария етті.

Әнуар Шотбай есімді қолданушы президент кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы мен Дінмұхаммед Ахметұлының өзара ұқсастықтарын байқағанын парақшасында жазып, суреттерін салған.

Кейін автор жазбасын парақшасынан алып тастаған. Бірақ жазба туралы пікірлер бәрібір толастамады. Мәселен, «Республика» қозғалысының жетекшісі, журналист Бэлла Орынбетова жазбаны қиып алып, өз парақшасына жариялап: «Автор постын алып тастапты. Бірақ бұл скринді әдейі саламын. Мұндай жағымпаздық өте ұят екенін, оған бой үйретуге болмайтынын айту үшін» деп жазды. Және #Жағымпазболма  деген хэштег қойды.

Ал белгілі журналист, «Ақ жол» партиясының орталық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы: «Ерлан Қарин ТВ төрағалығынан кеңесшілікке кеткенде екі сағатта (әдетте екі-үш күн уақыт керек) ол жайында бейнеролик дайындап, оның ғажап басшы болғанын баяндаған жігіттер енді Ерекеңді Қонаевпен салыстыра бастады. Түрлерінен ұқсастық іздеп әуре. Қолдан әулие жасауға болмайды, жігіттер! Әлеуметтік желі әлемінде біраз «ерботтардың» бар екенін білеміз. Тым болмаса бұлай ашық кетпесеңдерші!» деп жазба жариялады.

Қызу талқыға түскен жазбаға белгілі журналист, «Азаттық радиосының» қызметкері Қасым Аманжол да ойын жазды.

«Бүгін бір інішек қызды-қыздымен президент кеңесшісі Қаринді Қонаевпен теңеп, қатар тұлға дәрежесінде сипаттап төгіліпті. Ұят әрекет. Жігіттер, ар-намыстарыңды жастай сақтаңдар» деп жазады Қ.Аманжол.

Осылайша, Әнуар Шотбайдың Ерлан Қаринді Дінмұхаммед Қонаевқа ұқсатқан жазбасы желідегі жұрттың талқысына түсті.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.