12-05-18 |
9430 рет қаралған
Бала құқығы басты назарда.
Бала құқығы басты назарда

Бұрын бала сырттағы, танымайтын жұрттан қорғанатын. Бөгде адамның жанында жүрмеуді, айтқанына ермеуді, сөзіне сенбеуді біз де шегелеп тапсыратынбыз. Ал қазір жасөспірімдер өзгенің емес, өзінің ет жақындарының қорлығынан жапа шегуде. Ұл-қызына қол көтеретін, таяққа жығатын, құқығын шектейтін ата-ана қазір аз емес. Көпбалалы отбасылар бұрын кішісін үлкендерінің тәрбиесіне қалдырып, алаңсыз жұмысын тындыратын. Бүгінде «екі көзіңнің бірі жау». Кішкентайға қамқорлық көрсетеді деген үлкен балалардың қиянатын естігенде төбе шашың тік тұрады. Негізі «адамның құқығын қорғау баланың құқығын қорғаудан» басталатынын еш ұмытпауымыз керек. Сондықтан, балаларға қарсы жасалған қылмыстарға дәрежесіне байланысты тиісті заңнамада жазалар түрі белгіленген.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның Балалар қоры бастаған бірнеше мекеме елімізде жаңа коммуникациялық жобаны қолға алды. Бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы балаларды, ата-аналарды, жалпы қоғамды жүйелі ақпараттандыру жұмыстары болса, екінші бөлім заңға қайшы әрекет жасаған балалардың құқығын оң бағытта қорғау, қолдау және түзетуді көздейді. Пилоттық жоба әзірге елдегі бес қалада жүзеге асады. Жоба бойынша отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, балаларды бақылауда ұстау, білім беруге ата-аналардың қатысуы мектеп өміріне белсенді қатысу ғана емес, олардың міндеті екенін ата-аналар арасында түсіндіру, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себеп-салдарын анықтау, оның алдын алу және болдырмау жолдарын қарастыру, сонымен қатар білім беру мекемелерінде тәрбие жұмыстарын жандандыру, ата-аналарға байланысты жұмыстарды жақсарту, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін назарға алу қарастырылған. Яғни, ата-анаға қолдау көрсетуді және бала тәрбиесінде бағыт-бағдар беруді мақсат етеді. Сарапшылар бұл бастаманы қолдап отыр. Өйткені, олар көп ата-ана баласына қол жұмсау арқылы оны тек физикалық қана емес, психологиялық ауруларға да душар ететінінен бейхабар екенін айтады. Бүлдіршіндердің ең бақытты балалық шағында агрессиямен, зұлымдықпен бетпе-бет келуі, өмірдің жаман тұсын ерте көруі алаңдатарлық мәселе.

Жалпы, балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық – физикалық, эмоционалды, сексуалды түрде болады. Мамандардың пікірінше, баланы ширату мақсатында жылу, мейірім білдірмеу, қамқорлық көрсетпеу де оған жасалған қиянат. Физикалық зорлық – балаға қасақана түрлі дәрежедегі жарақаттар салу. Сексуалды зорлық – баланы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, физикалық қатынасқа түспесе де, өзінің ұятты жерлерін көрсету, порнографиялық мазмұндағы бейне жазбаларға түсіру. Эмоционалды зорлық – балаға дұшпан ретінде қарау немесе мүлде елемеу арқылы оның өзіне сенімділігін жоғалтуына, өзін басқалардан төмен санауына, патологиялық мінездің қалыптасуына және сол арқылы қоғамға сіңісе алмауына себепкер болу.

Өкініштісі, осыны ата-аналарға түсіндіру жұмыстары кемшін. Сондықтан, балалар құқығының талапқа сай қорғалуына көңіл бөлу уақыт күттірмейді.

Қалима ДУАНБЕКОВА,

Алматы облысы №2 кәмелетке

толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған

 ауданаралық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.