Айтжан Тоқтаған – елімізге белгілі күйші, көптеген шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. Өзінің сан жылғы тәжірибесі арқасында ондаған кітап жазып, белгісіз деген күйлерді нотаға түсірген танымал өнерпаз. Arasha.kz тілшісі Айтжан Есенұлымен арнайы кездесіп, бүгінгі күндегі күйшілік өнердің хал-ахуалы жайында, жақында аталып өтілетін «Домбыра күні» туралы пікірін тыңдап, сұхбаттасып қайтты.
– Айтжан аға, Сіз Совет кездің білімін көрдіңіз, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы білім беру жүйесінің жағдайы да есіңізде шығар. Қазіргі кезде де шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Осы тәжірибеңізді ескере отырып, аталған үш уақытта дәстүрлі музыка жағдайы, оның зерттелуі, насихатталуы жайына тоқталсақ. Қандай айырмашылықтар бар, әр кездің өзіне ғана тән қандай ерекшелігін айта алар едіңіз?
– Домбыра туралы әңгімені ақсақалдардан бастау керек. Домбыраны алғаш ғылыми түрде зерттеп, этномузыкатану ғылымын қалыптастырған Ахмет Жұбановты айтамыз әуелі. Сол ғалымның өткен ғасырдың басында бастаған игі жұмыстары осы күнге дейін азық болып келе жатыр. Ол кезде алғаш оркестр құрылды, консерватория ашылды. Осының бәрі де домбыраны насихаттауға арналған істер еді. Шынын айтқанда, сол жаман болған жоқ қой. Біз кейде пендешілікпен «совет үкіметі анау-мынау» дейміз, бірақ сол уақытта домбыра тәп-тәуір насихатталды.
– Мысалы…
– Мысалы, 70-80 жылдары кез келген үлкен (үкіметтік) концерттерде міндетті түрде домбырашы жеке орындаушы ретінде шығатын. Міндетті түрде халық әнін айтатын жеке әнші болатын. Ол бір заңдылық еді. Сонда да біздің көңіліміз толмай жүрді. Ал қазір қалай? Жеке домбырамыз, күйіміз, әніміз қалып барады. Кейде күй шоуға айналып бара жатыр. Концерттік бағдарламалар дайындап жүрген адамдар халыққа қызықты болсын деп «шоу жаса» дейді. «Жеке емес топ болсын» дейді, топпен орындасаң «тобың көбірек болсын» дейді. Бесеу, жетеу, тоғыз, он алты, жиырма бес, алпыс домбырашыға дейін шығардық. Сол алпыс адам отырып бір күйді соңына дейін орындай алмайды. Әр күйдің басын шалып, жеті-сегіз күйді қысқа қайырып шығады. Ол дегеніміз ертең табиғи күй халық арасында тыңдалмай қалуы мүмкін деген сөз. Бұл ретте ұтарымыздан ұтыларамыз көбірек деп ойлаймын.
– Енді қандай амал бар?
– Меніңше, оқу жүйесі болсын, концерттік бағдарламалар болсын барлығын қайта-қайта қарап, талдап отыру керек. Арнайы орындар қажет-ақ. Бұрын «Худсовет» деген болды. Біреу музыка жазса, шығармашылық кеңестегі үлкен ақсақалдар тыңдап, сахнаға шығаруға бола ма, болмай ма дегендей рұқсатнамаларын беретін еді. Қазіргі жағдай белгілі. Кез келген нәрсе алтын емес қой. Осыны кішкене болсын бір жолға салып, іріктеу жүргізу керек-ау.
– Үлкендер деп айтып қалдыңыз. Сіз көптеген атақты күйшілерді көрдіңіз. Олардан тәлім алдыңыз. Жас күйшілер үшін бұл өте қызық деп есептейміз. Сол бір кездерді еске түсіре отырсаңыз.
– Ол ақсақалдар көп сөйлемейтін, іске бейім еді. Күйіңді тыңдап отырып, қателескен жеріңді тез тауып алып, сол жерде түзетіп беретін. Және қатты ескерту жасайтын. Олар жалпы күйдің өң-бойына өте ұқыпты қарайтындар еді ғой. Сондықтан Қалекең (Қали Жантілеуов) 90-ға келсе де Дәулеткерейдің «Жігерін» қалай тартатын?! Сол сияқты Рүстембек Омаров та керемет әңгімешіл адам еді. Охап Қабиғожиннің тікелей шәкірті. Дәстүрлі өнерді өз деңгейінде сақтағандар еді ғой. Айта берсе көп-ақ. Кейінгілерді айтсақ, Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, одан бері құрдасымыз Қаршыға Ахмедияров. Бәрі де күйді насихаттап, биік деңгейге жеткізгендер. Менің ойым, енді кейінгі інілеріміздің міндеті осы марғасқалардың еңбегін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа табыстау керек.
Мен жоғарыда айтқан ағалардан көрген қасиетті қазіргі қоғамда көп көре бермеймін. Айттым ғой, олар іске бейім еді. Қазір өкінішке орай, іс емес сөзіміз көп болып кетті. Бұл, әрине, дәстүрлі музыкамызға да өз кесапатын тигізіп жатыр.
– Іні деп қалдыңыз. Сол інілеріңіздің көбі өзіңіздің шәкіртіңіз. Еліміздің қай өңіріне барсақ та Айтжан Тоқтағанның шәкіртімін деушілер көп. Және олардың барлығы алдыңғы қатарларда. Осыншама өте көп шәкірт тәрбиелеп және басым көпшілігі шебер домбырашы атандырғаныңыздың құпиясы не? Оқырмандармен бөлісе отырсаңыз.
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Мүмкін жауабы мынада болса керек. Ұстаздық қызметте мұғалімнің бірнеше түрі болады екен. Бірі керемет орындаушы, бірақ ұстаздығы нашар. Енді бірі керемет ұстаз бола тұр, белгілі себептермен орындаушылығы азайып қалған. Ең жақсысы, мықты орындаушы әрі білікті ұстаз. Және төртіншісі тағы бар, ұстаздығы да орындаушылығы да шамалы.
Сұрағыңызға нақты келсек. Әр баланың қабілеті әртүрлі болары анық. Бірдей бала жоқ. Сондықтан бәріне де бірдей әдіспен үйретуге болмайды. Баланың ішкі «Менің» шығарып, сол бағытта жұмыс жасау керек. Және де балаға «болашақта өнерді жалғастырушы» деген сеніммен қараса, үлкен нәтиже шығатыны сөзсіз. Және бұл ойды шәкірттің өзіне түсіндіре алсаң, баланың өзі-ақ қанаттанып, жұмыс жеңілдейді. Менің әдісім осы. Әрқайсының өзіндік ерекшелігін пайдаланып, өзіне деген сенімін арттырып, тәрбиелеп келеміз. Нәтижесін өзіңіз айтып отырсыз.
– Шәкірт демекші, жақын күндері өнер саласында бір жағдай орын алды. Жақында ғана консерваторияның ректоры атанған А.Жүдебаев сіздің шәкіртіңіз екенін жақсы білеміз. Биік мінберге шығу бір бөлек, ол жерде абыройлы отыру бір бөлек. Осы тұста шәкіртіңізге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Рас, Арман менің шәкіртім. Бұл қызмет Елбасының оған деген сенімін көрсетеді. Бұл бір жағынан Арманның өз ісің көрсеткендігінің де белгісі. Есіңізде ме, ол Құрманғазы атындағы оркестріне бас дирижер ретінде бекітілгенде қандай қаңқу сөздер болды. Бірақ, бәрін уақыт көрсетті. Оркестр жақсармаса, жаман болмағаны анық. Сондықтан бұл қызметке оны ел басшылығы бәрін сараптап көріп, тағайындады деп есептеймін. Арман бәріне де өзінің табандылығы мен білімі, қайтпас мінезі арқасында жетті. Мына мен, оның ұстазы ретінде бұл жаңалыққа қатты қуандым. Бірақ, «мен сенің ұстазыңмын, былай істе» деп айтуым артық. Ол оң мен солың таныған азамат. Өзі-ақ дұрыс жолды тауып кетер. Дегенмен көмегім керек болса, әрине, тәжірибемді ескеріп аз-кем ойымды айтуға дайынмын. Алайда, тағы да қайталап айтайын. Арман әзірге менің кеңестеріме мұқтаж емес.
– Жақында 1-шілде «Ұлттық домбыра күні» деп жарияланды. Қуандық. Сондай-ақ күмән де жоқ емес. Бұл қалай өтеді? Эстрадалық музыканы сайратып қояр ма екен деген қорқынышымыз бар. Не болады, қалай болады…
– Біріншіден, Елбасының бұл бастамасына қатты қуандық. Жыл сайын арнайы күн белгілеп, ұлт болып тойлау керемет емес пе?! Әрине, дұрыс айтасыз, көңілде күмән да болуы мүмкін. Бірақ бәріміз де жақсы өткенін қалаймыз. Домбыра болғаннан кейін, дәстүрлі, яғни ұлттық сипатта өтсе деген тілегіміз бар. Биылғы жылы эстрадалық бағыт та жоқ емес екенін шет шағасынан байқап қалдық, бірақ бұл алғашқы тойымыз. Көш жүре түзеледі. «Жамансыз жақсы жоқ, ескісіз жаңа жоқ» дейді ғой. Ақырындап, ұлттық сипатымызды айқындап, жылдан-жылға жақсара түсетіні анық. Бастысы, Елбасы бекітті. Енді бәрі өзіміздің қолымызда.
– Қазақ күйінен аз-кем хабарым болғанымнан кейін болашақта күй өзгереді-ау деген өз ойым бар. Атам заманда күй қандай еді, оны Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттер жаңаша түрлендірді. Дина күйді қандай деңгейге жеткізгенін білесіз. Төлеген Момбеков пен Мағауия Хамзиндер шертпе күйге өз жаңалығымен келді. Кешегі өткен Қаршыға мен Рысбайлардың күй өнерін жаңа деңгейге көтергені тағы бар. Болашақта, 50, тіпті 100 жылдан кейін күй қандай болуы мүмкін?
– Кейбір кітаптарды қарайтын болсақ, атақты «Ақсақ құлан» күйі әу баста 8-16 такт ғана болса керек. Ал қазіргі «Ақсақ құлан» 300 такті. Сол өзгерді демей немене?! Әр заман өзінің үнін қосып, күйін байыта түскен. Тақырып қалғанымен, заман күйге өз лебін қосқан. Айналып келгенде бұл орындаушыға байланысты. Біз Құрманғазыны көрген жоқпыз. Біз Рысбайды көрдік. Оның Адай, Шалқыма, Төремұраттарын тыңдадық. Сондықтан ойымша, Рысбай Ғабдиев Құрманғазының шамасына барған шығар. Әрине, Рысекеңнен де жылдам ойнайтындар бар қазір. Бірақ мәселе жылдамдықта емес, дыбыс тазалығында. Әрбір дыбысты маржандай етіп тарту ғой, Рысбайдың құпиясы. Болашақта осылай орындалып жатса, мүмкін тағы да жаңаруы мүмкін. Кім білсін? Тағы құлпырар. Өйткені жақсылыққа ешкім тоймайды, жақсылықтың шегі де жоқ. «Болды, қатып қал» деп айтуға болмайтын шығар. «Жеткен жеріміз де осы» деп те нақты айта алмаймыз.
Мынаны қараңыз, мен Қалидің «Кісен ашқан», «Көбік шашқан» күйлерін сахнадан тартқанын тыңдадым. Кәдімгідей балбыратып тартатын. Қазір сол күйлер тек біреу қайтыс болғанда ғана оркестрмен орындалады. Жеке домбырамен сахнадан осындай күйлерді көруден қалдық. Бәрі тез күй сұрайды. Әрине, бәрі де орынымен. Десе де шамаң келсе, дәстүрді бұзбасаң, күйдің негізгі ерекшелігін сақтаң алсаң дамыт, тәжірибе жаса. Бір ғана шарт, күйдің негізгі мағынасын жоғалтып алмау керек. Яғни, Қаршыға, Рысбай, Төлеген, Мағауия сияқты күйді өзгерте алсаң, жасап көр, одан артық кетсең, тоқта.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Рүстем Нүркенов
Arasha.kz
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024