31-01-20 |
1360 рет қаралған
Сағынтаевтың мақтауы бюджет есебінен жүзеге асады.
Сағынтаевтың мақтауы бюджет есебінен жүзеге асады

Алматы қаласы әкімшілігі 14 642 857 теңге блогерлер жиынын өткізеді. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. “Блогерлердің үлкен шоуы” деп аталатын жиынға кемі 100 адам қатысатынын жазған едік.

Блогерлердің жиынын өткізу идеясы Алматы қаласы әкімдігіне қайдан келді деген сауал төңірегінде ізденіп көрдік. Сөйтсек, былтыры қараша айында Алматыда өткен AIF 2019 инвестиция форумында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев блогерлерді мақтапты

«Әлеуметтік желілер мен блог-платформаларының кең тарап, ауқымы өсуі жаңа медианың дамуына ықпал етті. YouTube және Instagram аз қаражат салып, сұранысы жоғары контент құра отырып, жақсы ақша табуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, Алматы жастары, жаңа медиа өкілдері үлкен жетістікке жетті. Олар Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағында танымал. Мұны қолдап, дамыту керек». Сағынтаевтың былтыр қарашада айтқан сөзі – осы.

Арада екі ай өткенде Алматы қаласы әкімдігінің блогерлер жиынын өткізуге бөлген қаражаты туралы дау бұрқ ете қалды. Ал бүгін әкімдік ақыры блогерлер жиынын 14 миллионнан астам қаржыға өткізуге бел буып отырғандары мәлім болды. Демек блогерлерді мақтай келіп, «оларды қолдап, дамыту керек» деген Сағынтаевтың бір ауыз сөзі жерде қалмай қала бюджетінің есебінен іске асқалы жатыр деуге болады.

2014 жылы сол кездегі Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов блогерлермен қымбат мейрамханада кездесу жасап, дауға қалған. Есімовтың сол кездесуінен кейін «Есімовтың блогерлері» деген бейресми сөз пайда болған еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.