Қазіргі әлем өзгермелі сипатқа ие екенін саяси күштер мен экономикалық басымдықтықтың бір елден екінші мемлекетке жиі ауысуынан, дамыған нарықтарды да айналып өтпеген дағдарыстардан, күнделікті тұрмысқа көз ілеспес қарқынмен дендеп енген цифрлық технологиялардан көруге болады. Жаңа уақыттың талаптарына сай даму нысанасын анықтап, негізгі бағдарларды белгілеген биылғы жолдауында Н.Назарбаев «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деп, өзгерістерге уақытылы бейімделген халық қана көздеген биігіне жететінін басып айтты.
2008 жылдан бері дәстүрлі жалғасын тауып келген Астана экономикалық форумы биыл да әлемде орын алған саяси-экономикалық өзгерістер мен тың бастамаларды талқылап, ғаламдық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру қимылдарын белгілеп, өзекті мәселелерге жауап іздеді. Әр саланың үздіктері мен белгілі тұлғалардың қатысуымен жан-жақты талданған тақырыптардың бірі елбасы жолдауында айтылған төртінші өнеркәсіптік революция әкелетін өзгерістерге арналды. БҰҰ-ның есебінше 2050 жылға қарай әлем халқының саны 9,7 млрд адамға жетеді. Бұл әлемнің бірқатар бөлігінде ресурстар тапшылығы мен геосаяси қауіптерді тудыратыны сөзсіз. Жер шары халқының территориялық бөлініске қарай диспропорционалды өсуі, бірқатар елдерде айқын байқала бастаған ұлттың қартаю процесі, өзге де демографиялық дағдарыстар Астана төріндегі пікір алмасу алаңының күн тәртібіне қойылуы бір жағынан бұл мәселелердің Қазақстанға да тікелей қатысты болуына байланысты. 2009 жылдан бері Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлесі азайып келеді. Еңбек қатынастарында үш әлеуметтік топ болса, елімізде қазір еңбекке қабілетті жасқа дейінгі және одан кейінгі категорияға кіретін азаматтар басым. Яғни, балалар мен қариялар. Мәселен, 2011-2016 жылдар аралығында еңбекке қабілетті жастағы халық үлесі 68,9 %-дан 65,9 %-ға дейін төмендесе, дәл осы уақытта балалар саны 24,5 %-дан 27,1%-ға, қарттар 6,6%-дан 7%-ға дейін өскен. 2011 жылдан бері орташа өмір сүру ұзақтығы үш жасқа көтеріліп, 72 жас шамасында тұрақтаған.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Ләззат Нұрқатова халықтың өмір сүру ұзақтығы артуынан туындайтын бірқатар мәселелерге тоқталды.
– Өмір сүру ұзақтығы артқан сайын денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік көмек көрсету қызметіне қосымша жүктеме күшейеді. Қазір қоғамда қарт адамдардың өз денсаулығы мен күтіміне байланысты мәселеде жауапкершілікті үшінші тарапқа жүктейтін «әлеуметтік масылдық» бар. Егде жастағы адамдардың көп дүниеге кері көзқарасы, пассивті өмір дағдысы жиі кездесетін құбылыс. Біз әңгіме етіп отырған өмір сүру ұзақтығы бірнеше сатыға көтерілген сайын, қалыптасқан жағдайлар тереңдеп, мәселенің өзектілігі арта түседі. Жасы 65-тен жоғары бір қарт адамға қанша еңбекке қабілетті жастағы азаматтан келетінін көрсететін потенциалды көмек коэффициенті деген ұғым бар. 2007 жылы ол бір қарт адам – 9 еңбекке қабілетті жастағы азамат деңгейінде болса, 2050 жылы болжам бойынша бұл көрсеткіш 4-1-ді құрайды. 1950 жылы 50-64 жас аралығындағы әр 100 адамға 85 және одан жоғары жастағы 2 адамнан келген. Қазір бұл көрсеткіш 4:100, ал 2050 жылға қарай 12:100 болады деп күтілуде. Бұл болжамдар жақын болашақта зейнетақы жүйесі өзгеріп, жас туралы дәстүрлі көзқарастар мен жаңа қалыптасқан түсініктің арасындағы қайшылықтар туындайтынын білдіреді. Дегенмен ұзақ өмір сүретін ұлт құру – уақытқа сай мақсаттардың бірі. Сондықтан Кеңес Одағынан қалған қартаюға қатысты қарым-қатынасты өзгерту керек.
ҚР Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстан қартаю процесінің табалдырығында тұр. БҰҰ-ның классификациясына сәйкес, жасы 65 және одан жоғары азаматтардың үлесі 7 пайызды құрайтын қоғам «қартаюшы» болып саналады. Қазір Қазақстанда аталған категорияға кіретін егде жастағы адамдар 6,6 %. 2020 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 7,4 % жетуі мүмкін. Яғни айналасы бір-екі жылда Қазақстан қартаю процесі жүріп жатқан елдердің қатарын толықтырады. Ал елімізде әлі де қарт адамдарға бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат жоқ. Құқықтық және институционалды база қалыптаспаған. Біздің қоғамда жұмыспен қамтылу, еңбекке қабілеттілік, табыс мөлшері сияқты факторларға есепке алынып, әлеуметтік бөліністер көбіне осы өлшемдер негізінде жүзеге асады. Тағы бір байқалатын ерекшелік Қазақстанда азаматтарды топтарға біріктіру олардың жекелей не ұжыммен жеткен жетістіктеріне байланысты. Мәселен, зейнеткер, Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе Тыл ардагері. Мұндай әдіс қарттардың мемлекет назарынан тыс қалуын тудырады. Елімізде әйелдер мен ер азаматтардың санын салыстырғанда гендерлік теңсіздік бар екенін байқауға болады. Қыздардың жігіттерден сан жағынан басым болуы 15-19 жаста 2 есе, 25-29 жас аралығында 3 есе көп. Егде жастағы азаматтар арасында бұл айырмашылық арта түседі. Демографтар аталған құбылысты ер адамдардың оқыс апаттарға көп ұшырауы және қарттық кезінде жүрек-қан тамырлары ауруларына жиірек шалдығуымен түсіндіреді.
Сарапшы Юрий Булуктаев қартаю процесі Қазақстанның әр өңірінде алуан түрлі сипатқа ие екенін айтады.
– Елдің солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде қартаю процесі жоғарыдан төмен қарай жүретін Еуропа мемлекеттеріндегі жағдайға ұқсас. Мұнда халықтың құрамында қарт адамдар басым. Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында керісінше, туу көрсеткіші жоғары. Аталған тепе-теңсіздік қарт адамдардың физикалық және психологиялық сырқаттарға шалдығуынан туындайтын мүгедектік, өлім сияқты көрсеткіштердің артуы, аталған категорияға кіретін адамдардың экономикалық белсенді халыққа тәуелділігімен келетін бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуі сияқты қауіптерді күшейтеді.
Әлеуметтік-демографиялық мәселелер бойынша сарапшы Аяулым Сағынбаева Қазақстанда қарт адамдардың көбеюі әлеуметтік климаттың жақсаруына байланысты деп, берілген тенденцияның тереңдей түсуі мемлекеттен экономика, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларындағы саясатын қайта қарастыруды талап ететінін айтады. Сонлай-ақ сарпашы елде әлеуметтік реформа жүргізу қажеттілігін алға тартып, қарттық жасындағы халықтың өмір сүру сапасын көтеру керек деген әріптестерінің пікірімен келіседі.
Он бір бағыт бойынша өткен Астана экономикалық форумы аясында әлем елдерінде белең ала бастаған қарттық мәселесін талқылаған ғалымдар мен сала мамандары болашақта еңбек күші жетіспеушілігін сезінбеу үшін цифрлық технологияларды дамытуға ден қою керек қорытынды жасады. Автоматтандырылған жобалардың болашағы еңбек өнімділігі мен сапасын бірнеше есеге арттырады. Шара барысында сонымен қатар ақылды машиналарға шешім қабылдау тетіктерін үйретудің адамзатқа туғызар қаупі ортаға салынып, құл темірлердің көбеюімен бірге күтілетін жаппай жұмыссыздық туралы жаңсақ пікірлер жоққа шығарылды. Ғалымдардың айтуынша, роботтар күнделікті тұрмыста қалыпты жағдайға айналатын әлемде адамның ақыл-ойы мен еңбегі бұрынғыдан да көбірек керек болады. Тек қазіргіге қарағанда жаңа қабілеттер қосып, әлдеқайда жетілдірілген кәсіби қырларды дамытуға күш салу керек.
Тарихта болған үш өнеркәсіптік революцияның заңды жалғасы қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтығанымен, Қазақстан үшін модернизацияны талап ететін орташа өмір сүру ұзақтығын арттыру, қамсыз қарттықты қамтамасыз етудің тиімді жолдарын құру мәселелері халық тығыздығының төмендігімен байланысты демографиялық аспектіден кейінгі маңызға ие деуге толық негіз бар. Елбасының жолдауы мен барлық бағдарламалық құжаттар мемлекеттің жаңа өзгерістерге жылдам бейімделіп, әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлуі керектігін дәлелдейді.
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024