04-06-18 |
4330 рет қаралған
Келешек – кәсіпкерлікте.
Келешек – кәсіпкерлікте

Шағын және орта бизнес (ШОБ) – нарықтық экономиканың маңызды бөлігі әрі мемлекеттің ары қарайғы дамуын анықтайтын орны бөлек әлеует. Кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау экономиканы әртараптандыруға, өндірілетін тауарлар тізбегін толықтырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, өмір сүру сапасын жоғарылатып, орта таптың үлесін арттыруға көмектеседі. Айта берсе, ШОБ-тың мемлекеттің тұрақтылығына қосар үлесі көп. Қазақстанның дамыған елдерде кәсіпкерлік ЖІӨ-нің 70-80 пайызын құрайтынын мысал етіп алып, мақсатты межеге айналдыруы да тегін емес. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда «Отандық нарықтық экономиканың негізін құрайтын кәсіпкерлікті дамыту Қазақстанның стратегиялық басымдығы болып табылады» деген ой қосып, бизнестің болашақ салмағын бір ауыз сөзбен түсіндірген болатын.

Кәсіпкерлікті дамыту – Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздейтін ұзақмерзімді мақсатының басым бағыты. 2050 жылға дейін еліміздегі ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 50 пайызға жеткізу белгіленген. Аталған мақсатты жүзеге асыруға Қазақстанда Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту, индустриялық-инновациялық даму және өзге де жүйелік құжаттары жұмыс істейді. Мемлекеттің кәсіпкерлер жолында кездесетін кедергілерді жойып, бизнес бастауға ынталы азаматтардың қатарын көбейтуге арналған шараларын негізінен бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, индустрияландыру мен бизнес саласындағы негізгі саясат отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықтарға еркін шығуына, экспорттық әлеуетін дамытуына, өткізу нарықтарына қолжетімділікті қалыптастыруға  бағытталуы қажет. Екіншіден, бизнесті қаржыландыруда қор нарығының белсенділігіне көңіл бөліп, шағын несиелеуді жолға қою маңызды. Үшіншіден, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін төмендету үшін артық мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы азаматтардың қолына беру, инвестициялық жобаларға МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) аясында қатысқан ел Үкіметінің капиталдағы үлесін 50 пайыздан асырмау қағидаттарын орындамау мүмкін емес. Төртіншіден, экономикалық қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды алдын-алып, кәсіпкер құқығын қорғауды есте ұстаған жөн. Бесіншіден, мемлекет қажетті инфрақұрылымды құру, ақпарат беру үрдісін айналып өте алмайды. Соңғысы, кез келген ел адами капиталды дамытып, әуелі, кәсіп ашудың артықшылығын түсінетін білімді азаматтардың санын арттыруға, одан соң, дайын кәсіпкерлерге сапалы кадр дайындауға мүдделі.

Орта таптың негізгі қозғаушы күші – орта бизнес. Ол ірі бизнеске қарағанда өзгерістерге бейім, өміршең болып келеді. БҰҰ мен Халықаралық валюта қорының сарапшылары соңғы жылдары экономикасы қалыптасу жолындағы дамушы мемлекеттердегі орта таптың өсімі байқалғанына назар аударып, бұл құбылыс болашақта таптар арасындағы табыс айырмашылығын азайтады деген пікір айтады. Қазақстанда соңғы 5-8 жылда Үкімет реформалары қолайлы іскерлік климат қалыптастыруға, экономиканың қарқынды дамуы мен әлеуметтік жүйенің тұрақтылығына бағытталды.  Бүгінде шағын және орта бизнестің ЖІӨ үлесі – 27,1%. Экономикалық белсенді халықтың шамамен 30% осы салада жұмыс істейді. Көрсеткіштердің көңілге қонымды болғанына қарамастан, елімізде шағын және орта бизнестің белсенділігін арттыру мәселесі өз маңыздылығын жоя қойған жоқ. Қазір Қазақстанда 1 млн 146 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, оның 2618 немесе 0,2 % орта бизнеске тиесілі. Бұл орта бизнестің жалпы кәсіпкерлік белсенділігінің құрамында өте аз үлеске ие екендігін көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары салыстырмалы түрде саны өскен орта бизнес өкілдері соңғы үш жылда күрт қысқарды. Мәселен, өмір сүруге қабілетті орта бизнеске жататын кәсіпорындардың саны 9,6 % азайған. Орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі тағы бір мәселенің шетін шығарды. Қазір банк секторына сапалы қарыз алушылар жетіспейді. Бүкіл әлемде мұндай төлем қабілеттілігі жоғары қарыз алушылардың рөлін орта бизнес атқарады. 2017 жылы орта бизнестің табысы 4 трлн теңгені құраған. Ал ауқымын кеңейтіп, қатарын толықтырған шағын бизнес өткен жылды 14 трлн теңге табыспен қорытындылапты. Шағын бизнес пен орта бизнестің жалпы кәсіпкерлік көлеміндегі үлесі сәйкес 18,2% және 0,2% үлестерге ие болуы, олардың дамуында үлкен айырмашылықтар бар екенін аңғартады.

«Экономикалық зерттеулер институтының» сарапшысы Дана Гафятуллина отандық кәсіпкерлер кездесетін кедергілерді санамалап, мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

– Қазақстандағы орта бизнестің дамуындағы кенжелеуді кейін серпу үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Мемлекет басшысы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму» атты жолдауында белгілеген өсімнің жаңа моделін қалыптастыру аясындағы тапсырмаларға сәйкес, орта бизнесті экономиканың басым бағыттарына тартудың нысаналы индикаторлары бекітілді. 2025 жылға дейін орта бизнестің дамуына қолбайлау болған кедергілерді жойып, оларды қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу жүргізілетін болады. Бұл үшін барлық өңірлерде экономиканы трансформациялау мақсатында ішкі резервтерді анықтау және пайдалану бойынша жоспарлар жасалып жатыр. Қазақстандағы кәсіпкерлік құрылымындағы диспропорциялардың себебін келесі мәселелерден іздеуге болады. Бүкіл әлемдегі геосаяси қауіптің артуы, шағын бизнес пен орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларының арасында өзіндік ерекшеліктер мен айырмашылықтардың сақталмауы, шағын бизнесті орта кәсіпкерлік деңгейіне өтуге ынталандыру әдістерінің дұрыс жолға қойылмауы орта бизнестің ұлттық экономиканың драйверіне айналуына әлі де кедергі болып отыр. Бұл қиындықтардың қатарына әкімшілік кедергілер мен территорияның үлкендігіне қарамастан халықтың аздығы, логистиканың жеткілікті дамымауы сияқты нарықтың жүктемесін қосыңыз. Кәсіпкерлік үшін кезек күттірмей шешілуі аса маңызды мәселелердің қатарында арзан несиелердің аздығы мен кәсіби білікті мамандардың жетіспеушілігін де атауға болады.

Кәсіпкерліктің жаһандық мониторингі ұсынған деректерден, кәсіпкерлік белсенділік деңгейі дамыған елдерге қарағанда  дамушы елдерде жоғары екенін байқауға болады. Бұл дамушы елдер халқының басым көпшілігінде қаражат табудың шектеулі мүмкіндіктері болуымен түсіндіріледі. Дамыған елдерде, керісінше, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері көп болғандықтан, халықтың салыстырмалы түрде аз бөлігі кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Қазақстан кәсіпкерлік белсенділігінің деңгейі бойынша дамыған және дамушы елдер арасындағы орта шекте тұр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнама Қазақстан халқы кәсіпкерлік қызметті қолайлы карьералық таңдау ретінде бағалайтынын көрсеткен. Сарашылар кәсіпкерлікке қатысты мұндай көзқарастың барлық бұрыңғы кеңестік елдерге тән сипат екенін айтады.

McKinsey & Company халықаралық консалтингтік компаниясының бағалауы бойынша, қазақстандық шағын және орта бизнес өсімінің ең үлкен әлеуеті қосылған құны жоғары секторларда, атап айтқанда кәсіби қызметтер көрсету, жүк тасымалы мен логистика, қаржы қызметтері мен телекоммуникация сияқты салаларда шоғырланған. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, орташа алғанда еліміздің экономикалық белсенді халқының 18%-ын әлеуетті кәсіпкерлер ретінде қарастыруға болады. Әлеуетті кәсіпкерлердің гендерлік құрылымында ер адамдардың үлесі (50,3%) әйелдердің үлесінен аз ғана асып түседі. Бұл топқа жататын кәсіпкерлер, көбіне, – Ақтөбе облысы, Астана және Алматы қалаларының тұрғындары. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебінше, нақ осы өңірлерде кәсіпкерлікке барынша бейім азаматтар тұрады. Тұрғындары кәсіпкерлікке барынша аз бейімделген өңірлер көшін Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары бастап тұр.

Кәсіпкерлік – келешек үшін маңызды инвестиция. Азаматтар арасында кәсіпкерлік мәдениетті арттыру ел қуатын еселеуге елеулі үлес қосады. Бұл үшін мемлекет болашаққа белгілеген мақсаттарды жүйелі жүзеге асырып, кәсіпкерлерді жан-жақсы қолдауды қамтамасыз етуі қажет.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.