25-06-18 |
4060 рет қаралған
Кәсіпкерлікті қолдау қалай жүзеге асып жатыр?.
Кәсіпкерлікті қолдау қалай жүзеге асып жатыр?

Мемлекет басшысы Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруды атады. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, елдің экспорттық әлеуетін арттыру жақын болашақтағы маңызды мақсаттар болып белгіленді. Ұлттық экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін дамыған мемлекеттердің көрсеткішіне жеткізу бойынша жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, 2016 жылы Doing Business рейтингінде Қазақстан Венгрия (42), Италия (45), Чили (48), Израиль (53), Түркия (55), Люксембург (61) елдерін артта қалдырып, 41-орынға тұрақтады. Бизнестің дамуына серпін беретін 10 саланың 7-еуі бойынша 19 реформа жүргізген Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде көш бастап тұр.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қол­даудың бірнеше тетіктері бар: халықты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің білімін жетілдіру бойынша арнайы бағдарламалар ұсыну, қаржылық қолдау көрсету, банк несиелеріне кепілдік беру, консультативтік кеңес, әкімшілік кедергілерді жою және мемле­кет­тік тексерістерден босату.

Халықты кәсіпкерлік дағды­ларына үйрету курстары ерікті түрде «Бизнестің жол карта­сы – 2020» бағдарламасы шеңбе­рінде «Бизнес-кеңесші» және «Биз­нес-өсім» жобалары бойын­­ша жүр­гізіледі. Оқу ұзақтығы – 2-5 күн. Олардың қатарына кәсіпкерлер үшін жүргізілетін отандық және шетелдік іс-тәжірибелер мен тре­нингтерді, шеберлік сағаттарын қосыңыз. Кәсіпкерлік негіздерін үйрету курстарын ұзартуға бай­ланысты ұсыныстарға сәйкес қолға алынған «Бизнес бастау» жобасы халықтың жұмыспен қам­тылу деңгейін бизнес-баста­малар мен кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету курстары арқылы көтеруді мақсат тұтады. Аталған жоба халықты жобамен құлақ­тандыру және таныстыру, тестілеу жүргізу мен қатысушы­ларды іріктеу, тәжірибелік оқыту, биз­нес-жоспарды жан-жақты тал­қылау, бизнес-жоспар жасау, жобаны микронесиелеу беруді қоса алғанда, алғашқы 12 ай бойы ілгерілетуді қамтитын 5 кезеңнен тұрады.

Отандық аяқ киім брендінің негізін  қалаушы Әсел Болатқызы –    «Даму»   кәсіпкерлікті қолдау қорынан бизнес негіздерін оқып, осы саладағы біліктілікті арттыруға арналған қысқамерзімді курстардан өткен кәсіпкер. Әуелі сауда-саттық саласында кәдесыйлар ісімен айналысқан Әсел үнемі өзін дамыту үшін қатысып жүретін халықаралық көрмелердің бірінде қырғыз бауырларымыздың қолдан жасаған аяқ киімін көріп, отандық былғары өнімін жасауға бел байлаған. Арнайы шеберлік мектебінен өтіп, Ресейден маман алдырған ол қазір «Қадам» аяқ киім дүкенін ашқан.

– Мен бизнес саласында уақыт ағымына сай біліміңді үнемі жетілдіріп отыру керек деп есептеймін. Сондай көп шараның ішінде ерекше есімде қалғаны   – Назарбаев уни­верситетінде өткен бизнес тренинг болды. Онда Duke уни­вер­ситетінен келген шетелдік ғалымдардан сабақ алып, курс соңында жекелеген жобалар дайын­дадық. Одан бөлек, нарықтағы өзге тауар­лар­мен танысу, әріптестік байланыс­тар орнату, біліктілігімді арттыру мақсатында үнемі отандық өнімдер жәрмеңкелеріне қатысып жүремін.

         Мемлекеттің халықты кәсіпке баулу бастамасының артықшылығын атап өткен кәсіпкер болашақтағы жоспарлары мен үмітін де жасырмады.

– Болашақта кәсіпкерлігімді кеңейтіп, үлкен фабрика салсам деймін. Біздің тауарымыздың бір ерекшелігі – ұлттық дизайнмен шығатын аяқкиімдерімізге қа­зақы нақыштарды салып, әрлеп жүрміз. Сол аяқкиімдерден көрі­ніс тауып жүрген қошқар мүйіз оюын бүкіл әлемге танымал брендке айналдырғым келеді. Шетелдік нарықта да қазақ­стандық өнімдердің жұрт таласып алатын сұраныстағы тауарға ай­налғанын қалаймын.

Қаржылай көмек іздеген кәсіпкерлер мемлекеттен 3 млн теңгеге дейінгі көлемде қайта­рымсыз негіздегі мемлекеттік грант ұтып ала алады. Берілген қаржы техникалық құрал-жаб­дықтар сатып алуға, франшиза құқығын иеленуге, материалдық емес активтерге қол жеткізуге және жұмысқа қажетті өзге ре­сурс­тарды алуға жұмсалуы керек. Мемлекеттік грант иегері атану үшін кәсіпкер бизнес-жоба ұсынады. Сондай-ақ оған «Бизнес-кеңесші» оқыту курсы­нан өту және көзделген грант со­масының 10 пайызына тең мөл­шердегі ақшаны жеке қаража­тынан қамтамасыз ете алу мүм­кіндігін растау талабы қойылады. Бизнес-жоспар байқау кезеңінде Өңірлік координациялық кеңес тарапынан үздік деп танылса, оның иесіне мемлекеттік грант табысталады.

Кез келген кәсіпкерліктің аяқ­қа тұруына ақшаның қажет екені айтпаса да белгілі. Осы тұста «Бизнестің жол картасы – 2020», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге төменгі пайыз­дық көрсеткішпен несиелер беріледі.

Шағын және орта бизнес өкіл­дерінің маңызды мәселе­лерінің бірі –қарызға алынған қаржыны қайтаруды қамтамасыз етудің болмауынан, қаражат көз­деріне қол жеткізудің қиындығы. Коммерциялық банктер несие берер кезде, тәуекелдің жоғары деңгейін есепке ала отырып, тез өткізіп, ақшаға айналдыра алатын кепілдік сұрайды. Шағын кә­сіпорындардың несие тарихы болмауы себебінен, оларға қаржы берілмейді немесе өте жоғары пайызбен беріледі. Сөзсіз, осы жағдайдың бәрі халықтың кәсіп­керлік белсенділігін төмендетіп, шағын кәсіпорындардың дамуы­на кедергі келтіреді.

Дүниежүзінде осы мәселелер­ді шешу үшін кәсіпкерлікті кепілдік қолдау механизмдері жасалып, енгізіліп жатыр. Қазақ­станда да жүзеге асырылып жат­қан жобалар бойынша несиелерге кепілдік бағдарламалары кәсіп­керлерге кепілзат болмаса да, банк­терден қаржы алуға мүм­кіндік береді.

Қазақстанда жеке кәсіпкерлік формасы кеңінен таралған (ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің 68%). Биз­нестің басым көпшілігі сауда және терең кәсіби бағдар мен ар­найы мамандануды қажет етпей­тін жеңіл салаларды қамтиды. Мә­селен, елімізде тіркелген 1 млн 453 мың жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің 47 пайызы саудамен айналысады. Әлемдік тенденция инновациялық жобалар мен жоғары технологиялық өнді­рістер­дің үлкен қарқынмен бой көтеріп келе жатқандығын көр­сетеді. Мемлекет ұсынып отырған гранттар және кәсіпкерлікті қол­дау­дың өзге де ресурстары бірінші кезекте, экспортқа тауар шыға­рып, ұлттық экономиканың ди­версификациясына үлес қосатын өндіріс орындары мен жаңашыл мүмкіндіктер, иннова­циялық идеяларға құрылған жо­баларға басымдық беретіні де осыдан.

2015 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлікке берілген несие көлемі артып келеді. Жыл басындағы дерек бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 29 пайызға артық несие берілген.

Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейін білу үшін, сандарды сөйлетіп көрелік. Ranking.kz сараптама агенттігінің Дүниежүзілік банк деректері негізінде жыл басында жасаған талдауына сәйкес, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік ЖІӨ-нің 26 пайызын, бизнеспен айналысатын халық республикалық еңбек нарығының 36 пайызын құрайды. Ел азаматтары арасында кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылық күн санап артып келе жатқанына қарамастан, халықтың бизнестегі белсенділігі әлемнің дамыған елдеріндегі көрсеткіштермен салыстырғанда әлі де болса төмен. Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілерінің ЖІӨ-ге қосатын үлесінің көптігіне байланысты Астана (46%), БҚО (40%) және Алматы (29%) көш бастап тұр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған отандық кәсіпкердің портреті бизнеске келуге бел байлайтындардың басым бөлігі 25-34 жастағы, сауда, құрылыс не ауыр шаруашылығы саласында жұмыс істейтін, әдетте Ақтөбе, Алматы, болмаса, Астана қаласының тұрғыны (осы қалаларда кәсіпкерлік индексі жоғары) азаматтар екенін көрсетеді. Осыған қарап жыл сайын жолдаудан түспейтін кәсіпкерлікті дамыту мәселесі арнайы қабылданған бағдарламалық құжаттардың көмегімен шешіліп, шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының жетекші саласына айналса деген тілек бар.

Кәсіпкерлікті қолдау – ұлттық экономиканы шикізат есебінен көтеріп отырған мемлекеттің болашақтағы ең үлкен перс­пективасы. Күні кеше қолында еш ресурсы болмаған Сингапур не шөл далада мұнайдың ақ­ша­сына бой көтерген Дубай мысалы – келешек экономиканың қызмет көрсету саласы мен бизнеске арқа сүйейтінінің айқын дәлелі. Сон­дықтан бүгінгі мемлекеттік бағ­дар­ламалар ертеңгі жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын қамта­масыз ететін отандық ірі кә­сіпорын­дардың іргесін қаласа, стратегиялық бағдардың дұрыс жолға қойылғаны деп білеміз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.