Мүгедеу баланы бағу оңай емес. Жасы өскен сайын олардың тауқыметі де көбейе түседі. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сенсек, елімізде 18 жасқа толмаған мүгедек балалардың саны 65 мыңнан асса, оның 57 мыңнан астамы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер екен. Бұл көрсеткіш 17 миллиондық межені енді ғана бағындырған жас мемлекет үшін аз ба, көп пе? Қалай десек те, қара түгіл, ханның өзін шарасыз күйге түсіретін мүгедек бала мәселесі қашанда қоғамның ең өткір әрі әлсіз тұсы болып қала бермек…
«Дені сау ұрпақ-ел болашағы» дегенді жиі естиміз. Осы ұранмен халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, ана мен бала өмірін ерекше қамқорлыққа алдық. Алайда, бұл еліміздегі кемтар балалардың қатарын кемітуге септігін тигізбегенге ұқсайды. Мысалы, соңғы үш жылда олардың қатарына тағы тоғыз мыңға жуық бала қосылған. Әлемде мүгедексіз ел жоқ. БҰҰ-ның деректеріне сай, мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі 10 пайыз болса, әлемде 7 миллионға тарта түрлі санаттағы мүгедек жандар өмір сүруде. Ал, Қазақстан халқының шамамен 3 пайызы мүгедектер көрінеді. Әрине, мұндай адамдар кез-келген қоғамның барлық адамдармен тең құқылы әрі толыққанды мүшесі екендігі еш даусыз. Дейтұрғанмен, мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда ерекше қамқорлыққа зәру екендігінде естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан мүгедек балаларын үйде күтіп, бағып отырған ата-аналарға әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру күн тәртібінде тұрған өзеуті мәселенің бірі.
Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейгені дұрыс. Өйткені, мүгедек балалардың бірі өмірге өзімен бірге бар тауқыметті ала келген болса, кейбіреулері түрлі жағдайға байланысты жарымжан болып қалғандар. Олардың көпшілігі өмір бойы мүгедектің тауқыметін тартуға мәжбүр. Сондықтан, кез-келген қоғам олардың жан жарасын барынша жеңілдетуге тырысуы тиіс. Ал, кемтар балаларды күтіп баптап үйде отырған адамдарға әлеуметтік қызметкер мәртебесін беріп, оларға жалақы төлеп отырсақ, көптеген мәселенің алдын алған болар едік. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде бағып отырған адамдарға жәрдемақы бала 18 жасқа толғанша ғана беріледі. Бала 18 жастан асқан соң бірден тоқтайды. Алайда, бала 18 жастан кейін де мүгедек күйінде қалатынын ескерсек, баланың күтімі есейгенде де өзгелердің мойнында қала береді деген сөз. Сондықтан, мұндай төлемдерді төлеу мерзімін мүмкіндігінше ұзарту керек. Бұл тұрғыда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған жаңа заңды мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын жеңілдетуге бағытталған құқықтық құжат деп бағалаған орынды.
Бір қарағанда, бізде мүгедектердің заңдық тұрғыда қорғалуы, қамқорлықққа алынуы, түрлі әлеуметтік көмектерге қолжетімділігі сынды жағдайлар жан-жақты қарастырылған. Алайда, соған қарамастан мүгедек жандардың бүгінгі қоғамға өкпесі «қара қазандай». Неге бұлай десеңіз, кейбір заңнамаларымыз өз дәрежесінде жұмыс істемейді. Оның үстіне мүгедектердің көпшілігі өз құқықтарын талап етуге дәрменсіз. Сондықтан, мүгедек балалардың күтімімен айналысатын адамдар жаңағы баланың құқықтарын бес саусағындай білуі тиіс. Сосын, мүгедек баланы үйде күтіп бағу әрдайым тиімді бола бермейді. Өйткені, үй күтіміндегі балалардың жағдайының оңалуы қиын. Мүмкін, бұл психологиялық тұрғыдан балаға оң әсер етер, бірақ, балаға медициналық тұрғыда көмек көбірек қажет.
Айталық, мүгедек балаға түрлі медициналық оңалту орталықтарының көмегіне жүгіну кезек күттірмейді. Яғни, мұнда мүгедек баланың күтіміне берілетін жәрдемақының мөлшерінің көптігі ештеңе шешпейді. Сондықтан, алдыңғы қатардағы елдердегідей, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту жағына көбірек көңіл бөліп, қаржыны да аямауымыз керек. Неге десеңіз, тәжірибе барысында көптеген ата-аналар мүгедек баласын арнайы емдеу оңалту орталықтарына бір рет те болса алып баруды армандайтынын көріп жүрміз. Бұрын бір аудандағы бес жүзден аса мүгедек баланың бірді-екілісіне ғана сауықтыру орталығына жолдама берілетін. Қазір жағдай мұншалықты ушығып тұрмаса да, айтарлықтай оңала қойған жоқ. Тағы бір айта кетерлік жағдай, қазір қарттар үйі, балалар үйі, мүгедектер үйі сынды мекемелерге қөмек қолын созып, түрлі материалдық жәрдем беретін демеушілер көбейіп келеді. Куанарлық жағдай, бірақ, сондай жомарт жандар үй жағдайында өсіп жатқан жарымжан балаларды ескере бермейді. Ескерген күннің өзінде ауданның немесе қаланың есебіндегі мұндай мүгедек балаларға демеушілік көмек жергілікті билік арқылы берілетіндіктен, кейде ол орта жолда «қолды» болып жатады. Осындай қолдан жасалған қелеңсіздіктерді ескерсек, мүмкіндігі шектеулі балалардың күтушілеріне әлеуметтік қызметкер статусын беруге әбден болады. Осы тұрғыдан алғанда министрліктің 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедек балалардың аналарына заңдық тұрғыдан қолдау көрсетуі сеңнің бұзылғанын, мүгедектер мәселесіне мемлекеттің назар аудара бастағанын аңғартады. Бұл әсіресе, баласының жағдайына байланысты үйде жіпсіз байланып отырған жас аналарға үлкен қолдау болар еді. Оның үстіне, елімізде тиісті мекемелердің штатындағы әлеуметтік қызметкерлердің саны өте аз, бірақ, жүктемелері тым ауыр. Ал, алатын жалақылары 30-40 мың теңге ғана. Мүгедек балалары бар ата-аналардың көпшілігінің әлеуметтік жағдайы мәз емес. Жарымжан баланы жалғыз асырап отырған аналар да көбейіп барады. Отағасы қиындықта қалдырып кеткендері қаншама. Бұған елімізде балалақшаға баратын балалардың арасында мүгедектердің үлесі бір пайызға жетпейтінін қосыңыз. Бұл да бүгінгі қоғамның ащы шындығына айналып отыр.
Камила Ысқақ
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024