12-06-18 |
4690 рет қаралған
Жеткіншекті жазалаудан тәрбиелеген тиімді.
Жеткіншекті жазалаудан тәрбиелеген тиімді

Соттарды мамандандыру сапаға қызмет етеді, ал, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу әлі де болса кездесетін кемшіліктердің орнын толтыруға себеп болатыны сөзсіз. Жуырда Жоғарғы Соттың бірқатар судьялары мен бірнеше облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағалары Германия Федеративтік Республикасына іссапармен барып қайтты. Германиялықтардың сот жүйесімен танысып қайтқан судьяларға бұл сапардың бергені көп.

Германияда жасөспірімдерге қатысты бірнеше сот бар. Ювеналдық сот 16 мен 18 жасқа дейінгі аралықтағы жасөспірімдерге қатысты қылмыстық істерді қарайды. Сондай-ақ, егер де қылмысқа барған 21 жастағы жігіт есеймеген деп танылса, олардың істері де ювеналды сотқа түседі. Ал, ювеналдық соттан бөлек қорғаншылық пен қамқоршылыққа қатысты мәселелер бойынша, отбасы істері бойынша, әлеуметтік сұрақтар бойынша және әкімшілік істер бойынша өз алдарына бөлек-бөлек соттар жұмыс істейді.

Кәмелетке толмағандардың ісіне төрелік айту өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Оның үстіне, Қазақстанда мамандандырылған соттың құрылғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Іссапардың басты мақсаты – Германиядағы ювеналдық юстицияның құқықтық негіздері мен тәжірибесін зерттеу, тиімді тұстарын төл тәжірибемізге енгізу болды. Ал, бұл маңызды іссапар мемлекетіміздің Жоғарғы Соты мен Германияның Фридрих Эберт атындағы қор арасындағы ынтымақтастық арқасында жүзеге асты.

Германияның демократиялық жолмен ең алғаш болып сайланған рейхсканцлері, социал-демократ Эберт Фридрих атындағы қор осы кісінің өзінің саяси өсиеті бойынша 1925 жылы құрылған екен. Бүгінде бұл жерде 600-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Әлемнің 100-ден астам елдерімен саяси, құқықтық, қайырымдылық бағытта мықтап байланыс орнатқан Қордың мақсаты демократия мен плюрализм рухында қоғамның әртүрлі қабаттарындағы адамдарға саяси-қоғамдық білім беру, жас таланттарды жоғары оқу орындарында білім алуға көмек жасау мақсатында стипендиялар төлеу, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жолына өз үлестерін қосу. Қордың Қазақстандағы офисі 1993 жылы ашылған. Кейін Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда осындай офистері жұмысын бастапты.

Іссапардың алғашқы күні судьялар Берлин қаласының Тэмпельхоф полиция басқармасында болды. Онда полицияның жеткіншектердің қылмыстары бойынша ұйымдық құрамы таныстырылды. Судьялармен ой бөліскен полициялар жұмыс істейтін ауданда шетелден көшіп келгендер жиі шоғырланғандықтан, қылмыс та көп болатынын жеткізді. Жеткіншектер қылмысқа негізінен ата-анасының жұмыссыздығы, материалдық жағдайдың ауырлығы мен тәрбиенің төмендігінен бейім тұрады екен. Германиялық полицейлердің де жұмыс тәжірибесі біздегі тәртіп сақшыларының іс-әрекетіне біршама ұқсас. Олар да қылмыстың алдын алу үшін жастармен жиі кездесу өткізіп тұрады. Дегенмен, айырмашылықтар да аз емес. Олар балалармен бірге футбол ойнап, атақты адамдармен ұдайы кездесулер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Белсенділерге жүлде белгіленеді. Халықпен осыншама тығыз байланыста жұмыс жасағандықтан болар, германиялық полиция қызметкерлері елде Конституциялық Кеңестен кейінгі ең жоғары баға алатын мамандық иелері есептеледі. Бұл халық арасында жүргізілген сауалнама барысында белгілі болған.

Германияның сот тәжірибесінде кәмелет жасқа толмаған адам абайсызда қылмыс жасаған болса, оны жазалаудан бұрын тәрбиелік мақсаттағы жұмыстарға көбірек мән беріледі. Егер «кішкентай қылмыскер» өз іс-әрекетіне өкініш білдіріп, қайталамауға тырысатынын байқатса, жәбірленушімен бітімге келіп, келтірген шығынның орнын толтыратын болса, әлеуметтік қызметкер қорытынды жазады. Осы қорытындының негізінде прокурорға істі қысқарту туралы талап түсіріледі. Әрине, жәбірленушінің пікірі міндетті түрде назарға алынады. Бұл жеңіл қылмыс жасаған жеткіншектерге қатысты тәртіп, ал, ауыр қылмысқа барғандардың ісі сотқа дейін қысқармайды. Қылмыс орын алған уақыттан бастап төрт апта ішінде іс судьяның қарауына түсу керек. Егер де жасаған қылмысына орай бір жылдан екі жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы көзделген болса, оны судьяның жеке өзі қарай береді. Бас бостандығынан айыру жазасы 4 жылдан асатын қылмыс жасағандардың ісі бір судья мен 2 шефиннің, яғни, заседательдердің қатысуымен қаралады.

Неміс әріптестердің айтуынша, құқық бұзушы жасөспірімдердің тең жартысы заң құптамайтын әрекетін екінші мәрте қайталамайды екен. Кәмелетке толмағандар қолымен істелген құқық бұзушылықтардың үштен екісін «кішкентай қылмыскерлердің» белгілі бір бөлігі, дәлірек айтқанда, 5 пайызы ғана жасайды.

Жасөспірімдердің қайта жаза басуы көбінше түзеу мекемелеріндегі тәрбиеге тікелей байланысты екені жасырын емес. Іссапар барысында делегация Берлин қаласындағы кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларға арналған мекемеде болды. 440 адамға арналған мекемеде  қазір 308 жеткіншек жазасын өтеп жатыр. «Мекеменің басты мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу», – деген мекеме басшысы соңғы жылдары сотталған жасөспірімдердің саны азайғанын айтады. Оның екі себебі бар. Біріншісі, әрине, елдегі әлеуметтік ахуалдың, тәрбие, білім беру сапасының артуы және жұмыссыздықтың азаюы. Екіншіден, аталған мекемедегі тәрбиелеу жұмыстарына ерекше көңілдің бөлінуі. Айталық, 440 жазасын өтеушіге арналған мекемеде 355 адам жұмыс істейді. Оның 21-і әлеуметтік педагог болса, психологтар саны – 13. Сондай-ақ, 18 өндірістік оқудың шебер педагогтары, 12 дәрігер, 30 әкімшілік қызметкер бар. Кітапханада кітап қоры жеткілікті. Осындай жағдайдан кейін сотталғандар өздерінің түзелгенін көрсете алса, жазасының екіден бірі өтелген соң босатылады.

Осыдан үш жыл бұрын қайталап қылмыс жасаған жастарға байланысты қылмыстық қудалау жөніндегі департамент құрылыпты. Бұл департаменттің құрылуына қылмысты көбінесе бұрын қылмыс жасаған жастардың қайта жасайтыны себеп болған. Бұл қауіптің алдын алу үшін арнайы тәсілдер ойластырылған. Қайталап қылмыс жасаған жасөспірім жазасын өтеген соң 1 жыл ішінде ешқандай құқық бұзушылық жасамаса, тіркеуден алынады. Германия дамыған мемлекеттер қатарына кіреді, заңдары да халықаралық талаптарға сай. Екі мемлекеттің кәмелетке толмағандарға қатысты заңдарын салыстыра отырып, біздің қадамымыз дұрыс бағыт алғанын аңғардық. Олардың кейбір озық тәжірибелері алдағы уақытта еліміздегі заңдарды жетілдіруге септігі тиетіні сөзсіз.

Ш.Мекенбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.