21-06-18 |
5960 рет қаралған
Әйел – отбасының алтын қазығы.
Әйел – отбасының алтын қазығы

Елімізде отбасы мәселелері 2011 жылғы 26 желтоқсанда шыққан Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен реттеледі. Аталған Кодексе сәйкес, «Отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы» деп көрсетілген.

Ал, неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ.

Отбасы – бұл қоғамның құрамдас бөлігі, ажырамас бірлігі, кез келген қоғамдағы отбасы институтының дамуы, сол мемлекетте қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тіпті саяси жағдайларға тікелей байланысты. Сондықтан, қоғамдағы қолайсыз, тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардың көп болуы, неке бұзушылық саны артуы мемлекеттің даму деңгейінің көрсеткіші болса керек. Қазіргі уақытта, қоғамымызда отбасылар арасында неке бұзу, яғни, ажырасу тенденциясы кең етек алған. Ажырасудың отбасының кәмелетке толмаған мүшелері – балаға тигізетін кері әсері аз емес.

Алдымен, толық емес отбасы туралы ғылыми көзқарастарға тоқтала кетсек. Сонымен, толық емес отбасының психологиялық ғылыми тұрғыдан анықтамасын беретін болсақ, В.М. Целуйконың ойынша толық емес отбасы бұл бір ғана ата-анадан және кәмелетке толмаған бір немесе бірнеше баладан тұратын отбасы. Толық емес отбасылардың туындауына себеп көп. Баланың некеден тыс тууы, ата-аналардың бірінің қайтыс болуы, некенің бұзылуы немесе ата-аналардың бөлек тұруы осы себептер қатарынан. Соған орай толық емес отбасылар некесіз, анасынан не әкесінен айрылған, ажырасқан, ыдыраған деген бірнеше топқа жіктеледі. Бұдан бөлек, балалардың тәрбиесімен ата-ананың қайсысы айналысатынына қарай, аналық толық емес немесе аталық толық емес отбасылар болып бөлінеді.

 Мамандардың пікірінше, ерлі-зайыптылардың қандай да бір себептермен бірге тұра алмауы, немесе тұрғылары келмеуі баланың психологиялық жарақат алуына әкеп соғады. Ата-аналардың ажырасуы бала психикасына әсер етіп, баланың бойында өзін басқа балалардан кем санау, ұялу, қорқыныш сезімдерін туғызып, түптеп келгенде, өзін бақытсызбын деп ойлауына, жасық, тартыншақ, тұйық мінезді болып қалыптасуына әкеп соғады. Сондықтан, әсіресе кішкентай балалардың ата-анасы қайта қосылса, әке-шешесінің некелік қатынастары қалпына келсе екен деп тілеуі табиғи құбылыс.

Өкінішке орай, соңғы жылдары отбасының жауаптылығын әйелдерінің мойнына артып, жұмыссыз отыратын, қиындық туса ажырасуға дайын тұратын ер-азаматтар қатары көбейді. Оларды ұл-қызының келешегі ойлантпайды. Күндіз жұмыс, кешке үй шаруасынан қолы босамайтын әйелдің бала тәрбиесіне қолы тие бермейтінін қаперіне алмайды. Сондықтан, отбасылық құндылықты түсінбейтін азаматтар психологиясын өзгертетін уақыт келді.

Ш.МИРСАИТОВА

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.