04-06-18 |
6770 рет қаралған
Жылжымайтын мүлікті тіркеу жеңіл.
Жылжымайтын мүлікті тіркеу жеңіл

Жылжымайтын мүлікке құқықтардың, құқықтық ауырпалықтардың  және онымен жасалатын мәмілелердің туындауы, өзгеруі немесе тоқтатылуы мемлекеттік тіркеуге жатады. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Заңы (әрі қарай – Заң) 2007 жылдың 26 шілдесінде қабылданып, сол жылдың 20 тамызынан бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа заңға сәйксе, мүлікті тіркеу мерзімі жеделдетіліп, жинайтын құжаттар саны азайғанын айта кеткеніміз жөн.

Аталған Заңның 9-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар өзінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын және онымен жасалатын мәмілелерді 6 (алты) ай ішінде тіркеуші органда тіркеуден өткізуі тиіс. Егер 6 ай мерзімінде өзінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркемеген және тіркеу мерзімі өтіп кеткен кезде оларға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес жауапкершілік көзделеді.

Өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру сот тәртібімен жүзеге асырылады. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу тіркеуші органға өтініш түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күн мерзімінде жүргізіледі.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (уәкілетті өкілі) оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсету және белгіленген үлгідегі мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті, жылжымайтын мүлікке техникалық паспортты, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын, құқық белгілейтін және тіркеу объектісін растайтын өзге де құжаттарды, мемлекеттік тіркеуге алым төлегенін растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Мемлекеттік тіркеуге құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылданады.

Меншік құқығы сату-сатып алу, сыйға тарту, айырбас шарты, заң (өсиет) бойынша мұраға алу немесе осы мүлікті иеліктен шығару туралы өзге де мәмілелер негізінде туындайды. Құқықты белгілейтін құжаттар тиісінше рәсімделген түрде қабылданады, тазартылған не қосымша жазулар жазылған, сызып тасталған сөздер мен өзге де ескертілмеген түзетулері бар құжаттар, сондай-ақ, қарындашпен орындалған құжаттар қабылданбайды. Жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеуге байланысты дауларды сот шешеді.

Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжатта шаруашылықтың бүкіл мүшелері көрсетілуге тиіс. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің құрамы өзгерген кезде, оның ішінде мұраға қалдыруға, шығуға, жаңа мүшелердің қосылуына байланысты мүлікке құқықтардың туындауы және үлестер мөлшерінің өзгеруі тіркелуге тиіс.

Мемлекеттік тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар екі данадан тапсырылады, олардың біреуі түпнұсқа немесе нотариалды куәландырған көшірме болуға тиіс. Құжаттың түпнұсқасы тіркелгеннен кейін құқық иесіне қайтарылады.

Тіркелген меншік құқығы тіркелмеген құқықтар алдында басымдыққа ие болады. Жылжымайтын мүлікке құқық мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен басталып туындайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 06 мамырдағы №454 санды Қаулысына сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым ставкалары бекітілген.

Н.АСАНОВА,

Қызылорда облысы

Қармақшы аудандық әділет

басқармасының басшысы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.