Өзінің мүддесін қорғау үшін әрбір адамға міндетті түрде елдің заңын, заңдылықтарын білген абзал. Қазір қапы қалып, қолындағысынан айырылып жатқандардың көпшілігі қарапайым құқықтық сауаты кем жандар. Алаяққа алданып, қорқауға тоналған азаматтардың арасында құқық қорғау органдарына жүгініп, өз талабын жеткізе алмайтындар немесе жеткізгісі келмейтіндер да аз емес. Халықтың мұндай бойкүйездігі, қылмыстың алдын алуға ниетінің жоқтығы келесі бір қылмыстың орын алуына жағдай жасап қана қоймай, қылмыскерлер санын арттырып, жәбірленушілер санын көбейтетінін түсіне бермейтініміз де өкінішті.
Өйткені, алғашқы қылмысынан тежеу көрмеген, құрық түспеген қылмыскерлердің араны ашылып, келесі заңбұзушылыққа еркін, еш қорықпай баратыны уақытпен дәлелденген. Ақшасын алдырса да арыз айтуды ар көрген азаматтар өзінің тапқанын өндіріп алу үшін ғана емес, құқық қорғау органдарына қылмысты, қоғамдағы тәртіпсіздікті жою үшін баратынын түсінгені дұрыс. Қазір Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің барлық бөлімдерінде электрондық тіркеу арқылы қылмыстар жіті бақылауда болады. Осы арқылы жасалған қылмыстардың тіркелмей қалуына жол берілмейді. Десек те, қылмыскердің әрекетінен зардап шексе де, арыз жазуға ниет танытпаған жандар қоғамдағы құқықтық статистиканың әділ жасалуына, криминалдық ахуалдың нақты бейнесін көрсетуге кедергісін келтіріп отыр. Мұндай жағдайда осы уақытқа дейін өзінің пайдалылығын, өзінің керектігін дәлелдеген электрондық тіркеу жүйесі де дәрменсіз.
Қалай болғанда да, қылмыскерден зардап шегетіндер аз болуы үшін құқықтық сауатты арттыруды, құқықтық жауапкершілікті көтеруді мектептен бастаған жөн. Оқу ордаларындағы құқықтану сабақтары заңның әліппелерін ғана емес, өз мүддесін қорғау үшін азаматтар қандай күштік құрылымдарға, қандай арызбен баруы керектігін меңгерте алса тиімді. Сонда ғана қоғамдағы қылмыс та, қиындықтар да азаяр еді. Құқықтық сауаты төмен ортада алаяқтықтың қарқын алуы заңды. Көпе көрінеу елді алдаушылардың көптігі қарапайым халықтың әлі де болса заңдық тұрғыда білімінің жеткіліксіздігін айғақтайды. Мысалы, былтыр Алматыдағы ең үлкен базар саналатын «Барахолканың» жанындағы айналма жолдан жалған жол полициясы құрықталды. Үш сағат бойы әрі-бері өткен көліктерді тоқтатып, қалтасын толтырып тұрған жанды жол полиция қызметкерлерінің өздері ұстады. Бір қызығы, жалған сақшы тоқтатқан көлік жүргізушілерінің ешқайсысы құқық қорғаушының куәлігін талап етпеген, шағымданбаған. Мұның өзі халықтың сенгіштігін, әлі күнге дейін құзырлы органдарға тең тұрғыда емес, төменнен қарайтынын растайды.
Қарапайым азаматтар тұрмақ, білімді, оқыған, өзінің жеке кәсібі бар тұлғалардың да алаяқтардың алдауына түскендері аз емес. Сөзімізге 9 жылға сотталған павлодарлық алаяқтың ісі дәлел. Өзін «ел Президенті Н.Назарбаевтың туған немересімін»,- деп таныстырған Дилшод Абдуллаев алдау жолымен Алматы, Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларының тұрғындарынан жалпы құны 15 млн теңгенің мүлкін қолды еткен. Руслан Тимурұлы Құлыбаевтың атына жасалған жалған қызметтік куәліктің арқасында бұл жігіт талай ауқатты жанды көліксіз қалдырған. Қарап тұрсаңыз, жәбірленушілердің барлығы өз мүліктерін ешбір қарсылықсыз, ешкімнің зорлығынсыз берген. Осының өзі-ақ, елдегі құқықтық сауаттың төмендігінің дәлелі.
Ал енді еліміздің бас қаласы Астананы шулатқан Нұрбол Кентаев та жалған куәлікпен жанын бағып жүргендердің бірі екен. Егер қаржы полициясының қызметкерлері күдіктіні дер кезінде құрықтамағанда оның әлі қанша адамды қақпанына түсірері белгісіз. Кентаевтың бопсалағаны да жай қарапайым азаматтар емес, тікелей заңмен жұмыс істейтін шағын кәсіп иелері. Құқық қорғау қызметкерінің куәлігінен қорыққан олар Кентаевтың құрсауына оңай түсіп, талайға дейін жемсауын толтырып, айтқанын беріп келген.
Қарап отырсақ, алаяқтық қылмысты өршітіп отырған халықтың өзі, сенгіштігі. Шені жоғары, шыққан тегі танымал жандардың атын жамылған алаяқтар бұл кемшілікті мүлт жібермеген. Қаперінде ұстаған. Қарапайым азаматтар көрінгеннің қолжаулығына айналмас үшін дұрысы ел арасындағы құқықтық сауатты көтеру керек. Заңнан хабары бар жанның өз мүддесін ешкімге таптатпайтынын түсінетін кез жетті.
Гүлбарша Сатымбайқызы
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024