03-05-20 |
1750 рет қаралған
Әкесінің үмітін ақтамаған Дариға Назарбаеваның дәуірі аяқталды ма?.
Әкесінің үмітін ақтамаған Дариға Назарбаеваның дәуірі аяқталды ма?

Фото: AFP 2019/STANISLAV FILIPPOV

Кеше 2 мамырда аяқ астынан президент Тоқаевтың Дариға Назарбаеваның сенат депутаты ретіндегі өкілетін тоқтату туралы жарлығы шықты. Ешкім күтпеген мұндай саяси шешім саяси сарапшылар арасында және әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Әркім өз пікірін айтып бақты. Саясаттанушылар күтпеген жерден болған оқиғаға алуан түрлі болжам айтысты. Бұл оқиғаның және бір қырын саясаттанушы Қазбек Бейсебаев аңғарған екен.

«Бүгінгі күннің тағы бір ерекшелігі – Тәуелсіздік алғаннан бері биліктің ешбір бұтағында Назарбаев фамилиясы жоқ. Қауіпсіздік кеңесі билік бұтағына жатпайды». Бірақ бұл Назарбаевтар әулетінің биліктен біржола кеткенін білдірмейді. Саясаттанушылар талқылаған тақырыптың бірі – Дариға Назарбаева қандай қызметке барады? Мәселен, саясаттанушы Андрей Чеботарев оны вице-премьер немесе «Нұр Отан» партиясының басшылығына баруы мүмкін деп болжайды.

«Мәселе партияны кім басқаратынында. Мемлекет басшысы ма әлде сенаттың экс-төрайымы ма? «Nur Otan» партиясының басшылығын Тоқаевқа беру билік транзиті кезеңі мен оның елбасының ізбасары есепті күшін нығайту тұрғысынан қарағанда логикаға келеді. Тағы бір нұсқа Дариға Назарбаеваның вице-премьер ретінде үкіметке оралу мүмкіндігі» дейді саясаттанушы. Алайда пандемия жағдайы, мұнай бағасының құлдырауы, экономикадағы дағдарыс дәл қазір вице-премьер қызметі абырой әпермейтін шақ екенін де саясаттанушы еске салады.

Саясаттағы ешкім күтпеген оқыс бұрылысты талқылау барысында көп адам «Дариға Назарбаеваның саясаттағы жолы осымен аяқталды» десті. Осыған ұқсас ойды Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева да айтты.

«Көп адам үшін оның (Дариға Назарбаева) саясаттан мүлдем кетуі өте жақсы сценарий болар еді. Бірақ бұл олай болмайды деп ойлаймын» дейді Үмбеталиева. Саясаттанушының ойынша, Назарбаеваның орнынан кетуіне оның соңғы кездегі әсіребелсенділігі және өз бетінше ақпараттық кампания жүргізу әрекеті себеп болуы мүмкін.

Тоқаев президент ретінде Дариға Назарбаеваның сенат депутаты ретіндегі өкілетін тоқтату туралы жарлық шығарғанымен мұндай шешімде жеке өзі қабылдады дегенге ешкім сенбейді. Мысалы, «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев президент шешімді қаупісіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевпен келісе отырып жасады деп болжайды. 

«Үлкенің қызының айналасында ақпараттық шу, дау-дамай көбейген соң, Назарбаевтың өзі қызына артқан үміті ақталмағанын түсінді. Сондықан бұл тактиканың өзгеріске ұшырау ықтималдығын көрсетеді» дейді Сәтпаев.

Әкесінің үмітін ақтамаған Дариға Назарбаеваның ел алдындағы беделі өте төмен әрі оған Назарбаевтар отбасы ішіндегі қолдау да анау айтқандай емес. Мұндай ойды саясаттанушы Айдос Сарым алға тартады.

«Назарбаева антирейтинг өте көп саясаткер. Менің ойымша, Дариға Нұрсұлтанқызы тіпті Назарбаевтар отбасында да үлкен қолдауға ие емес. Бірінші президент президенттің шешімімен келіскен әрі қолдаған деп ойлаймын» дейді саясаттанушы.

Кейбір саясаттанушылар Дариға Назарбаеваның сенаттан кетуін Тоқаевтың президент ретіндегі күшінің нығаюына жорыса, енді бірі сенат төрағалығына кім келетіні анық болған да ғана биліктің негізгі күші мен ықпалы қай жақта екенін айтуға болады дегенге иек артады.

Қалай болғанда да Дариға Назарбаеваның сенат депутаты ретіндегі өкілетінің тоқтатылуы биліктегі топтар арасындағы күрестің шиырығып тұрғанын және оның ендігі жерде жаңа өріс, бағыт алу мүмкіндігі барын көрсетеді.

Билікте қандай өзгеріс болса да оған биліктің халықты араластырмайтынын, ел жай ғана сырттай бақылап әлеуметтік желілерде пікірі жазумен ғана шектелетіні анық. Мұны сасясаттанушы Досым Сәтпаев дөп басып, анық айтқан: «Әділ сайлау және электорат жоқ, биліктегі көп адамды сайлау арқылы емес, тағайындайтын, барлық саясатты билік ішіндегі топтардың жанжалына әкеп тірейтін елде қоғамға тек көрермен рөлі ғана беріледі». Ал қазіргі қоғамның саяси белсенділігі тым төмен әрі саяси бостандықтар туралы қолданыстағы заңдардағы көптеген кедергілер мен шектеулер күшінде тұрғанда өзгерістің ауылы өте алыс екенін мойындамасқа лаж жоқ.

 

Сарапшылар пікірі ашық дереккөздерден алынып, топтастырылды

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.