27-05-20 |
1830 рет қаралған
«Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісі қажет».
«Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісі қажет»

фото: everydaybyday.com

Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы отырыс білім саласына арналды.

Отырысқа қатысқан кеңес мүшесі, «Ұлттық аударма бюросының» жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Қазақстан ұлттық үлгідегі мектеп қажет екенін айтты. Және Қазақстандағы мектептердің мәселесіне де тоқталды.

«Біріншіден, Қазақстандағы білім берудің сапасын арттыруға басты кедергі – мектептің жағдайы деп ойлаймыз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7 400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан аса бала оқып жатыр. Оның 70% екі ауысымда ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды. Соңғы жылдары Қазақстан білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салды. Ілгері дамыған елдердің талаптарына бағытталды. Бірақ біз талаптарына ұмтылған елдердің ешқайсысында үш немесе екі ауысымды мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысыммен жұмыс істеуі өте маңызды. Біздің есебімізше, орта білім жүйесін толықтай бір ауысымға көшіру үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай мектеп қажет. Әрине, мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тез арада өз күшімен ғана шеше алмайды. Біздің ұсынысымыз, мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту. Қазіргі мемлекеттік жеке әріптестік құралы және білім беруді жан басына шағып есептеу тетігі мектеп салуға жеке қаражатты соның ішінде шетелдік қорларды тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Алайда осы аталған тетіктер аясында бизнесті ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Оларды қайта қарап, кеңейту қажет деп санаймыз. Сонымен бірге дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандырудың бір амалы ретінде мектеп құрылысын да қарастыруға болар еді. Ауқымды мектеп құрылысының экономика мен қоғамға берері мол екеніне сенімдіміз. Тиісті есептеріміз бен нақты ұсыныстармызды білім министрлігіне бердік.

Екіншіден, еліміздегі білім беру саласындағы өзгерістер халықаралық талаптарды ескеріп, нақты ғылым мен технология, ағылшын тілі секілді бағыттарға басымдық берді. Сөзсіз, бұл аса маңызды және қажет. Дегенмен де білім берудің әлемге ортақ стандарттары халықаралық ұйымдардың бағалау құралдары және ол ұйымдардың ақыл-кеңестері сайып келгенде, әлемдік нарыққа әмбебап маман дайындауға, Қазақстан секілді елдердің қабілетті балаларын дамыған елдерге тартуға жалпы алғанда әлем азаматын тәрбиелеуге бағытталғаны айдан анық. Әлем азаматы рухында білім мен тәрбие алған бала Қазақстанның патриоты болып өсуі екіталай. Сондықтан Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісі қажет деп есептейміз. Нақты ғылым, технология, ағылшын тілімен қатар, тіпті одан бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстанның тарихы мен өлкетануы, ұлт өнері мен дәстүрін озық әдістеме негізінде жаңаша оқытатын сол арқылы әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстан азаматын тәрбиелейтін ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынамыз. Ол мектептердің бағдарламасын құрастыруға осы кеңеске мүше азаматтар да үлес қоса алады деп ойлаймыз. Өзіміз де оған белсене араласуға дайынбыз» деді Рауан Кенжеханұлы.

Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы онлайн оқыту мәселесіне тоқталып, тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін де айтты. Және де оқушылар арасындағы суицид проблемасына да тоқталды.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.