18-06-20 |
2050 рет қаралған
«Ұйғыр ауданындағы оқиғаға нақты баға берілуі тиіс!».
«Ұйғыр ауданындағы оқиғаға нақты баға берілуі тиіс!»

фото: ok.ru

Алматы облысы Ұйғыр ауданында болған оқиға қызу талқыланып, көпшілік өз ойларын әлеуметтік желіде жазып жатыр.

Біз оқиғаға қатысты саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін білген едік.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Әрине, Ұйғыр ауданында орын алған нақты оқиғаға нақты баға беріліп, нақты шешім шығарылуы тиіс.

Бірақ бұл іспеттес, ұлтаралық сипаты бар оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Сондықтан да оның басқаша, моральдық-психологиялық қана емес, тарихи, саяси астары бар деп санаймын.
Сондықтан айтарым мынау:

Ұлт саясатында түбегейлі өзгерістер керек деп айтып келе жатқанымызға қанша уақыт болды! Бұл оқиғаға дейін де ұлттық-демократиялық күштер елімізде орын алған басқа да ұлттық сипаты бар қақтығыстар тұсында өз ойын ашық та табанды түрде жеткізіп жатты. Бірақ ұлттық саясаттағы «баяғы жартас – сол жартас».

Меніңше, Қазақстанда қалыптасқан осы жағдайдың бір ғана себебі бар. Оның мәнісі мынада:

Бізде Совет одағынан қалған бір идеологиялық мұра бар, оның аты – жалған пролетарлық интернационализм. Одақ құрдымға кетсе де, оның идеялық құндылықтары КСРО-ның шинелінен шыққан билік басындағылардың санасында, күнделікті іс-қимылында сақталып қалды.

Сондықтан болар, біздегі ұлттық саясат негізінен ескіше, формальды түрде жүргізіледі. Әртүрлі құрылымдар жасақталады. Бірақ, физика тілімен айтқанда, олардың «пайдалы әсер коэффициенті» – нөльдің қасында. Осы саладағы мықты идеологтар қоғамда бар, ал мемлекеттік органдарда – жоқтың қасы. Немесе олардың сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Бәлкім, Тәуелсіздік алған жылдардың басында ондай саясатқа біршама түсіністікпен қарауға болар ма еді. Не дегенмен, кешегі метрополияның ықпалы сақталып тұрды, демографиялық ахуал басқаша еді.

Қазір жағдай мүлдем басқаша емес пе?!
Менің Қазақстанда тұратын басқа этнос өкілдері арасында достарым баршылық. Бір байқағаным, олардың ешқайсысы Тәуелсіз Қазақстанда қазақ ұлтының өсіп-өркендеуіне, өзінің ұлтқа тән бар факторларының мейлінше дамуына қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Қазақ ұлтының жаңаша тарихта Қайта өрлеуі – Ренессансына олар түсіністікпен қарайды, осы елдің адал азаматтары ретінде ол үрдіс пен ұмтылысты қолдайды. Сондықтан, меніңше, ұлт саясатында жалтақтаудың еш керегі жоқ.

Әрине, басқа жұрттың құқын ешкім де шектей алмайды. Бірақ қазақ ұлтының да өзінің тарихи отанында құқтары мен мүмкіндіктері еш шектелмеуі тиіс.
Қазақстанның Тәуелсіздігі, жер тұтастығы, түпкілікті ұлттық мүдделері, тұрақтылығы туралы неге тек қазақтар ғана ойлануы тиіс? Ол мызғымас құндылықтар еліміздегі барша жұрттың ең басты мақсаты мен мүддесі болуы тиіс емес пе?! Бәлкім, осы мәңгілік мақсаттарға қарсы кез келген әрекет үшін жауапкершілікті арттыру керек болар!

Меніңше, әр азаматтың санасында осындай түбегейлі бетбұрыс болмай, бізде осы тектес оқиғалар қайталана бермек!

Байқайсыз ба, осындай қақтығыстар негізінен басқа этнос өкілдері шоғырланған елді мекендерде болып жатыр? Яғни, проблеманың бір түбі осы ерекшелікте! Осы ерекше жайтты зерттеп, соған сәйкес мемлекеттік деңгейдегі тиімді шешімдерді ұсынып жатқан тәуелсіз сарапшылар қайда? Ал ұлттық мәселе секілді іргелі, мемлекеттің негізі болатын жан-жақты, қоғам өмірінің бар саласын қамтитын құбылыстың аудандық сипаты болмайды!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.