Назарбаевтың туған күнінде «елбасымен бірге» челлендж өтіп жатыр.
6 шілде Қазақстанның экс-президенті, қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы, конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, елбасы, тұңғыш президент, құрметті сенатор мәртебесі бар Н.Назарбаевтың туған күні. Сондай-ақ бұл күні былтыры Қ.Тоқаевтың бастамасымен Назарбаевтың аты берілген бұрынғы Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының да туған күні болып есептеледі.
Назарбаев биыл 80 жасқа толды. Экс-президенттің туған күніне орай сенат төрағасынан бастап, көптеген лауазымды шенеуніктер, қоғам қайраткерлері құттықтау жолдап, Назарбаевтың еңбегіне баға беруде.
Мәулен Әшімбаев, сенат төрағасы:
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде #Elbasymenbirge атты жаңа челлендждің басталғаны белгілі. Соның аясында көпшілік Тұңғыш Президентіміздің елге сіңірген еселі еңбегі мен ұрпаққа өнеге болар тағылымын айтуда.⠀
Бүгінде бүкіл әлем тәуелсіз Қазақстанды бағыт-бағдары айқын, келешегі кемел, қадамы нық мемлекет ретінде мойындайды. Шын мәнінде, біз отыз жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде ғасырлармен өлшенетін жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық. Бұл, ең алдымен, қазақтың бағына туған қайраткер, егемен еліміздің негізін қалаушы тұлға, жаһандық деңгейдегі саясаткер Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екені сөзсіз.⠀
⠀
Тұңғыш Президентіміз экономикамыз тұралаған, жаппай тоқырау белең алған шақта ел тізгінін ұстап, ақыл-парасаты мен дана саясатының арқасында Қазақстанды тығырықтан шығара білді. Халық «кемеңгерліктің отыз жылы» деп баға берген Назарбаев дәуірінде Қазақ елі шет мемлекеттердің бәрімен достық қарым-қатынас орнатып, дүниежүзілік қауымдастықтың төрінен лайықты орын алды. Бүгінде елімізді жаһан жұрты өзіндік даму жолы қалыптасқан, шекарасы шегенделген, бірлігі бекемделген, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігіне баланған беделді мемлекет ретінде таниды.⠀
⠀
Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғырулар еліміздің дамуына тың серпін бергенін бәріміз жақсы білеміз. Соның арқасында экономикалық әлеуетіміз артып, әлеуметтік ахуалымыз жақсарып, тарихымыз түгенделді.⠀
⠀
Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі мен беделі жаһандық мәселелердің де оң шешілуіне ықпал етіп келе жатқаны баршаға аян. Ұлтымыздан бүкіл әлем мойындап, санасатын Елбасыдай тұлғаның шығуы – халқымыз үшін зор абырой және үлкен мақтаныш!⠀
⠀
Тұңғыш Президентіміз астананы Арқа төсіне көшіру арқылы ата-бабамыздың асыл арманын ақиқатқа айналдырды. Қазіргі таңда бұл тарихи шешімнің өте орынды әрі дер кезінде қабылданғанына бәріміз куә болып отырмыз.⠀
⠀
Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл әлемнің назарын аударған былтырғы тарихи шешімімен ел дамуының жаңа көкжиегіне жол бастап берді. Бүгінде Қазақстан сол жолдан жаңылмай, саяси сабақтастықты сақтай отырып, алға қарай батыл қадам басып келеді. Келешекте еліміз осы бағыттан айнымай талай биік белестерді бағындыратынына ешқандай күмәніміз жоқ. Сол жолда әр қазақстандық өз үлесін қосуы қажет.⠀
⠀
Құрметті достар, баршаңызды Елбасы мен елордамыздың бүгінгі туған күндерімен құттықтаймын! Елімізге амандық, жерімізге тыныштық, Елбасымызға ұзақ ғұмыр тілеймін! Қазақ елі мәңгі жасай берсін!
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
– Құрметті достар! Баршаңызды үлкен мереке астанамыз – Нұр-Сұлтан күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы бұл мерекенің орны да, жөні де бөлек. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 80 жасқа толу мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Қазақ елінің Тәуелсіз даму кезеңіне тыңнан жол салған Нұрсұлтан Назарбаевтың істері үлгіге, өмір жолы өнегеге толы. Оны екі ауыз сөзбен тізбелеп шығу тіпті де мүмкін емес. Мен бүгін солардың ішінен ең негізгі, ел ертеңіне мәңгілік қызмет ететін жеті тарихи ісін бөліп атағым келеді.
– Елбасы – Тәуелсіздіктің ту ұстаушысы болып, жаңа, азат Қазақстанның негізін қалады.
– Елдің шекарасын шегендеп, бекемдеді, төрткүл дүниеге танытып, мемлекетімізді алпауыт елдерге мойындатты.
– Ел астанасын Алатаудан Арқаға көшіріп, Есіл бойында еңселі елорда тұрғызды.
– Ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жауып, Қазақстанды бейбітсүгіш елдер қатарына қосты.
– Елде тұрақтылық пен тыныштықты сақтап, ел халқының бірлік пен ынтымақ аясында дамуына жол ашты.
– Ел экономикасын еселеп, реформа жүргізіп, Қазақстаннның түкпір-түкпірін шетелмен байланыстырған күре жол салды.
– Тағдыр тәлкегімен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған сырттағы қазақтың басын Атажұртта қосып, миллионнан астам қандастың отанына оралуына мүмкіндік жасады. Қазақтың үлесін арттырып, санын көбейтті. Ана тілінің адымын ашып, мемлекеттік мәртебе әперді, ата дәстүрді жаңғыртып, төл тарихымызды тірілтті.
Осылайша кемеңгер тұлға Қазақтың «Мәңгілік ел» мұратын іске асыруына мызғымас негіз қалады.
Осынша орасан істі халқының қолдауымен талмай атқарған Елбасы – ел данасы, кемеңгер абызы, әлемдік деңгейде мойындалған саңлақ саясаткер. Іргелі істер мен тұлғалық болмысты қастерлеу – бүгінгі күннің де, болашақтың да еншісінде.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген елміз. «Таулар алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, Елбасының ерен еңбегін шын бағалайтын болашақ ұрпақ болмақ.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ақ тілекпен құттықтай отырып, мықты денсаулық, сарқылмас қуат, берекелі ұзақ өмір тілейміз.
Қара орман халқымыздың алда көрер жақсылықтары көп болсын!