15-07-20 |
1580 рет қаралған
Елдің дамуы қоғамның белсенділігіне байланысты.
Елдің дамуы қоғамның белсенділігіне байланысты

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «еститін мемлекет» халықпен санасатын билікті қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Өркениетті елдер жетістігінің кілті – қоғамның пікірімен санасатынында. Біздің қоғамда да кейінгі жылдары өзі өмір сүрген ортаға деген жанашырлық байқалады. Елде қабылданған заң, қолға алынған бастамалардың оң-солын ажыратып, жетістігі мен кемшілігін сараптауға деген құлшыныс басым. Азаматтық қоғамдағы бұл өзгеріске ең алдымен президенттің алғашқы жолдауы түрткі болғаны күмәнсіз. Осы құжатта Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», дей келе, азаматтарға қолдау көрсетіп, ашық диалог орнатуға дайын екенін аңғартқан еді. Қай елдің, қандай өркениетті мемлекеттің тәжірибесін алып қарасаңыз да азаматтық қоғамның ешқашан бірден орнамағанына көз жеткізесіз. Оның үстіне, біздің еліміз тоталитарлы қоғамнан нарықтық қоғамға өткендіктен біраз кенжелеп қалғаны тағы рас. Онымен бірге азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін институттардың жұмысы кейін кетті. Ал азаматтық қоғамның жандануына ең алдымен үкіметтік емес ұйымдар ықпал етеді. Олардың тек 2000 жылдардан бері қарай қалыптаса бастағаны белгілі. Мемлекеттің ішкі мәселелеріне азаматтардың белсене араласуы да осы кезден басталды.

Азаматтық қоғамды «оятуға» түрткі болған екінші бір себеп – әлеуметтік желілер болса керек. Бүгінде ғаламтордың шырмауына түспеген адам аз. Қазақстанның ақпаратымен шектелмей, әлемдік жаңалықтарға құлақ түріп, көзін тігіп отырған халық басқа мемлекеттердің оң істерін демократиялық мүмкіндіктерін өз елімізде де іске асыруды көздейді. Әлеуметтік желі қолданушылар көбейген сайын, бір мақсатқа топтасып, бір мәселені бірігіп шешуге ынталы жандардың шоғыры еш қиындықсыз қалыптасатын болды. Азаматтық қоғамға қозғау салған үшінші себеп – ақпараттың ашықтығына, құзырлы орындар тарататын жаңалықтардың қолжетімділігіне, сондай-ақ, сөз бостандығына кепілдіктің берілуіне тікелей байланысты. Қазір өз ойын айтып, өз пікірін ұсынамын деген азаматтарға ешқандай кедергі жоқ. Оны әлеуметтік желідегі азаматтардың ашық пікірлерінен, бүкпесіз ойларынан, батыл ұсыныстарынан аңғару қиын емес.

Азаматтық қоғам дәл қазіргі кезде өз деңгейінде, өз биігінде дей алмаймыз. Оған әлі де өсу, күш біріктіру керек. Дегенмен қазірдің өзінде ортақ мәселелерге бұрынғыдай бейжай қарау, немкеттілік танытудың ауылы алыстады. Халық пікір қосатын, тілегін білдіретін тақырыптар да баяғыдай қарабайыр, отбасы, ошақ қасының деңгейінен жоғарылаған. Тіпті, көп адамның тісі бата бермейтін қаржы, заң тақырыптарына да батыл үн қосып, азаматтық ұстанымын білдіретіндердің көбейгені қуантады. Мәселен, биылғы жылы Жоғарғы Соттың бастамасымен Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар, еліміздегі саяси партиялар жұмысын реттейтін, бейбіт шерулер ұйымдастыру тәртібін жүйелейтін заңнамалар күшіне енді. Бұрын осындай заңнамалардың қабылданғанын халық білмей, әбден қабылданғаннан кейін ғана жаңашылдықтармен танысып жататын. Ал жоғарыдағы заңнамаларды талдауға көпшілік белсене атсалысты. Коронавирустың таралуына орай елімізде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан, бұқаралық ақапарат құралдарында да өз пікірін айтқандар қарасы қалың болды. Сонымен бірге, әлеуметтік желіні ашық диалог алаңына айналдырған жұртшылық әр өзгерістің оң тұстарын, таласты сәттерін талқыға салып, құзырлы орындардың назарын өздеріне аударуға тырысты.

Азаматтық қоғамның күшті, ықпалды болуы да оған топтасқан азаматтардың біліміне, біліктілігіне байланысты. Сондықтан ендігі мақсат азаматтық сезімді жоғарылатуға, тұрғындардың отан алдындағы жауаптылығын көтеруге бағытталуы тиіс. Онсыз азаматтық қоғамның іргетасы мықты болмайды. Өз елінің болашағына алаңдамаған, мемлекетте жасалып жатқан өзгерістерге немқұрайды қараған адамдардан билікті жөнге салатын, кем-кетігін түзеп, көшін өзгертетін азаматтық қоғам қалыптаспайды.  Бір анығы – азаматтық қоғам мықты болса, мемлекет те мықты.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.