07-08-20 |
1910 рет қаралған
Аймағамбетов «шаңсорғыш» жоғары оқу орындарын анықтауды жалғастырмақ.
Аймағамбетов «шаңсорғыш» жоғары оқу орындарын анықтауды жалғастырмақ

5 тамызда президент Қ.Тоқаев білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдап, жаңа оқу жылына дайындық мәселесін сөз еткен еді. Бүгін министр Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы жоспары әзірленгенін, ол жоспар үш бағытта жүретінін жария етті.

Асхат Аймағамбетов, білім және ғылым министрі:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін одан әрі кеңейту бойынша жұмысты жүргізуді тапсырды.
2018 жылы жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік беретін заң қабылданды. Осы заңның жобасына жауапты болғанмын, сондықтан оны қабылдау қаншалықты маңызды қадам болғанын жақсы білемін. Одан бері екі жыл өтті. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттілігін байқап отырмыз.
Осы ретте министрліктің қандай ұсыныстары бар?
Жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын «Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы жоспары» әзірленді.
Үш қадамды қамтитын жоспарды сарапшылар тобы ағымдағы жылдың наурыз айынан бері талқылап жатыр. Енді толығырақ тоқталсам.
Бірінші қадам:
1) Білім беруге бизнес пен өндіріс өкілдерін, шетелдік оқытушыларды тарту, өңіраралық деңгейде мамандардың алмасуын ынталандыру өте маңызды. Білім беру жүйесі білім алушыларды нарық талаптарына сай дайындап, одан қалыс қалмауға барынша тырысуы тиіс. Осыған байланысты дәрежелілікке, штатқа, біліктілікті арттыруға және базалық білім беруге қатысты талаптарды қайта қарау қажет деп санаймын. Бұл өлшемдерді жою міндеті тұрған жоқ, дегенмен олар жоғары оқу орындарының еркіндігін шектемеуі керек. Атап айтсақ, мейрамхана ісі, бухгалтерия, туризм, қызмет көрсету, қаржы, IT, журналистика, қоғаммен байланыс, стандарттау және сертификаттау сияқты оқыту бағыттары бойынша штаттық талаптар мен дәрежелілікті талап етудің мәні жоқ, сәйкесінше бұл практиктерді оқытушылыққа тарту үрдісін қиындатады.
2) Дәстүрлі күндізгі оқумен үйлесетін қашықтан және аралас оқыту түрлерін енгізу. Нақты қай форматта оқитынын студенттің өзі таңдайтын болады. Ұсынылатын оқу түрі көктемде болған жағдайдан өзгеше болмақ, өйткені, қашықтан оқыту нысаны бастапқыда уақытша шешім ретінде енгізілді. Әрине, бұл жұмыстарды оқытушыларды қайта даярлаумен және білім беру бағдарламаларын жаңартумен ұштастыру қажет. Қашықтан оқыту нысанын толық бейімдеу үшін заңнамалық өзгерістер қажет.
3) Сондай-ақ ЖБП циклі бойынша типтік оқу бағдарламаларын нақты оқыту нәтижелері көрсетілген шекті форматта қалдыру ұсынылады. Ол нәтижелерге ЖБП игеру қорытындылары бойынша қол жеткізу қажет болады.
Бүгінгі таңда типтік бағдарламаларда тек нәтижелер ғана емес, сонымен бірге оларға қол жеткізу әдістері де сипатталады. Министрлік бұған араласпауы керек, академиялық еркіндік толыққанды болуы тиіс.
4) Көп ұзамай докторанттар да басқа студенттер сияқты жаңа оқу жылын бастайды. Бүгінгі нормативтік актілерге сәйкес докторанттар оқудың бірінші семестрінде диссертацияларының тақырыбын бекітулері керек. Бұл іс жүзінде ғылыми зерттеудің бағытын анықтауда қолайсыздық тудырады. Докторант пен оның жетекшісі диссертация тақырыбын бекіту мерзімін жұмыстың пысықталуына қарай өздері анықтауы тиіс. Білім мен ғылымда формальды көзқарас болмауы керек! Бұл докторанттардың жеке оқу жоспарларын (ЖОЖ) бекіту мерзімдеріне де қатысты. БҒМ мұндай құжаттардың мерзімдері мен мазмұнын айқындамауы тиіс. Біз жоғары оқу орындарындағы есептілікті азайту үшін одан әрі жұмысты жалғастыратын боламыз.
5) ОЖСБ-ны жою. Бақылаудың бұл түрі ешқашан аса тиімді болған емес. Академиялық дербестігі кеңейген әрбір ЖОО өз білім беру бағдарламасын дайындағанда ОЖСБ-ның іс жүзінде қажеттілігі жоқ.
Бағдарламаның екінші қадамы:
Қазіргі уақытта БҒМ мен жоғары оқу орындарының міндеті – білім беру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, білім алушылардың қаржылық жүктемесін де азайту. Мен қазірдің өзінде жоғары оқу орындарында оқу ақысын көтермеу туралы ұсыныс жасадым. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарына да жағдай жасау керек.
Осыған байланысты дағдарысқа қарсы шаралардың келесі пакеті ұсынылады:
1. Жоғары оқу орнының ақылы негізде бір білім алушыға шығатын ең төменгі шығындары мен грант құнының арақатынасы бойынша талаптың күшін жою. Мемлекеттік грант құны артты. Сондықтан, жоғары оқу орындарының баға саясатына бұл кері әсер етпеуі тиіс.
2. Міндетті түрде ғылыми дәрежесінің болуы жөніндегі талаптар мен тәжірибеге бағдарланған даярлық бағыттары үшін штатта жұмыс істеу бойынша қойылатын талаптарды жою.
3. Оқытушылар санының студенттер санына қатынасы бойынша талаптарды жою. Білім беруді дамытудың жаңа жағдайларында бұл талап өзектілігін жойып отыр.
4. Қорытынды бақылау нысаны бойынша талаптың күшін жою. Қаржы, бухгалтерлік есеп, IT, мейрамхана ісі бағыттары бойынша оқу нәтижелері дипломдық жұмыспен емес, нақты тәжірибедегі жұмыс дағдыларымен, демонстрациялық емтихандармен немесе жобалармен расталады. Бұл кейбір ЖОО-да тек «бар болса болды» деген қағидамен жазылған курстық жұмыстарға да қатысты.
5. Пандемия кезеңінде оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмысқа орналасу туралы талап тек талдау жүргізу үшін ескерілетін болады. Ендігі кезекте біз түлектердің жұмысқа орналасуын ғана емес, сонымен қатар осы түлектердің жаңа жұмыс орындарын ашуын да ескеретін боламыз.
6. ЖОО иеленуі тиіс материалдық активтердің түрлері бойынша талаптарды қайта қарау қажет. Активтердің түрлері емес, білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін қажет жағдайлардың болуы аса маңызды.
Бағдарламаның үшінші қадамы:
Ең бастысы, білім сапасын бақылау қажет. БҒМ «шаңсорғыш» жоғары оқу орындарын анықтау саясатын жалғастыра беруі тиіс. Кейде жұмыстарын адал атқарып жүрген жоғары оқу орындары да мемлекеттік бақылаудың қатаң саясатынан зардап шегеді. Осыған байланысты бұрын-соңды ҰҚСК отырысында айтылған жоғары оқу орындарын лигалар бойынша саралау бойынша ұсыныс қолдау тапты.
Бірінші санатқа халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ЖОО-лар енеді. Олар үшін басты критерий – ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейде болуы. Олар – ғылым саласы білім беру бағдарламаларына үн қосатын және ел экономикасына әсер ететін жоғары оқу орындары. Мұндай жоғары оқу орындарында академиялық еркіндік 100% болады. Мемлекеттік бақылаудан босату оларға тексеру жұмыстарына алаңдамауға мүмкіндік береді. Оларда толық сенім білдіру презумпциясы болады.
Екінші санатқа ұлттық деңгейдегі бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындары енеді. Олар бірінші санаттағы жоғары оқу орындарымен бірдей академиялық еркіндік деңгейіне ие болады. Сондай-ақ олар да тексерулерден босатылады.
Үшінші санат бойынша. Өңірлік ЖОО республикалық деңгейде бәсекелесе алмайды, алайда, өңірлердегі студенттер үшін тиісті деңгейде білім береді және оқыту барысында «өзінің» білім алушысына бағдарланады. Өңірлік немесе салалық жоғары оқу орындары (үшінші санат) үлкен академиялық еркіндік көлеміне ие болады. Бұл жоғары оқу орындарында тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша ғана тексеріс жүргізілетін болады.
Ал қалған ЖОО-лар төртінші санатқа енетін болады. Олар толық көлемде мемлекеттік бақылауға тартылады, сапа мен сенімнің төмен деңгейде болуына байланысты оларға қатысты көптеген талаптар мен нормалар қолданылатын болады.
Жоғары оқу орындарын төрт санат бойынша саралау негізінде жоғары оқу орындарындағы білім мен ғылымның сапасын арттырудағы бәсекелестігі жатыр, ал бәсекелестік, өздеріңіз білетіндей, әрқашан пайдалы.
Жалпы алғанда, біз осы үш қадамды жүзеге асыру еліміздегі жоғары білім беру саласына қосымша серпін беретіндігіне сенімдіміз. Ал, академиялық еркіндіктің арқасында білім берудің нақты тиімділігіне негізделген бәсекелестік жоғары оқу орындарының сапасын жақсартады және нәтижесінде олардың түлектеріне одан әрі бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі деп санаймыз, соның ішінде халықаралық деңгейде.
Мен бұл ұсыныстардың әртүрлі қабылдануы мүмкін екендігін түсінемін. Дегенмен, қазіргі уақытта осындай шешімдер қабылдануы қажет деп санаймын. Біз бір-бірімізге, жоғары оқу орындарына, студенттерге және оқытушыларға барынша сенім артуымыз керек. Тек осылай ғана оң өзгерістерге қол жеткізуге болады.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.