13-08-20 |
2030 рет қаралған
Белорусьтегі жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?.
Белорусьтегі жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?

12 тамызда Белорусьтегі жағдайды бір топ саясаттанушы онлайн дөңгелек үстел форматында талқылады. «Белоруссиядағы сайлаудан Қазақстанның алатын сабақтары» деп аталатын онлайн пікірталасқа Қазақстан, Қырғызстан, Белоруссия, Ресей сарапшылары қатысты. Бір жарым сағатқа созылған онлайн талқының алғашқы бөлігі Белорусьтегі жағдайға арналса, екінші бөлігі ол елдегі жағдайдан Қазақстан қандай сабақ алу керек деген сауал төңірегінде өрбіді.

Ермұхамбет Ертісбаев, экс-елші:

– Алдағы сайлауда Қазақстанда фальсификация және сандарды ауыстыру болатын болса, жаппай қарсылықтан Қазақстанда да қашып құтыла алмайды. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек, жергілікті мәслихаттарды, ауыл, аудан, облыс және парламентті толықтай ауыстырудан қорқпауымыз керек. Биліктің ауыспалы болуы қалыпты нәрсе. Онда тұрған ештеңе жоқ. Барлық елдер ерте ме кеш пе сол жолдан өткен. Белорусь президентіне кандидаттар қайда қазір? Не түрмеде, не елден кетуге мәжбүр болды. Бізде де проблема бар. Мәселен, Макс Боқаев пен Арон Атабекті бұдан әрі түрмеде ұстаудың қисыны жоқ. 

Рахым Ошақбаев, экономист:

– Алдағы сайлау қазіргідей партиялық тізіммен өтетін болса, халық сеніміне ие бола алмайды. Егер бір мандатты сайлау жүйесі енбеген жағдайда партиялық жүйе ел сенімінен шықпайды әрі ашық, әділ сайлауды қамтамасыз ете алмауы мүмкін.

Марат Шибұтов, саясаттанушы:

– Белорусь мысалынан алып айтсам, біздің территриямыз ол елден он үш есе үлкен. Және біздің ОМОН-дар олай ұзақ әрі тез жүгіре алмайды. Жұмсартып айтсақ, көп ауыл-аймаққа олар жетіп үлгермейді.

Оразғали Селтеев, саясаттанушы:

– Президент сайлауындағы қоғам көңіл-күйімен алдағы сайлаудағы қоғамның көңіл-күйін шатастырмау керек деп ойлаймын. Екеуі сәл бөлектеу. Белорусьтен алатыным сабағымызға келсек, біз реформа жасаудан кешіктік. Косметикалық реформаларға енді жол жоқ. Коронавирус әлеуметтік-экономикалық жағдайымызға қатты соққы жасады. Адамдар жұмысынан, табысынан айырылды. Сондықтан қарсылық көңіл-күй өсе береді. Нақты реформаларға қатысты айтсам, 17 аймақтың әкімін президент тағайындайтын жүйені қалдырып, қалған әкімдерді түгелдей әділ әрі ашық сайлаумен сайлау керек. Көрдіңіздер ме, кешегі сенатқа сайланған депутаттар президент Тоқаевтың сайлаудағы жинаған дауысынан да көп дауыс алды. Қазіргі мәслихат депутаттарының уақыты өткені байқалды. Олар түгелдей кеткені жөн. 

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

– Бізге ашық пікірталасты дамыту керек. Және облыстардың әкімдерін де халықтың өзі сайлауына рұқсат берген жөн. Сондай-ақ сенатты тікелей сайлау жүйесіне көшіріп, президенттің тағайындауын алып тастаған дұрыс болар еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.