24-08-20 |
2580 рет қаралған
Халықаралық еңбек ұйымымен байланыс жолға қойылған.
Халықаралық еңбек ұйымымен байланыс жолға қойылған

Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ең ықпалды ұйымдардың бірі саналатын Халықаралық еңбек ұйымының құрылғанына (ХЕҮ) сәуір айында 101 жыл толған болатын. Бас пәтері Швейцарияның Женева қаласында орналасқан бұл ұйымға бүгінгі таңда 187 мемлекет мүше болып отыр.

ХЕҰ-ның өнеркәсіптегі жұмыс уақыты туралы №1 Конвенциясы 1919 жылы қабылданса, үй қызметкерлерінің лайықты еңбегі туралы №189 Конвенциясы 2011 жылы қабылданған болатын. Қазақстан тәуелсіздік жылдары ұйымның 189 конвенциясының өз мүмкіндігіне қарай 24-ін қабылдаған болатын. Бұл мәселенің мән-жайын жетік білмейтін адамдар үшін ерікті түрде қабылданатын және орындалуы міндеттелмейтін ХЕҰ конвенцияларын ратификациялауға Қазақстан өзге елдерге қарағанда немқұрайдылық танытып отырғандай көрінуі мүмкін. Өйткені Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше басқа елдердің ХЕҰ конвенцияларын енгізу көрсеткіші біршама жоғары.

Мәселен, ол Ресейде – 75, Украинада – 71, Қырғызстанда – 53, Тәжікстанда – 50, Беларусьте – 49, Арменияда – 29. Алайда бұл елдер онда көрсетілген талаптарды толық сақтауы және еңбек адамына қолайлы мүмкіндіктер жасау жағынан Қазақстаннан айтарлықтай алда тұр деуге әлі ерте. Яғни сөз бен істің сәйкес келуі жағынан әттегенай дейтін тұстары аз емес. Сондықтан санды ғана қумай, сапаға да әрдайым мән беру тұрғысынан Қазақстанның ұстанымына кейде басқа көзбен қараған артық болмайтын сияқты.

Бұл тұрғыда республикадағы 1,5 млн адамның басын қосатын түрлі салалық кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп отырған ҚР Кәсіподақ федеорациясы өз ұсынысын жариялаған болатын. Олар қабылдауды ұсынып отырған 5 конвенцияның біріншісі 1952 жылы қабылданған №102 «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы» конвенция. Онда әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесімен қамтылуы тиіс күнделікті қауіптердің – медициналық қамсыздандыру, ауру, жұмыссыздық, кәрілік бойынша қамтамасыз ету, өндірісте жазатайым жағдайға және кәсіби ауруларға байланысты, отбасылық қамтамасыз ету, бала туу себепті қамсыздандыру, мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу сияқты 10 түрі көрсетілген. Екіншісі, 1970 жылғы №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенция. Онда ең төменгі жалақы бір жағынан жұмысшылардың, сондай-ақ, олардың жанұяларының мүддесі, ал екінші жағынан экономикалық даму мүддесі ескеріле отырып, белгіленуі тиіс екендігі көрсетілген. Үшіншісі, 1981 жылғы №154 «Ұжымдық келіссөздердің жәрдемдесуі туралы» конвенция. Оның талаптары ҚР Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келеді. Төртіншісі, 1994 жылғы №175 «Толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу туралы» конвенция. Ол жұмыспен қамту саласындағы саясат жұмыспен қамтудың қосымша мүмкіндіктерін құруда толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу рөлін және жұмыспен қамту, еңбек шарттары және әлеуметтік қамтамасыз ету секілді салаларда жұмыс уақыты толық емес еңбеккерлердің қорғанысын қамтамасыз ету қажеттілігін ескеру үшін қабылданған. Бесіншісі, 2001 жылғы №184 «Ауыл шаруашылығында еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» конвенция. Ол өндірістік жарақаттанушылық, кәсіби аурулар мен ауыл шаруашылығында адмдардың қазасы жағдайларының алдын-алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасын тұрақты жетілдіруге жәрдемдесу үшін қарастырылған.

Бұл бағыттағы алғашқы іс-шаралар ҚР Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы республикалық кәсіподақтар бірлестіктері өкілдерінен құралған Жұмыс тобы дайындаған ҚР Үкіметі, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жобасында қарастырылған. Тамыз айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданған бұл жобада «Еңбекке ақы төлеу жүйесі» бағыты бойынша ҚР Үкіметіне 2021 жылғы бірінші тоқсанда ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялауға дайындық мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру қарастырылған. Сондай-ақ жыл соңына дейін ҚР Парламенті Мәжілісіне бұл конвенцияны ратификациялауға енгізу, ал 2022 жылы ҚР Еңбек кодексінің және басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларын бұл конвенцияға сәйкес келтіру жөніндегі заң жобасын дайындау көзделіп отыр.

ХЕҰ конвенцияларында көтерілген және қамтылған мәселелердің көбі Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында және Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы мен соның негізінде үкімет деңгейінде қабылданған түрлі бағдарламалар мен жоспарларда да жан-жақты қарастырылған. Яғни мәңгілік ел болуды алдына басты міндет етіп қойып отырған Қазақстанның еңбек қатынастарын өркениетті түрде жолға қоюда жүз ойланып, мың толғанып барып жасаған әрбір әрекеті болашақ ұрпақтың қамы үшін деп зор сеніммен айтуға болады.

                Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.