ҚР Үкіметі, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жобасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды. Оны ҚР Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы республикалық кәсіподақтар бірлестіктері өкілдерінен құралған Жұмыс тобы дайындаған болатын. Ол еліміздің Кәсіподақтар федерациясының наурыз айында барлық республикалық кәсіподақтар бірлестіктеріне жұмысшылардың еңбек және экономикалық құқықтарын, еңбекақы төлеу деңгейіндегі кепілдіктерді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ұстанымдарды қолдауда бірыңғай тәсілдерді бірлесе әзірлеу туралы бастамасы бойынша құрылған еді. Федерация сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, әлеуметтік әріптестік институты; экономикалық саясат; еңбекке ақы төлеу жүйесі; лайықты еңбек жағдайлары; әлеуметтік саясат бағыттары аясында жасалған жобада көп мәселелер қамтылған.
Мәселен, «Еңбекке ақы төлеу жүйесі» бағыты бойынша ҚР Үкіметі 2021 жылғы бірінші тоқсанда «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялауға дайындық жұмыстарын қолға алады. Осыған орай барлық тараптан өкіл тарта отырып жұмыс тобын құру жоспарлануда. Бұл конвенцияға таңдау жасаудың өзіндік мәні бар. Өйткені, аталмыш құжат жалақы төлеудегі заңдылықты сақтауға негізделген. Құжатты басшылыққа ала отырып тараптар келісімімен ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту бойынша сараптама қолға алынған.
Жалпы, Қазақстанда еңбек ақы мөлшеріне қатысты пікірталас көп. Қарапайым халықтың мемлекеттегі, әр өңірдегі орташа айлық жалақы көлеміне сенімсіздік танытуы көбіне-көп қаржылық сауаттың төмендігі мен есеп-қисапта ашықтықтың жоқтығына байланысты. Ал Кәсіподақтар федерациясы жұмыс істеп істеп отырған аталмыш конвенция осы теңсіздікті жоюды мақсат етеді. Осы ретте тараптардың келісімі бойынша 2021 жыл ішінде қолданыстағы заңнамаға мемлекеттік кепілдіктер тізбесін және еңбекке ақы төлеу жүйесі стандарттарын кеңейту бойынша түзетулер әзірлеу өзекті болып отыр. Бұл жерде жұмысшы құқығын қорғайтын әр тетік назарда ұсталуы тиіс. Мәселен, бір сағаттық және бір айлық жұмыс үшін ең төменгі жалақы мөлшерлемелері; жұмыс күнінің, жұмыс аптасының, айлқ жұмыстың қалыпты ұзақтығы, сағатпен; разрядталған коэффиценттердің максималды «қадамы»; ең жоғарғы жалақының ең төменгі жалақыдан максималды есептік асып кетуі; мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардағы әртүрлі санаттағы жұмыскерлер жалақысының саралануы; ең төменгі жалақы мөлшерін инфляцияның өсуінен төмен емес деңгейде жыл сайынғы индекстеу кепілдігі басшылыққа алынуы маңызды. Мұндай сараптама еңбек ақыны есептеудегі заңсыздыққа тегеурінді тосқауыл қояды.
Әрине, терең сүзгіден өткен құжат тек жоғары заң шығарушы органның мақұлдауынан өткенде ғана оң нәтиже берері талас тудырмайды. Соған орай 2021 жылы №131 Конвенцияны ҚР Парламентінің мәжілісіне ратификациялауға енгізу жоспарланып отыр.
Кәсіподақтар федерациясының жұмысы мұнымен бітпейді. Бұдан әрі қарай 2022 жылғы бірінші тоқсанда жоғарыдағы Конвенцияға сәйкес келетін Ұлттық еңбекке ақы төлеу жүйесін біріздендіру күн тәртібіне қойылған. Ол үшін осы мәселелерді жүйелейтін бағдарлама жасап, осы құжат шеңберінде экономикадағы орташа және медиандық жалақы арасындағы алшақты қысқартуға ықпал ететін шаралар әзірленіп, қабылданады.
Өкінішке орай, Қазақстанда жалақы төлеуде бірізділіктің жоқтығы, жеке компаниялардың көлеңкелі экономиканы таңдайтыны, салықтан жалтару үшін түрлі құйтырқылыққа баратыны рас. Бақылаудың төмендігінен көбінесе қарапайым жұмысшылар зардап шегеді. Сондықтан ел мүддесіне қызмет ететін конвенция талаптарын енгізу үшін алдағы жылдары әлі де ауқымды жұмыстар жүргізу шарт. Соның ішінде 2022 жылдың соңына дейін қолданыстағы Еңбек кодексінің және басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларын №131 Конвенцияға сәйкес келтіру мақсатында заң жобасын дайындау кезек күттірмейді.
Қаржы саласын зерттеп, сараптама жасаған мамандар өркениетті елдердегі жалақы көлемі мен Қазақстандағы еңбек ақының мөлшерінде үлкен айырмашылық барын алға тартады. Соған орай экономика салаларындағы еңбекке ақы төлеудің ең төменгі деңгейін ЭЫДҮ елдеріндегі ұқсас көрсеткіштерге кезең-кезеңімен жақындастыру Жоспарын әзірлеу керек. Бұл жоспар еңбек нарығындағы теңсіздікті реттеуге көмектесері сөзсіз.
Лауазымдық айлықақы мөлшерінде жыл сайынғы еңбек демалысына сауықтыруға арналған жәрдемақы алушылар қатарына мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың штатында тұрған білікті емес еңбек жұмысшыларын қосу да бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Бұл жөнінде азаматтар үнемі айтып, құзырлы орындардың назарын аударуға тырысып-ақ жүр. Конвенцияны ратификациялау барысына бұл мәселе ескерусіз қалмайды.
Ашықтық, тағы да ашықтық. Өркениетті елдерде пайда мен шығынның есебі ашық көрсетіледі. Жұмысшылардың айлық үшін ғана емес, жылдық табысқа байланысты берілетін бонустарды алу үшін жанын беріп жұмыс істейтіні сондықтан. Жеке басының пайдасын ойлап қоймай, өнімді жұмыс, сапалы нәтиже көріп, қарауындағы кадрлардың құрметіне бөленгісі келген басшы қызметті ашық жүргізіп, айлықты табыстың мөлшерімен байланыстыруы керек. Осы ретте бюджет саласы және квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің жалақы мөлшері туралы ақпараттың толық ашылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың әртүрлі санаттағы жұмыскерлерінің жалақы мөлшерін саралау талаптарын, атап айтқанда, кәсіпорындағы (ұйымдағы) еңбекке ақы төлеудің ең жоғары және ең төмен деңгейі арасындағы жол берілетін айырманы 500 пайыздан аспайтын мөлшерде белгілеу күтілуде.
Яғни, ел Үкіметі, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жобасы қабылданған жағдайда Ұлттық еңбекке ақы төлеу жүйесінде бірқатар жаңа өзгерістер жасалмақ. Бұл елдегі әлеуметтік жағдайды оңалтуға оң серпін берері күмәнсіз.
Р.Мәлікұлы
arasha.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024