09-09-20 |
1740 рет қаралған
«Ауыл» мен «Бірлік» партиясы біріге ме?.
«Ауыл» мен «Бірлік» партиясы біріге ме?

Нұр–Сұлтан қаласында «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVII съезі өтті. Делегаттар күн тәртібінде «Бірлік» партиясының «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясына қосылу туралы ұсынысын қарастырды.
«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың сөзінше, «Бірлік» партиясының бұл ұсынысы биыл келіп түскен. Осыдан кейін «Бірлік» партиясының қызметі мен бағдарламалық құжаттарын зерделеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның жетекшісі Сейтжанов Қ.Қ. съезд делегаттарын қортынды есебімен таныстырды. Ол «Бірлік» партиясының еліміздің саяси – қоғамдық өміріне араласу белсенділігінің төмен екендігін айта келе, партияның құрылымдық бөлімшелеріндегі жұмыстарда тұрақтылық пен бірізділік жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ, партияның жарғысы мен бағдарламасына жылдар бойы өзгерістер енгізілмегендіктен көптеген мәселелер заманауи саяси жағдаятта өзінің өзектілігін жойған. Сейтжанов сөзін «Бірігу «Ауыл» партиясына ешқандай да саяси бедел әпермейді» деп түйіндеді. Осыдан кейін Ақбердиев Ф.А., Садырбаев А.Ж. және Оразбаев Ғ.Ж. сияқты съезд делегаттары жарыссөзге шығып, өз пікірлерін айтты. Дауысқа салу барысында делегаттардың басым бөлігі жұмыс тобының қортындысын қолдап, «Бірлік» саяси партиясының «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясына қосылу туралы ұсынысына қарсы дауыс берді.
Съезде «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясының Саяси кеңес Президиумының құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе де қарастырылды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау экс вице-министрі Жакупова Светлана Қабыкенқызы, э.ғ.д., «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Есенеев, «Шопан-ата» Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев және «Ауыл» ХДПП жастар қанатының өкілі Әйгерім Көкееваның президиум құрамына енуін делегаттар бірауыздан қолдады.
Жиын соңында Саяси кеңестің шешімімен Қайрат Айтуғанов және Светлана Жакупова «Ауыл» Халықтық–демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары болып сайланды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.