15-08-20 |
1420 рет қаралған
Жастар қамқорлықтан кенде емес.
Жастар қамқорлықтан кенде емес

Ертеңін ойлаған ел жастардың біліміне, тәрбиесіне назар аударады. Мемлекеттің келешегі жарқын болуы үшін бұл шаралардың маңызы зор. Міне сондықтан да алдыңғы жыл арнайы Жастар жылы деп жарияланса, биылғы жыл Волонтерлар жылы ретінде тарих қойнауынан орын алды. Бұл екі жыл да бір-бірімен өзектес, тамырлас. Осы арқылы жастардың тұрақты қолдауға ие екенін іспен дәлелдеген еліміз, биылғы жылды еріктілер жұмысын насихаттауға бағыттай отырып, жастарды отаншылдыққа, патриоттық сезімге, мейірім мен қайырымдылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен тәрізді.

Қазақстанда ертеңінен үміт күттіретін, жалында жастар аз емес. Ал оларға жасалатын қамқорлық қай деңгейде? Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін өзге елдердің тәжірибесіне, жастарға берілетін мүмкіндіктерге көңіл бөлген жөн. Біздің елімізде тегін білім алуға, тегін емделуге толық кепілдік берілген. Білімінің ұшқырлығын, қабілетінің жоғарылығын дәлелдеген жастарға мамандық алу үшін тегін білім гранттарының берілуі де кейбір елдерде кездесе бермейтін игілік. Қатарынан оза шапқан талапкерлердің белгілі сынақтардан өтсе магистратура, докторантурада оқуын жалғауы, сол үшін шәкіртақы алуы да заңды түрде реттелген. Ал «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде біліктілігін шыңдап, жаңа мамандық игеріп келіп жатқан жастарға бөлінетін қаржы көлемі тіпті қомақты. Ондай мақсатты жастарға мемлекет үлкен үміт артып, материалдық жағдайға алаңдамай уақытын тек білімге арнауына толық мүмкіндік беріп отыр. «Болашақ» бағдарламасымен білімін шыңдап келген жастардың алғашқылары қазір ел игілігіне қызмет етуде. Өзгеше ойлайтын, Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосуды армандайтын бұл жастардың соны ойларын, келелі жоспарларын іске асыруына еш кедергі жоқ.

Кез келген мемлекетте адамның өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік беретін үш алып күш бар, олар – білім, жұмыс және баспана екені сөзсіз. Міне соған орай, жастар жылы аясында біліммен қатар жұмыс пен баспана мәселесінің шешілуіне де ден қойылды. Соған орай, енді еңбекке араласқан жастардың баспана алуына көмектесетін тетіктер жасалды. Қолжетімді несие, қолжетімді трғын үй жобаларын ұсынған еліміз жастардың өз таңдауын жасауына жол ашты. Нәтижесінде жаңа отбасын құрып, енді жұмысын бастаған жастардың өз баспанасын алып, тұрғын үй мұқтаждығын болдырмаудың тетігі жасалды. Қазақстанның үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастарды жылына мыңға жуық пәтермен қамту мәселесі өз шешімін тапты.

Жастар – қоғамдағы белсенді күш, озық идея авторлары. Ірі қалаларда бағын сынауды тәуір көретін олардың ә дегеннен жұмыс бастап, кәсібін дөңгелетіп кетуі күмәнді. Мұндайда қолында ешқандай капиталы жоқ, тек мықты идеялармен қаруланған жастардың бизнес бастауына қолайлы орта қалыптастыру қажет-ақ. Мемлекет бұл мәселеге де бейжай қараған жоқ. Жастардың бизнесін қолдау үшін 20 мың грант бөліп, шағын және орта кәсіпкерліктің негізін қалыптастырды.

Жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру, студенттік құрылыс қозғалыстарын дамыту, сонымен қатар, жас отбасыларға қолдау көрсету де бүгінде өзектілігін жоймады. Жастар жылында бастама көтерілгенімен, бұл игілікті істердің кейінгі уақытта да жалғасын тауып отырғаны қуантады.

Жастарды қолдаудың заңдық негізі де елімізде әлдеқашан шешімін тапқан. Осыдан бес жыл бұрын 2015 жылдың ақпанында тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға қол қойды. Бұл заң арқылы жастарға берілетін ігілік ұшан-теңіз. Соның ішінде жас белсенділердің консультативтік-кеңесші органдарға қатысуға мүмкіндік алуын, жастар форумы мәртебесінің бекітілуін, жастар ресурсы орталығы мен әлеуметтік қызметтердің жұмысының жолға қойылуын ең үлкен нәтиже ретінде бағалауға болады.

Өздеріне берілген мүмкіндік пен қолдауға жастар да риза. Жоғары оқу орнын бітіре салысымен «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша Павлодар облысына барған Гүлсағат Берішқызы соның бірі. Абылай хан атындағы шет тілдері университетін бітірген ол ағылшын тілі маманы. Алғашында Алматыда жұмыс істеуді мақсат еткен ол мұғалім мамандығына сұраныстың да, бәсекелестіктің де көптігін байқайды. «Ағылшын тілінен сабақ беретін болып бірнеше мектепке түйіндеме тастадым. Бірақ, тәжірибесі аз біз сияқты жас мамандардың алғашында көп айлық алмайтыны белгілі. Ол ақшаның пәтер жалдауға біразы кететін тағы рас. Сондықтан «Дипломмен ауылға!» жобасын сынап көргім келді. Бұл ойымды ата-аам да құптады. Осылайша Павлодарға келіп мемлекет қолауымен баспаналы болдым. Қазір жұмысым жақсы, отбасылы болып, бір қыз тәрбиелеп отырмыз» дейді жас маман.

Дәл осы жобаға арқа сүйеп Павлодарға ат басын бұрған оңтүстік өңірінің өрендері аз емес. Олардың барлығы баспаналы болып, өз мамандығы бойынша кедергісіз қызмет жасауда. Осындай мүмкіндік сыйлап, өмірін оң бағытқа өзгерткен мемлекет қамқорлығына жастардың бәрі шын көңілден риза.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.