16-09-20 |
1420 рет қаралған
Коммунистер: Жеке және заңды тұлғалар үшін несие рақымшылығын жүргізу қажет.
Коммунистер: Жеке және заңды тұлғалар үшін несие рақымшылығын жүргізу қажет

«Халық коммунистері» фракциясының мүшелері ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары пандемия кезінде дағдарысқа ұшыраған жеке тұлғалар мен ШОБ-ты қолдауға ерекше назар аударуды ұсынып отыр.
«Пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі, карантин және локдаун секілді шектеу шараларын енгізу уақыт көрсеткендей, аурудың ерекше қарқынмен дамуын тоқтатуға септігін тигізген шешім болды.
Осы орайда «Халық коммунистері» фракциясы бұл шаралар жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлердің кірісінің төмендеуіне немесе жоғалуына әкелгеніне назар аударып отыр. Әрине, бұл жағдай оларға байланысты емес. Бірақ ешкім халық пен бизнестің қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелерінің күшін жойған жоқ.
Карантин кезінде ШОБ саласында өндіріс көлемі күрт төмендеді: қоғамдық тамақтану – 53%-ға, бөлшек сауда – 45%-ға, көлік – 37%-ға. Бұл кәсіпкерлердің де, олардың қызметкерлерінің де кәсіпорындарды жабу, банкроттық жариялау, банктермен сот ісін жүргізу секілді тәуекелін арттырады.
Ресми мәлімет бойынша, карантин кезінде жұмыспен қамту аймағынан 4 миллион 200 мың адам шығып қалды. Шын мәнінде, жұмыссыздық 46%-ға жетті. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған деңгей. Қазіргі дағдарыс тек санитарлық-эпидемиологиялық қана емес, сонымен бірге еңбек нарығындағы төтенше жағдай сипатына ие. Тиісінше, төтенше шара қажет.
Президенттің Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыздық жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау, яғни «кредиттік рақымшылық» 2019 жылы қоғам мен қаржы институттарына оң әсерін тигізді. Бірақ 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында микрокредит көлемі айтарлықтай өсті.
ШОБ-қа берілген микрокредит көлемі 850%-ға өсті. Бұл ретте негізгі борыш немесе есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешек 283%-ға жетті.
Жеке тұлғалар шағын несиелерді 145%-ға ұлғайтты. Мерзімі өткен берешек 332%-ға өсті.
Бұрын азаматтар тұрмыстық техника, қымбат киім сатып алу, түрлі отбасылық іс-шараларды өткізу үшін несие алса, шектеу шаралары жағдайында және одан кейінгі кезеңде уақыты өтіп кеткен несиені өтеуге, оқуға, емделуге, киім мен азық-түлікке қарыз алатын болды.
Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды. Бірақ Президент жариялаған мораторий мерзімі қыркүйек айында аяқталады. Коммунистер оған дейін қарыз алушылар төлем қабілеттілігін қалпына келтіреді дегенге күмәнмен қарайды.
Мамандардың болжамынша, 3 миллионға жуық қазақстандық шағын және орта бизнеске шоғырланған. Егер жаңа шектеу шаралары енгізілмесе, шағын және орта бизнеске шамамен бір жыл бойы қалпына келу қажет болады. Түрлі бағалауларға сәйкес, ШОБ субъектілерінің 30-50%-ы жабылады деп күтілуде.
ШОБ пен қызметкерлердің жоғарыда аталған барлық проблемасы қарыз бойынша дефолт тәуекелін арттырады.
Экономиканың құлдырауы жағдайында көптеген елдер тұтынушылық сұранысты, салықтық, несиелік амнистиялар мен демалыстарды ынталандыру бағдарламалары негізінде халық пен бизнесті қолдаудың түрлі шараларын қолданып жатыр.
Нақты немесе минималды базалық кіріс енгізілуде.
Қазақстанда дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті қолдауды ынталандыратын шараларға да айтарлықтай қаражат бөлінеді. Олар тағы да коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институттар арқылы жіберіледі. Демек оларға тағы да қолдау көрсетіледі.
Алдыңғы кезеңдердегі дағдарысқа қарсы шаралардың тәжірибесін ескере отырып, «Халық коммунистері» фракциясы басымдықты қайта қарауды және жеке тұлғалар мен ШОБ-ты қолдауға ерекше назар аударуды ұсынады.
Елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысымына ұшырауы мүмкін.
Несие рақымшылығын әзірлеу аясында коммунистер барлық мүдделі тараптардың өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік комиссия құруды, несие аудитін жүргізуді, қаржыландыру көздері мен рақымшылыққа қатысушылар үшін критерийлерді анықтауды ұсынады.
Коммунистер қаржыландыру көзі әкімшілік-шаруашылық қызметке және салықтық маневрге мемлекеттік шығыстарды оңтайландырудан босаған қаражатты бағыттауға болады деп болжайды. Атап айтқанда, азаматтардың мұрасына және үстеме кірістеріне салық салуды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін, яғни 30%-ға арттыруды, жеке тұлғалардың ақша аударымдарына салық салуды енгізуді, компаниялардың таза кірісін шетелге сараланған салықпен 10%-ға дейін шығаруды, тұруға арналған жылжымайтын мүлік объектілерінің саны үшеу және одан да көп, азаматтардың екі және одан да көп нысандарына коммерциялық жылжымайтын мүліктің әрбір объектісі үшін 2 еселенген коэффициентпен ірі шетелдік технологиялық компаниялардың жергілікті түсімінен 3%-дық цифрлы салық енгізуді ұсынады.
Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көрсетілген тәртіп бойынша қарауды және қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап беруді сұраймыз», – делінген депутаттық сауалда.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.