Қазақстанда қызу жүріп жатқан праймериз науқанының мақсаты – саяси бәсекелестік негізінде ашық ойлы, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген құлшынысы мен қабілеті бар мықтыларды анықтау екені белгілі. Қазіргі уақытта үміткерлер еліміздің әрбір облысы бойынша 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламаларын әзірлеп жатыр. «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдары ұсынған осы жобалар халықтың көңілінен шыға ма? Өңірдегі өзекті проблемаларды қамтыды ма? Бағдарлама деп жүргендері көзбояушылық емес пе? Саяси науқан қарсаңында халық тарапынан осындай сұрақтардың туындайтыны заңдылық. Сондықтан аймақтардың сайлауалды бағдарламаларына шолу жасап көрелік.
Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында шешілмеген түйткілді мәселелер көп. Жұрт тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жұмыссыздық, жол, көлік, баспана, білім мен медицина мекемелерінің тапшылығы мәселелеріне қатысты жиі шағым айтады. «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалы сайлауалды бағдарламасында бұл проблемаларды 5 жылдың ішінде шешеміз деп уәде беріп отыр. Алайда, жобаның қисынсыз тұстары көп. Мәселен, бағдарламаға сәйкес қалада 42 жаңа мектеп салынуы тиіс. Ал, шахардағы әрбір үшінші мектептің толып кеткенін ескерсек, білім беретін 175 жаңа мекеме керек. Қазір 1000 орынға арналған мектепте 5000 бала оқиды. Тозығы жеткен қоғамдық көліктерді жаңартуға 900 жаңа автобус сатып алуды жоспарлапты. Дегенмен, клиентке таласып қалада жарыс өткізетін тасымалдаушылардың тәртібін түзету ескерілмеген. Еліміздің спорттық жетістігінде ойып тұрып орын алатын Шымкентке жаңа кешендер салу керек. Бағдарламада ұсынылған бірнеше спорттық алаң бұл мәселені толық шешпейді. Оның үстіне қаладағы 19 спорттық кешенге күрделі жөндеу қажет.
Павлодар облысына келетін болсақ, экология тұрғысынан алып қарағанда бұл еліміздегі «ең лас» өңірлердің бірі. Өндіріс орындарының ауаға шығаратын зиянды қалдықтары жылына 709 мың тоннаны құрайды. Республика көрсеткішінің тең жартысы осы аймақтың үлесінде екен. Облыстың сайлауалды бағдарламасында экология мәселесін шешуге қатысты нақты, батыл шешімдер ұсынылмаған. Жобада «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан алюминийі», «Каустик», «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» және басқа да кәсіпорындардың ауаға шығаратын зиянды қалдықтар көлемін 680 тоннаға азайтамыз деген уәде бар. Бірақ оны қалай азайтуға болады, нақты қандай шаралар қабылдануы керек деген сауалдарға жауап жазылмаған.
Атырау облысының жұрты медициа мамандарының тапшылығы, шалғай ауылдардағы жол қатынасы, жұмыссыздық және экология мәселелеріне қатысты жиі шағымданады. Аймақтағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелерге 200-ден астам маман жетіспейді. Шалғайдағы ауылдың тұрғындары педиатр, неонатолог, терапевт, хирург, анестизиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, дәрігер – лаборант сияқты мамандардың көмегіне зәру. Праймериз үміткерлері өз бағдарламасында «Жыл сайын 65-тен кем емес жас мамандарды ауылдық елді мекендерге тұрақтандыру мақсатында əлеуметтік көмектерді кеңейту, соның ішінде, баспанамен, балабақшамен жəне тағы басқа көмектермен қаму», – деп жазыпты. Бірақ, медицина қызметкерлерін ауылға тартудың нақты механизмдерін көрсетпей тақырыпты айналып өткен. Өңірдің экология мәселесін қаузайтын болсақ, Атыраудағы мұнай өңдейтін зауыттарда қалыпты жұмыс істейтін тазарту қондырғылары жоқ. Осының салдарынан халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келіп жатыр. Облыс аумағында ауа-райын тұрақты түрде бақылайтын 45 станция бар, алайда, мəліметтер серверге кеш түсетіндіктен газ қалдықтары шекті мөлшерден асып кетеді. Бағдарламада ««АМӨЗ» ЖШС-і бойынша: электр тұзсыздандыру қондырғысының қыздырғыштарын жаңа технологияларға сəйкес жабдықтармен ауыстыруға; жаңа озық жабық түрдегі технологияларды енгізе отырып, «TAZALYK» жобасын іске асыру барысында зауыттың қолданыстағы механикалық жəне биологиялық тазарту қондырғыларын жаңарту», делінген. Алайда, бұл жоспарды жүзеге асырудың жолдары мен нақты уақыты көрсетілмеген.
Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Маңғыстау облысының туризмді дамытудағы әлеуеті мол. Бірақ өңірде оған сай келетін инфрақұрылым жоқ. Аймақтың сайлауалды бағдарламасында бұл мәселені шешуге байланысты ешқандай ұсыныс айтылмаған. «Туризмді дамытуды қолдаймыз» деп басталатын тарауда жаңадан салынған «Rixos Water World Aktau» қонақ үйі жайлы ғана жазылыпты. Ал, туризмді дамыту үшін не істеу керек, ол қалай жүзеге асырылады деген сұрақтар жауапсыз қалған.
«Nur Otan» партиясының әр аудан, қала және облыс бойынша алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламаларын талқылауға және сынауға кез-келген азаматтың мүмкіндігі бар. Ол үшін primaries.kz сайтына кіріп кез-келген жобаға қатысы пікір мен ұсыныс айта аласыз.
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024