24-08-20 |
890 рет қаралған
Коронавирус партиялық белсенділікке әсер етуде.
Коронавирус партиялық белсенділікке әсер етуде

Қазақстанның азаматтық қоғамындағы 2018 жылдан бастап қайта жандана бастаған саяси белсенділік коранавирус індетінің таралуына байланысты жарияланған карантиндік шаралардан кейін айтарлықтай баяулады. Шыны керек, ілемдік індет барлық саланың жұмыс ырғағына өзгеріс енгізді. Қарапайым халықты елдің саяси өмірінен гөрі, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, аурудың қатері көбірек алаңдатқаны анық. Осы тұрғыдан алғанда саяси белсенділіктің азаюына да түсіністікпен қарауға болады. Саяси сахнада мұндай жағдайдың қалыптасуына 2019 жылы Әділет министрлігіне тіркеуге өтініш берген 7 партияның алтауының сағы сынғаны да өз әсерін тигізген сияқты. Оны партиялық іс-шаралардың насихатталуынан да айқын аңғаруға болады.

Жалпы қазіргі таңда елімізде ресми түрде тіркелген 7 партия бар. Олар – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Азат», «Ақ жол» демократиялық партиялары, «Бірлік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП), «Nur Otan» халықтық-демократиялық партиясы. Алайда олардың арасында әлі де бәсекелестік төмен, сондықтан әрдайым билік партиясы саналатын «Nur Otan»-ның барлық сайлауда аты озып жүр. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісін түгелдей дерлік билік партиясының өкілдері құрайды, онда өзге партиялардың ішінен тек ҚКХП мен «Ақ жолдың» ғана өз уәкілдері бар. Бұдан бөлек, былтырғы Президент сайлауы кезінде «Азат» пен «Бірлік» қатысқан жоқ. Содан болар, саяси партиялар дегенде қарапайым халықтың аузына бірінші Нұр Отан ілігеді. Содан кейін оқта-текте болса да қоғамдағы өткір мәселелерге үн қосып, мәлімдеме жасап қоятын Ақ жол мен коммунистер партиясының аты еске түседі. Шынын айтқанда бұл партиялар да өзінің әлеуетін, қандай істерге шамасы жететінін жақсы біледі. Дегенмен, бас партиямен бірге парламент құрамына іліккен соң қос партияның өкілдеріне үнсіз қалмай, өз сайлаушыларының санын көбейтуге барынша еңбек етіп, кешенді жұмыстар жүргізу кезек күттірмейді.

«Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі N 344 Заңына биыл 25 мамырда 9, 10, 13, 15 және 15 баптарға жаңа өзгерістер енгізіліп, 1-тарау 15-1-баппен толықтырылды. Соның нәтижесінде саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін енді 40 мың емес 20 мың адамның қолын жинаса жеткілікті болып отыр.   Бұл да саяси партия құрыға ықылас танытып отырғандарды қолтығынан демеудің бір көрінісі. Талаптың екі есе төмендеуі саяси алаңда жаңа ойыншылардың пайда болуына септігін тигізуі керек. Әзірге мұндай қозғалыс байқалмағанымен, саяси алаңдағы тартыстардың қызатын кезі әлі алда. Ең бастысы, бұл жерге жастардың белсенділігі жетіспейді. Егер жастар тарапынан саяси партиялар құруға ниет болса, оларды халықтың қолдайтыны сөзсіз. Әсіресе, білім беру саласындағы, денсаулық сақтаудағы, экология аймағындағы түйткілдер жастық қызбалықпен емес, шабытпен атқарылуы тиіс мәселелер. Мұндағы кемшіліктер жалғыздың көмегімен шешілмейді, көпшілікті біріктіре алатын, бір мақсатқа ұйыта алатын саяси партиялардың ақпалымен реттеледі.

Бұдан бөлек саяси партия Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдар болу керек.

Бұл өзгерістер саяси белсенділікке оң әсер ететіне жұрттың бәрі үміттенген еді. Әзірге оны ең бірінші боп өз жұмысында «Nur Otan» халықтық-демократиялық партиясы партияішілік іріктеудегі праймеризінде сәтті жүзеге асырып отыр. Өзгелерінде мұндай іс-қимыл еш байқалмайды.

Қазақстандағы азаматтық белсенділікті зерттеп жүрген ғалымдар мен сарапшылар оның дамуын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарастырып жүр. Мәселен, тәуелсіздік жарияланбай тұрған кезде республикада ресми түрде тіркелгендері мен тіркелмей жұмыс жасап жүрген 100-ден астам қоғамдық ұйым болды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған «Қазақстанның саяси партиялары» деген кітапта Қуаныш Асылов: «Олардың көпшілігі кеңес, топтар, комитет, қауымдастық түріндегі клубтық бірлестіктер сипатын иеленген еді. Ұйымдардың, біріккен түрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің анағұрлым күрделі саяси құрылымға айналуы үшін белгілі бір қуаты мен мүмкіндіктері бар болатын. Алайда, соңынан бұл ұйымдардың бар болғаны бір бөлігі ғана сол кезде қалыптасқан саяси конъюнктураға сай трансформацияланды» деп жазған екен. Саяси партиялар әрекет ету құқығын 1991 жылғы 1 қаңтарда «Қоғамдық бірлестіктер туралы» КСРО Заңы күшіне енгеннен кейін алғанымен, көппартиялық жүйенің қалыптасуына түбегейлі бетбұрыс СОКП тарағаннан кейін орын алды. Қазақстанның саяси партиялары, қоғамдық қозғалыстары мен бірлестіктері ХІІ және ХХІІІ шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің, ҚР Парламенті Мәжілісінің 1990, 1994, 1995 жылдардағы сайлауларына қатысып, кейбіреуі елдің жоғарғы өкілетті органында депутаттық фракцияларын құрды. Мәселен, 1995 жылғы үлгідегі депутаттар корпусында Қазақстанның халық бірлігі партиясы, ҚХКП, Қазақстанның халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстанның өрлеу партиясы, «Лад» қозғалысы және тағы басқалар болды. Сондықтан да Қазақстандағы саяси партиялар институтының дамуын 1990-1995, 1995-1999, 2002-2007, 2007-2018 және 2018 жылдан кейінгі деп бөліп қарастырса да болады. Өйткені бұл кезеңдерде орын алған оқиғалар мен заңнамадағы өзгерістер елдегі партиялық белсенділікке айтарлықтай өзгерістер әкелді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.