30-09-20 |
2020 рет қаралған
Қордай оқиғасы: Мынандай үкімнен кейін қандай әділет сұрайсыз?.
Қордай оқиғасы: Мынандай үкімнен кейін қандай әділет сұрайсыз?

Кеше 29 қыркүйекте Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиға бойынша күдіктілердің жетеуіне со үкімі шықты. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтары жазады.

Үкімге сай, Абзал Нұраханов «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және «ұрлық жасады» (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) деген айыппен сегіз жылға сотталды. Судья үкім шығарғанда Нұрахановтың «екінші рет ауыр қылмыс жасағанын» ескерген.

Сот Бақытбек Ибрагимовты «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деп жеті жылға соттады. Сот үкім шығарғанда оның «екінші рет ауыр қылмыс жасағанын» ескерген.

Нұраханов жазасын қатаң әрі ерекше тәртіптегі түрмеде, Ибрагимов жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейді.

Бұдан бөлек, Мырзағали Дүйсенбаев «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деген айыппен бес жылға сотталды. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған Рүстем Бежібаев төрт жылға, Ерлан Бұралқынов 3 жыл 20 күнге, Ұлан Атамбаев пен Алмат Тілеуғалиев үш жылға түрмеге қамалды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушылар үкіммен келіспейді және апелляциялық шағым түсірмек.

Бес жылға сотталған Дүйсенбеков сотта «Мен таксист болғаным үшін соттап жатыр. Үйде бала-шағам бар, бала-шағамды бағатын жалғыз адаммын. Келіншегім ауырады, қызымның жүрегінде ақау бар, Сот маған ешқандай жеңілдік қарап жатқан жоқ. Мен [жанжал болған жерге] таксист болып бардым, негізі ұрлық жайында ештеңе білмеймін. Соның бәрін тергеп, біліп тұрса да соттап жіберді» деді.

Үш жылға сотталған Алмат Тілеуғалиев «Біз өз мәселемізді ойлап, ұрлық, тонау мақсатында барған жоқпыз, біз тек әлеуметтік желіден келген видеоларды көріп, қазақтарға көмектесейік деп, жанашырлық танытып барғанбыз. Ал енді мынандай үкімнен кейін қандай әділет сұрайсыз?» деді.

7 ақпан күні түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 59 адамға айып тағылған. Айыпталушылардың соты әр қалада өтіп жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Ресми мәлімет бойынша, жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған. Тергеу органдары дерегінше, ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келгені хабарланған. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаған. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектеген.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.​

фото: otyrar.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.