Гүлмира ШРАХМЕТОВА, Нұр-сұлтан қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция майоры:
– Гүлмира Тілеуғалиқызы, күн сайын көретініміз бен еститініміз туғанын тепкінің астына алатын, әйелін өлімші ететін ессіздер туралы болып барады. Нұр-сұлтан қаласында биыл әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша қанша дерек тіркелді?
– Өкінішке қарай, отбасының ойранын шығаратын озбырлардың азаймай отырғаны біздің де жанымызға батады. Отбасылық тұрмыстық жағдайда, оның ішінде әйел де, бала да бар, сенім телефонына күнделікті 15 қоңырау түседі. Сенбі-жексенбі күндері 20-25 рет қоңырау соғылады. Мереке күндері тіпті одан асып түседі. Шамамен сенім телефонына бір күнде 30-ға жуық нәзік жандылар көмек сұрап, телефон шалады. Бірақ звондағандардың барлығына қылмыс деп қарамау керек. Өйткені, отбасындағы ұсақ-түйек дау-дамай, ұрыс-керіс кезінде де кейбір эмоцияға тез берілетін келіншектер сенім телефонына қоңырау шала салатын сәттер де кездеседі. Мысалы, кейде сол звондаған адамдарды іздеп құқық қорғау қызметкерлері үйлеріне барған кезде тараптар өздері татуласып, «Асығыс шешім қабылдап қойдық», «Ашу-ызаның кезінде телефон шалып жібердім», «Бізде барлығы жақсы, ешқандай шара қолданудың қажеті жоқ» дейтіндер көп кездеседі.
– Қолданыстағы заң бойынша тұрмыстағы әйелдер мен балаларға жасалатын түрлі зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жазалау бар ма?
– Жанұялық зорлық-зомбылық жасағандарды жазалау сирек дейтіндер бар. Өйткені, отбасылық құқық бұзушылықтың көбісі әйел адамдарға қатысты жасалады. Қазақта «әйел адам – үйдің берекесі, ұйытқысы» деп санамызға сіңіріп, менталитетімізге әбден бекітіп алғандықтан, нәзік жандылардың дені отбасындағы тыныштықты ойлайды. Балаларының болашағына алаңдайды. Сөйтеді де үйдегі жұдырық ала жүгіретін тиранды кешіруге тырысады. Екінші жағынан озбыр отағасы немесе кездесіп жүрген болашақ күйеу жігіт бүлдіруін бүлдіріп алады да, артынан ант-суын ішіп кешірім сұрайды. Сол себепті әйел адамдар арызданбайды, арызданған күннің өзінде соңына дейін бармайды, «Татуластық, ары қарай ешқандай шара қолданудың қажеті жоқ» деп өздері сұранып жатады. Ал біз сотқа дейін апарған істерге үкімді сот шығарады, сол бойынша жанұясының шырқын бұзғандар тиісті жауапкершілікке тартылады. Былтыр қорғау нұсқамасы 4200 болса, биыл біз тоғыз айдың ішінде 6000 қорғау нұсқамасын шығардық. Көріп отырсаңыз, тұрмыстағы теперіш көріп отырғандар саны 1800-ге өсіп отыр. Оның басты себебі, биыл пандемия кезінде бір үйдегі бірнеше адамның бір-бірімен дұрыс түсінісе алмауы тепкімен аяқталып жатты. Үлкен баласына қашықтықтан сабақ оқу керек, тыныштық керек, кішкентай бүлдіршінге де көбірек көңіл бөлу қажет болды. Ол жылайды, далаға шыққысы келеді. Соның салдарынан үйдегі үлкендердің арасында жанжал, ұрыс-керіс болады.
– БҰҰ сарапшылары біздің заңдарымыз бен нормаларымыз зорлық-зомбылықты қолайлы етіп отыр дейді. Шын мәнінде солай ма?
– Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға бағытталған заң жобасы қайта жасалып жатыр. Бұл құжаттан өзімізде де көп нәрсені күтіп отырмыз. Осыған дейін Қылмыстық кодексте ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру баптары болған. Кейін бұл баптар Қылмыстық кодекстен әкімшілікке ауыстырылды. Алайда бұл салада жұмыс ақсап тұрған жоқ. Жүйелі әрі тұрақты түрде жүзеге асуда. Тоғыз ай ішінде осы баптар негізінде 900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жанұяда жуан жұдырықтың астында қалған нәзік жандылардың одан кейінгі тағдыры қалай өріледі? Қаламызда қанша дағдарыс орталығы жұмыс істейді?
– Нұр-сұлтан қаласында қазіргі күні екі дағдарыс орталығы бар. Әкімдіктің «Үміт» дағдарыс орталығымен біздер тығыз жұмыс жасаймыз. Тіпті түннің бір уағында телефон соққан әйелдер болса баласымен бірге осы орталықтарға орналастырамыз. Ол жерде әйелдер алты айға дейін қызмет ала алады. Оларға барлығы тегін, ешқандай ақы төленбейді. Орталықтың мамандары отбасындағы озбырлық көрген әйелдерге психологиялық, заңдық көмек көрсетіп, медициналық, әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысады. Одан кейін «Қорғау Астана» дағдарыс орталығына да өмірдің қиын жағдайына душар болған адамдар түседі. Бұл мекемемен де біздер тығыз жұмыс жүргіземіз.
– Біздер көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерді ескертумен шектелеміз. Ал жағдай бірнеше рет қайталанса қандай жаза бар?
– Ол рас. Отбасында жанжал бірінші рет болған жағдайда тараптарға ескерту жасалады. Ондай шешімді сот шығарады, біз шығармаймыз. Сот егер ескерту беру керек деген шешімге келсе, ескерту беріледі. Балама жауапкершілігі де бар. Ал жағдай бірнеше рет қайталанса, қысым көрсетуші қамаққа алынады, айыппұл төлейді. Қазіргі кезде айыппұл отбасының ортақ бюджетіне әсер ететіндіктен айыппұлды қамаққа ауыстыру қолға алынған. Осы жазаның өзі жұдырық ала жүгіретіндерді жөнге салуға көмектеседі.
– Интернат типіндегі жабық мекемелердегі балалар құқығы қалай қорғалып жүр?
– Ол жердегі балалардың құқығы толығымен қорғалған. Өйткені, 2002 жылдың 8-тамызда шыққан Бала құқықтары жөніндегі заңға сәйкес, жабық мекемедегі балалардың құқығы біздің басты назарымызда. Бұл мекемелердегі балалармен ұдайы жұмыс жасаймыз, қадағалап отырамыз.
– Отбасындағы озбырлықты алдын алуда қандай шаралар атқарып жатырсыздар?
– Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа тоқтау салу үшін атқарып отырған шараларымыз өте көп. Соның ішінде жыл басынан бері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты жедел-профилактикалық шаралар өткіздік. Сондай-ақ «Тұрмыс» алдын-алу шаралары жалғасын тапты. «Отбасы күні», «16 күн зорлық-зомбылықсыз» деген республикалық акциялар да ұдайы ұйымдастырылады. Сонымен бірге қоғамдық орындарда, адамдар көп шоғырланатын жерлерде ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Қала әкімдігі мен министрліктің, өзіміздің ресми сайттарымызда да түрлі әлеуметтік роликтер көрсетіледі. Күнделікті атқарып жатқан жұмыстарымыз да БАҚ арқылы жалпақ жұртқа жарияланып жатыр. Былтырғыдай емес, қазір адамдарды көпшілік жерде жинауға болмайды. Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Онлайн түрде әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың беті ашылып жатады. Өткен жылы да мектептерде оқушылар мен ата-аналар арасында осы тақырыпты қозғаған кезде бізге жеке жолығып, байланысқа шыққандар болды. Қазір де Нұр-сұлтан қаласы Полиция департаментінде Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің сенім телефоны жұмыс істеп тұр. 71-60-63 нөміріне жыл басынан бері 320 әйел хабарласты, соның ішінде 165-і жеке қабылдауымда болды. Оларға өз тарапымыздан құқықтық, психологиялық, заңдық көмектер көрсеттік. Бұл бағыттағы жұмыстар еш бәсеңсімейді, қазіргі жағдайға байланысты тәуліктің кез келген уақытында, 24 сағат, жеті күн жұмыс жасаймыз.
-
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың дені неден басталады екен?
– Жанұяда болатын жанжалдардың көбісі әйелдердің күйеулерінен, азаматтық некедегі азаматтар мен бұрынғы жолдасынан, туысқандарынан зардап шеккендер. Ер адамдар ішімдік ішкен кезде жұдырық ала жүгіру жиі болады. Одан кейін әйелдерін кемсітуі, шектен тыс қызғаншақтық, жұбайларын толығымен бақылауда ұстағысы келеді. Әйелі жұмыстан сәл кешігіп келсе «Кіммен болдың?», «Қайда бардың?» деп тергеуге алады. Оның соңы, әлбетте, құқық бұзушылыққа алып келеді. Осы көріністі күн сайын көріп өскен балалар да үлкен зардап алады. Оған ата-анасының жанжалдасуы психологиялық ауыр соққы болып тиеді. Мысалы, анасын тепкінің астына алып, балағаттап, кемсітіп жатса, ол баланың жанын жаралайды, сүйікті адамын көз алдында қорлау – бала үшін аса ауыр көрініс. Бала ертең есейіп кеткенде де ол жадында сақталып қалады. Екіншіден, анасын қорғау үшін араша түсемін деп балалар да үлкендердің ауыр соққысын алып жататын сәттер аз кездеспейді. Қолы тиіп кетеді, баланы да балағаттап жатады. Ал баланың тікелей өзіне анасы мен әкесі тарапынан жасалатын зорлық-зомбылық болатын болса, Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің Бала құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында тиісті нұсқаулар мен ұсынымдар көрсетіліп, ата-аналардың түзелуіне уақыт беріледі. Ата-анасы ішкілікке салынса, балаларына тиісті деңгейде қарамайтын болса, ондай ата-аналардың құқықтары шектеледі.
Сұхбаттасқан
Ж. МҮСІЛІМ
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024