18-11-20 |
2000 рет қаралған
Ауыл қағазбастылықтан арылғанымен интернетке жарымай отыр.
Ауыл қағазбастылықтан арылғанымен интернетке жарымай отыр

Қазақстан жылдың соңында дейін мемлекеттік қызметтердің барлығын электронды форматқа көшіріп, 2021 жылы қағазбастылықтан арылуды жоспарлап отыр. Бұл жайында үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
– Біз 2021 жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толық жоюымыз керек. Барлық қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы жүзеге асырылып, онлайн қызметтер мен сервистердің қолжетімділігі 100% құрауы тиіс, – деді ол.
Бүгінде мемлекеттік реестрде 700 қызмет болса, соның 85,5% онлайн. Үкімет мүшелерінің айтуынша, 200 қызметті интернет арқылы алуға болса да, азаматтар тікелей мемлекеттік органдар мен әкімдікке жүгінеді екен. Алайда, шалғай елді мекендердегі интернеттің жоқтығы немесе байланыс сапасының нашарлығы ешкімнің ойына келмесе керек. Осының салдарынан мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде ала алмайтын жұрттың аудан орталығына ағылатыны түсінікті. Алысқа бармай-ақ Алматының төңірегінде де осындай ауылдар жетіп артылады. Карантиндік шектеулер енгізіліп, оқушылар қашықтықтан білім алуға көшкенде осы шикіліктердің беті ашылды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өндіріс министрі Бағдат Мусин мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырудың жаңа шешімін ұсынды. Енді интернетке жарымаған ауылдарға арнайы дүңгіршектер қойылмақ.
– Интернет желісін кеңейту жобасы аясында біз байланыс операторларымен келіссөз жүргіздік. Олар 1200 ауылға интернетке қосылған арнайы дүңгіршектер орнатпақ. Бейнеқоңырау арқылы аудандық әкімшілікке, халыққа қызмет көрсету орталығына немесе медициналық мекемеге хабарласуға болады, – деді Мусин.
Егер байланыс операторлары дүңгіршек орнатып құтылса ауылдағы интернеттің сапасын кім жақсартады? Мүлде байланыссыз отырған елді мекендердің жұртты қайтеді? Бұл сұрақтар әзірге ашық күйінде қалып отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.