Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтындар арасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер көп. Елдегі дағдарыс орталықтары мен құқық қорғау органдарының өкілдері осылай дабыл қағуда.
Мәселен, Қызылордадағы «Аналар үйін» қазір осындай бірнеше жасөспірім паналауда. Орталықты паналап отырған жасөспірім қыздар өздерінің отбасында зорлыққа ұшырағанын айтып отыр. Тоғызыншы сыныптан соң колледжге кеткен бір бойжеткен жігітінің алдап тастап кеткенін, өзінің одан ауыраяқ болып бала тапқанын баяндайды. Қателік жасаған қызды туған анасы балағаттап, үйінен жас нәрестесімен қуып шыққан. Барар жер, басар тау болмаған бойжеткен осында келуге мәжбүр болған.
Дағдарыс орталығын паналап жатқан өзге бір жасөспірім бауырларымен бірге өздерінің өгей әкелерінен жәбір көргенін айтып отыр. Он жасар қыз өгей әкелерінің өзін және бауырларын аяусыз ұратынын, өзінен екі жас үлкен әпкесіне қысым жасап, жыныстық зорлық көрсететінін жеткізген. Адамның жанын түршіктіретін зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар біздің бүгінгі бейбіт заманның кейіпкерлері. Жәбір көрген балалардың айтуынша, олардың туған аналары балаларына ара түсуге еш әрекет етпеген. Күйеуі тіпті бойжеткен қызын аяусыз ұрып, ішіндегі баласын түсіргенше тепкіге алғанда да ләм демеген. Мұндай қатігез аналарды тек қана заң тезге салатындай.
Қызылордадағы аналар үйіне тек биылғы жылдың өзінде 16 аяғы ауыр кәмелеттік жасқа толмаған қыз түскен. Бәрінің барар жер, басар тауы болмағаннан кейін осы орталықты паналаған. Орталыққа түскен қыздардың екеуі топттық зорлыққа тап болса, біреуі алып қашудың құрбаны болған. Қыздардың психикалық көңіл-күйімен айналысып жатқан психолог Мирагүл Смағұлқызының айтуынша, жасөспірімдерді қалыпты өмірге қайтадан бейімдеу өте қиынға соғып жатқан көрінеді. Олардың кейбірі тіпті қатты күйзеліске түсіп кеткен.
Статистикалық мәліметтер кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік жағынан Маңғыстау облысы көш бастап тұрғанын көрсетті. Биылғы жылдың өзінде ғана мұндағы облыстық перзентханаға 20-ға жуық қыз түскен. Жастары 15 пен 18-дің аралығында. Екеуі тіпті 15 жастағы жасөспірімдер. Дәрігерлердің айтуынша, кәмелетке толмаған қыздардың денсаулығы ана болуға әлі дайын емес. Көбінде қан қысымы, бүйрек, жүрек аурулары бар. Ал, Павлодар облысында биылғы жылы 18 жасөспірім қыздың аяғы ауыр болған. Ең жасы-14-те.
Жеткіншектер арасындағы мұндай проблемалар отбасындағы бақылаудың, отбасындағы жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Тәртіп сақшылары ата-аналарға бала тәрбиесіне мұқият қарауды тапсырады. Ал, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған жасөспірімдер ерекше бақылау мен ерекше қамқорлықты қажет етеді. Кәмелеттік жасқа толмаған балаға жәбір көрсетіп, жапа шеккізген қылмыскер ел заңдарына сәйкес жазалануы тиіс. Балаға қоғам тарапынан бақылауды күшейтпесе, бүкіл халықтық проблемаға негіз болатын мұндай қылмыстардың өршуі ғажап емес.
Жадыра Құдайберген
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024