07-09-18 |
5760 рет қаралған
Зорлық-зомбылықтың заманы өтті.
Зорлық-зомбылықтың заманы өтті

     Cоңғы жылдары елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жәбір көруші аналар саны артыпты. Мұндай келеңсіздік салдары ежелден қалыптасқан берекелі отбасы, қарашаңырақ ұғымдарын да шайқалтты. Сонымен қатар, үйлене сала ажырасатындар көбейді. Мұның бәрі еліміздегі дәстүрлі отбасы құндылықтарын құлдыратты. 

Осындай отбасылық институттардың әлсіреуі тұтастай бір қоғамның деградацияға ұшырауына алып келетіні белгілі жайт. Соған орай, ел Үкіметі мемлекеттегі негізгі тетіктердің бұлай құлдырай бастағанына алаңдаушылық танытып, қазіргі таңда әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларды қолға ала бастады. «Үлгілі отбасы», «Ынтымақты жанұя», «Шаңырақ шаттығы», «Отан отбасынан басталады» секілді марафондар республиканың әр аймағында өз жұмыстарын бастауда.

Қазақ­­с­тан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия да біраз жылдардан бері  елдегі отбасылық институттардың нығаюы жолында аянбай еңбек етуде.  Алайда, статистикалық деректер бұндай ауқымды шаралардың нәтижесін терістей беретіндей. Өйткені кейінгі кездері елде өз күйеуінен, өз ата-анасынан, бауырынан, немесе өзге де жақын ағайын-туысынан жәбір көрушілердің саны артқан. Ендеше, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты  азайтудың, бұл келеңсіз, адамгершілікке мүлдем жат жан шошытарлық көріністерді қоғамымыздан ала­с­­­татудың жолдары қандай?

Неге әлсіз жаратылыс, әйелдер қауымы күйеуінің үздіксіз соққысынан кейін немесе соның жан төзгісіз қорлықтарынан кейін мәжбүрлі түрде қылмысқа барып, немесе өзін өзі қорғау мақсатында күйеуін жарақаттап, өлтіріп жауапкершілікке тартылуы керек? Неге қазақ әйелі «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінденің» кебімен жүре беруі қажет?  ҚР Прокуратурасы Ұлттық комиссияның кезекті бір жиынында мынадай  деректерді алдыға тартты. «Отбасымда күйеуім ғана емес, қайнағам, қайным, атам 11 жыл бойы мені ұрып-соқты, денсаулығымнан түк қалмады, көрмеген қорлығым жоқ»,- деп Шығыс Қазақстанда бір келіншек кішкентай үш баласын асып өлтіріп, өзі де дарға асылған. Астанада бір азамат ажырасып кеткен әйелін аңдып жүріп, үстіне бензин құйып, өртеп жібергені де жұртшылыққа белгілі. Әлгі әйелдің артында кішкентай төрт бала жетім қалды. Қызылорда облысының шалғай бір кентінде тағы бір еркек  айтқанымды тыңдамады деген сылтаумен, әйелін атқа байлап өлтірген. Алматы облысында енді бір азамат қой бағып жүріп, әйелін өлімші етіп сабап, артынан аңшы мылтығымен атып өлтірген. Прокуратура өкілдерінде мұндай жантүршіктірер оқиғалар тізімі жетерлік. Ресми орган дерегінің өзі осындай болғанда, күнделікті алыс-шалғай өңірлерде ашылмай, көпшілікке жетпей, өз отбасында ғана жасырып жабылып жатқан деректер қаншама.

Зорлық-зомбылықтың, әлдінің әлсізге әлімжеттігінің неше түрі бар.  Қызы мен күйеу баласынан, тіпті өз туған баласынан қорлық көріп жатқан аналар, кейуаналар да жетерлік. Осындай «қартайғанда зейнетке емес, бейнетке» тап болып өз балаларынан зорлық-зомбылық көріп жатқан қарт аналардың құқығын кім қорғап жүр?  Бес, алты баланы өмірге әкеліп алып, маскүнем күйеуінен күнде таяқ жейтін немесе ішерге ас, киерге киім таба алмай отырған жас аналардың көз жасын кім сүртуде? Елдегі әйелдердің құқығын қорғайтын қоғамдық қорлардың жұмысы неге әлсіз? Бұдан біраз жылдар бұрын осындай істерге белсене араласқан «Дағдарыс», «Өз үйің», «Забота» секілді дағдарысқа қарсы күрес орталықтарының бүгінгі жай-күйі қандай? Неге қоғамдық бастамашыл топтардың үні бұл мәселеде әлсіз?

Көпшіліктің көңілінде қордаланып қалған осындай сан салалы мәселелер соңғы кездері құқыққорғау орындарының да назарына іліге бастады. Өз қызметтерін мүлтіксіз атқаруға ниетті кез келген тәртіп сақшысы жас аналарға, зорлық көрген барша бүлдіршіндер мен жеткіншектерге көмек қолын созуға әзір. Сол себепті де ел полицейлері зорлық-зомбылық дерегіне қатысты істің бәрінің қатаң заң аясында ғана шешілуін сұрайды.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі елде әйелдерге күш көрсету қылмысының жыл сайын 0,2 пайызға, кейде одан артық кем, көбейіп отыратынын жеткізген. Мәселен, 2007 жылы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 32556 қылмыс тіркелсе, олардың саны 2008 жылы  32632 болған. Одан кейінгі он жылдықтарда бұл көрсеткіштің үлесі, әрине, бірнеше есеге ұлғайған. Жылына осындай қысым, қорлық-зорлықтың ғана салдарынан 500-дей әйел өз-өзіне қол жұмсамаққа әрекеттенеді екен. Психологтар мен елдегі әлеуметтанушы сарапшылар бұның өте үлкен көрсеткіш екенін айтады. Кез келген құқықтық мемлекет әрине, мұндай қылмыстарды жоюға, оның алдын алуға міндетті түрде жұмыс істейді. Мәселен, Қазақстан Республикасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» заң бар. Ол заң аясында осы мемлекетті мекен етіп жатқан кез келген азамат қорғалған.

Арнайы мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлемнің барлық елінде бар екенін айтады. Біріккен Ұлттар Ұйымының әйелдер қоры (UNIFEM)  тұрмыстағы қысым, зорлық, зомбылық бойынша белсенді түрде жұмыс істейді. Әлемнің бүкіл қоғамдық қор, осы саламен айналысушы мемлекеттік органдармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Яғни, заң жалпыға ортақ.

Бұл мәселеге қатысты ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов та өз пікірін былай білдіреді. «Кейінгі кездері отбасында жәбір көру, әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау  оқиғалары жиілеп кетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметі мен дерегіне сүйенсек, жыл сайын елде ондай мыңдаған оқиғалар тіркеледі.  Мұндағы, ең өкініштісі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жыл сайын республикада 500-ге жуық әйел адам көз жұматындығы белгілі болып отыр. Не деген сұмдық? Не деген масқаралық?»

Мамандар осындай олқылықтарды болдырмау үшін заңды күшейту қажеттігін, онсыз отбасындағы болып жатқан қысымдарды шектеу мүмкін емес екендігін, мұндай ахуал қалыптасқан жағдайда отбасындағы жанжалды тоқтату қиынға соғатынын айтады. Және заңның кейбір баптарын күшейту қажеттігі де сарапшылардың көтеруімен ел назарына үнемі ұсынылып жүр. Өйткені, қазіргі қолданыстағы заңнама негізінде, полиция қызметкерлері отбасында белгілі бір қылмыстық оқиға орын алмайынша және ол отбасындағы жәбір көруші шағымданғанша ешқандай шара қолдана алмайды екен. Осындай күрделі себептерден де бүгінгі күні құқық қорғау орындарының  қызметкерлері отбасындағы зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға шарасыз, дәрменсіз болып отырған жайы бар.

Бұл заңның бір тиімді тұсы мынау: егер жәбірленуші өзіне қатысты әлдеқандай қысымның болғанын айтып шағымданса, күйеуінен немесе жақынынан жәбір көріп жүргенін жеткізсе полиция қызметкерлері сол қылмысқа ұрынғалы тұрған  азаматқа ескерту жасай алады. Және оған шағым айтушыға қатысты оның іс-қимылдарына (мазаламау, телефон арқылы психологиялық қысым жасамау, балағаттамау, ізінен қалмау, аңдымау секілді) шектеу қояды. Ал егер айыпталушы осы ескертпелерді аяқасты етіп, жәбірленушіні мазалай берсе,  соттың шешімімен оны қамауға алуға болады. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Ол уақыт аралығында күдікті уақытша қамауда отырады. Міне, осындай шектеулер мен заң тұрғысындағы алдын-алу ескертулері отбасылық кикілжің мен тұрмыстық жанжал төбелестердің азаюына өзінің септігін тигізетіні анық.

Ішкі істер саласының қызметкерлері көп жағдайда осындай отбасылық жанжал кезінде жәбір көрушілердің заң орындарына бірден шағымданбайтынын айтады. Немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел шағымданған арызын дереу кері қайтарып алады. Бұл алдағы болар қылмыстың жолын ашады. Міне, осылайша ол өзінің өмірін тағы бір мәрте қатерге тігеді дейді.

Сондай-ақ, бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдары мен дағдарыс орталықтарында, әйелдер істерімен айналысатын арнайы комитеттерде нақты статистика жоқ. Әр ұйым өз статистикасын өздерінше ұсынады. Бұл осы іспен айналысатын жүйенің әлі де болса бір ізге түсе алмай жатқанын көрсетеді. Тіпті тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер алғашқы сәтте кімге, қандай орынға барып мұңын айтып, кімге шағынарларын да білмейді. Елдегі дағдарыс орталықтарының жұмысынан көпшілік бейхабар. Бізде неше орталық бар, олар қай қалаларда жұмыс істейді, кімдер ол арадан көмек ала алады секілді сауалдар көп жағдайда жауапсыз қалып жатады.

Құзырлы органдардың зерттеулеріне назар аударсақ, біздің елде, яғни Қазақстан аумағында әрбір үшінші әйел соққыға жығылатын көрінеді, ал, әрбір бесінші әйел зорлаудың құрбаны болса, адам саудасына ұрынып, «тірі тауарға» айналушылардың 80 пайызын да әйелдер құрайды екен. Естеріңізде болса, биылғы жылдың басында отандық телеарналар Мәскеуге нәпақы іздеп кетіп, сол жақта қысым көріп, құлдыққа түскен қазақ қыздары жайлы хабарларды жарыса жасады. Ондағы деректер бойынша, қазақтың қыз-жігіттері бір саудагердің құлдығына түсіп, адам айтқысыз қорлыққа душар болған. Жас қыздар зорлыққа ұшырап, таяқ та жеген, құжаттарынан да айрылған.  Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жастар ел Үкіметі мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне, одан өзге де құқық қорғау орындарына осындағы заңгер мамандардың көмегімен шағым түсірген. Бұл ел назарына іліккен бір ғана мысал. Ал, ел аумағында мұндай қаншама сорақы заңбұзушылықтар орын алып жатқанын ешкім нақты білмейді.

Біздің елдегі әлеуметтік жұмыстардың ең маңызды тармақтарының бірі зорлық-зомбылыққа ұшырап, жәбір көрген әйелдерге (отбасындағы және үйден тыс зорлық, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, тәнін сату индустриясына күшпен және алдап тарту, жыныстық пайдалану мақсатында жасырын шақыру қылмыстарына ұрыну) әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, оларды қоғамға қайта бейімдеу, өмірге деген қызығушылығын қайта қалпына келтіру. Мемлекет қазір осы бағыттарды негізге ала отырып, республиканың барлық өңірінде қарқынды жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, жұмыс нәтижелі болуы үшін ел Үкіметі зорлық мәселесін шешу үшін бұл іске қатысты негізгі үш жұмысты қолға алуы қажет: олардың бірі  ұлттық заңдылықты және оның орындалу механизмін жетілдіру болса; екіншісі зорлық құрбанына көмек көрсету және оның ақталуына кепілдік беретін әлеуметтік қызметтің кең тараған жүйесін құру;  үшіншіден, БАҚ көмегімен білім беру бағдарламасы және оқу-ағарту жұмыстары арқылы алдын алу шараларын қабылдау.

Ел аумағындағы құзырлы орындар қазір мемлекетті ешқандай зорлық-зомбылықсыз, жәбір-жапасыз, мәдениетті дамып келе жатқан өркениетті елдер қатарына қосу мақсатында аянбай еңбек етіп жатыр. Әйелдердің құқығын қорғау, олардың мүмкіндіктері мен өзін-өзі көрсету, дамыту қабілетін ашу мемлекеттің бүгінгі таңдағы атқарып жатқан негізгі қызметтерінің қатарында. Қазақстандық әйелдерді кемсітушіліктің, төмендетудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық  конвенциялардың ережелерін орындау барысы төңірегінде мемлекет халықаралық сарапшылардың оң бағасын алған. Сондықтан да, алдағы уақытта Қазақстанның зорлық-зомбылықсыз елдер көшбасында тұратыны анық.

Бейбітгүл Сатымбайқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.