Қазақстан территориясына қатысты пікір айтып, халықаралық дау шығарған орыс депутаттары Никонов, Федоров, Жириновскийдің айтқандарына орай орыс баспасөзі де үн қатты. Соның ішінде «Московский комсомолец» газеті мақала жазған.
Мақала авторы Қазақстан территориясына қатысты сөз айтқан депутаттардың жай адамдар емес, мемлекеттік дума депутаттары екенін және Никонов пен Федоров Ресейдің билік партиясы саналатын «Единая Россия» партиясының мүшелері екенін айта келіп: «Депутаттардың айтқандары ғана емес, сондай-ақ жоғарғы биліктің де үнсіздігі таңқалдырады. Қазақстанның біздің сенімді өкілге тапсырған нотасына жауап берілді ме? Ол жағы беймәлім» дейді.
Мақала авторы Федоровтың «Никонов жаңа ештеңе айтқан жоқ. Бұған дейін Путин айтқан, бірақ ол Қазақстанды «сыйлық» субъектісі ретінде атаған жоқ» деген сөзін келтіре отырып, Путиннің ондай сөзді қашан, қайда айтқанын келтіреді: «Президенттің сөзі биыл шілде айында «Россия-1» телеарнасынан көрсетілген «Россия. Кремль. Путин» деректі фильмінде айтылған. Сөзбе-сөз алсақ: «Қандай да бір респбулика совет одағының құрамына кіріп, бірақ Ресейдің тарихи территориясынан ірі көлемде орыс жерін алса, сосын одақтан шыққыса келсе, онда тым құрығанда немен кірді сонымен шықсын. Өзімен бірге орыс халқының сыйлығын ала кетпесін» деген сөзін келтіреді. Және ресми Мәскеудің неге Қазақстан нотасына жауап бермей отырғанын ой жүгіртеді.
«Демек Мәскеу Нұр-Сұлтаннан намысқа тиетін депутаттардың сөзі үшін кешірім сұраса, онда Путиннің дұрыс сөйлемегенін мойындаған болады. Және Путин «сыйлық» туралы айтқанда Қазақстанды меңземегенін түсіндіруі керек тиіс болады. Бірақ бұл жерде Путиннің өзі араласпаса болмайды. Оның нені меңзегісі келгенін өзінен басқа кім біледі?» делінеді мақалада.
Мақалада сондай-ақ совет одағы кезеңінде респуликалардың, соның ішінде Қазақстанның тарихына аздаған шолу жасалады да бүгінгі мәселеге қайта ойысады. Сөйтіп Қазақстан үшін ұлттық мәселе Ахиллестің өкшесі сынды жанды жері екенін, елдің Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарымен бірқатар аймақтарда орыс этносы санының басым болуы Ресей тарапынан шығып жатқан «сыйлық» туралы сөзге билік пен қоғамның қатты алаңдауына негіз болып отырғанын айтады.
Автор сондай-ақ Қырым оқиғасынан соң Ресей тарапынан «сыйлық» туралы әңгіменің жабылмай, керісінше, Ресейдің жоғарғы билігі мен депутаттары аузынан әлі түспей қайта-қайта көтерілуі көрші елдерді алаңдатып отырғанын да жазып: «Демек Украинаның кебін әркім киюі мүмкін» деп бір қайырады.
Мақаланың соңына қарай автор егер Ресейден Қазақстан мен Қытай жер дауласа не болмақ дегенге ой жүгіртеді.
«Айталық, Қытай бұл мәселеге тереңірек үңіліп, 1860 жылғы Пекин және 1858 жылғы Айғын келісімдерін көтеріп, Цин империясы Ресей империясына қазіргі Приморск, Хабаровск өлкесін және Амур облысын бергенін есіне алып, бұған дейінгі «сыйлықтарға» қарағанда әлем картасы әлдеқайда әділетті болған деуі мүмкін» дей келіп, Қазақстанның Ресейден жер даулай алуы мүмкіндігін де еске алады.
«Ал егер Қазақстан өткенін еске алар болса, онда құрыдық дей бер. Мемлекеттілік үшін олар бізге емес, біз оларға алғыс айтуымыз керек екені анықталады. Олар Қазақ хандығының тарихи мұрагері. Ал Қазақ хандығы өз кезегінде Алтын Орда мұрагерлерінің бірі. Алтын Орда бұрынғы Киев Русьінің солтүстік шығыс «субъектілерін» өз ұлысына ойланбастан тарту етіп, өте үлкен автономия берілгені шыға келеді» деген екен.
Осылай деп ой қорытқан мақала соңында ең дұрысы, кім кімге «сыйлық» жасағанын еске алуды тоқтатып, бұл дауға нүкте қою керек екені айтылады.
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
12.01.2025
-
12.01.2025
-
12.01.2025
-
12.01.2025
-
12.01.2025