Қазір азаматтық істер қарайтын соттарда несие алушы азамат пен екінші дәрежелі банктер арасындағы дау өте көп. Банктен несиені алғанымен, қайтарарда қиналып, келісімшарттағы талаптармен таныспағанын айтып сотқа шағымданған азаматтардың көпшілігі өзінің құқығын толық білмейді. Сонымен қатар, келісімшартқа қол қоярда банк шарттарымен таныспаған азаматтар қаржылық қиындыққа тап болғанда кімге шағынарын білмей, қолдауды соттан сұрап жатады.
Азамат несие алған кезде негізінен екінші дәрежелі банктердің филиалы тұрған жер бойынша несие шарты жасақталады. Талап қоюшылар көбінесе тараптар арасында жасақталған банктік қарыз шартының бөлігін жарамсыз деп танып, қарызға қызмет көрсеткені үшін белгіленген комиссия соммасын өндіру туралы талап қояды. Егер қарыз шартын дұрыстап, көңіл бөліп оқып қарасаңыз, қарызға қызмет көрсеткені үшін банкке комиссия төлеу көзделеді. Бұл қарызды төлеу туралы графикте де көрініп тұрады. Өкініштісі сол, азаматтар оған аса мән бермейді. Сот табалдырығын аттаған азаматтардың түсініктеріне қарап отырып, олардың тіпті несиеге қосып төленетін пайыздық мөлшерлеме көлеміне, сақтандыру комиссиясына мән бермейтінін бағамдауға болады.
Осы комиссияға кеңірек тоқталайық. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес, сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді. Көрсетілген Заңның 30-бабының талабына сай, Банк операцияларына басқа қызметтермен бірге, банктік шоттарды ашу және жүргізу жатады. «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Заңының 6-бабына сай, банк шоты – банк пен клиент арасында ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктік қызмет көрсету жөніндегі шарттық қатынастарды көрсету тәсілі. Банк шорттары жеке және заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлімшелерінің ағымдағы және жинақ шоттары, сондай-ақ банктердің корреспонденттік шоттары болып бөлінеді. Осы баптың 2-1-тармағында аталған операцияларды жүргізуге болмайтын шоттар, сондай-ақ банктердегі бухгалтерлік есептің позицияларын көрсететін шоттар, баланстық шоттардың құрамдас бөліктері болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), соның ішінде несие шоттары банк шоттары болып табылмайды. Демек, банктік қарызға қызмет көрсету дербес банктік операция емес, керісінше Азаматтық кодекстің 750-бабының талаптарына сәйкес, банктің орындайтын міндетті операциялары болып табылады.
Сонымен қатар, Азаматтық процестік кодекстің 72-бабының талабына сәйкес, сотқа жауапкер тарапынан қарызға қызмет көрсеткені үшін төленетін комиссияның негізділігін қуаттайтын дәлелдеме ұсынылмайды, көп жағдайда олар сотқа қатыспайды да. Сондықтан, бұл шарттың бөлігі заңсыз деп танылып, заңсыз ұсталған қарызға қызмет көрсеткені үшін белгіленген комиссия да талап қоюшы пайдасына өндіріледі. Қазіргі таңда, аталған істер бойынша сот практикасы бір ізге түсті.
Аталған санаттағы істер бойынша барлық жағдайда талап қоюшының талабы қанағаттандырылмайды, тек қана 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жасақталған шарттар бойынша ғана талаптар қанағаттандырылып отыр. Себебі, ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 30 мамыр 2016 жылғы №134 санды қаулысымен «банктік несиелерді жеке тұлғаларға берумен байланысты комиссиялар мен басқа да төлемдер тізімі» бекітілді.
Сонымен қатар, талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, банктік несие туралы шарттың қызмет көрсеткені үшін комиссия ұстау туралы бөлігі заңсыз деп табылып, сот шешім шығарғанға дейін ұсталған комиссиялар кері қайтарылу туралы шешімге жауапкер, яғни екінші дәрежелі банктер апелляциялық шағым келтіріп жатады. Аталған апелляциялық шағым апелляциялық сатыда қаралып, іс қайтадан бірінші сатыдағы сотқа жолданғанша 2-3 ай уақыт өтеді. Қазіргі таңда сол уақыт аралығындағы комиссияны қайтару туралы да даулар туындауда. Себебі талап қоюшы сотқа талап арыз берген күнге дейінгі комиссия мөлшерін көрсетеді, атқару парағы сол мөлшерде жазылады. Алайда, сот шешімімен несие шартының комиссия ұстау туралы бөлігі заңсыз деп танылғандықтан, болашақта комиссия ұстау заңсыз. Дегенмен, сот шешімі шығып, шешім заңды күшіне енген уақыт аралығындағы комиссия екінші дәрежелі банктермен қайтарылмай, халықтың арасында тағы да наразылық, талап арыздар тудырады. Сондықтан, бұл жағдайда мәселе медиация тәртібімен шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Г.БАҚЫТЖАНОВА,
Маңғыстау облыстық сотының судьясы
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024