11-01-21 |
1630 рет қаралған
Садыр Жапаров 79,24 пайызбен алда келеді.
Садыр Жапаров 79,24  пайызбен алда келеді

Қырғызстанда 10 қаңтарда президент сайлауы және мемлекеттік басқару формасын анықтайтын референдум өтті. Әзірге Садыр Жапаров 79,24 пайызбен алда келеді деп хабарлайды Азаттық.

10 қаңтар күні сағат 22:00-ге дейін саналған дауыстың алдын ала нәтижесі бойынша, сайлаушылардың 38,70 пайызы ғана дауыс берген.

Президент сайлауына дауыс беру құқы бар 3 563 574 адамның тек 1 581 569-ы сайлауда дауыс беріп отыр.

Сайлаудың алдын ала нәтижелері бойынша, Садыр Жапаров 79,24 пайыз дауыспен көш басында келеді.

Жапаровтың басты бәсекелесі болып отырған Адахан Мадумаров 6,71 пайыз дауыс жинаған. Ал үшінші орынды 2,35 пайыз дауыспен Бабыржан Төлбаев иеленуде. Қалған 12 үміткердің көбі 1 пайыздан аса алмаған. 

Ал мемлекеттік басқару формасын өзгерту туралы референдумда Садыр Жапаровтың командасының ұсынысына дауыс бергендердің саны басым.

Президенттік басқаруды қалайтындар, яғни дауыс беруге қатысқандардың 81,27 пайызы барлық билікті президент қолына тапсыруға келіскен. Парламенттік басқару формасын қолдағандар болса 10,82 пайыз, екеуіне де қарсылар 4,42 пайызды құраған.

Айта кетсек, бұл – Қырғызстандағы сайлаудың соңғы қорытындысы емес. Электронды түрде берілген дауыстың (халықтың басым бөлігі осы форматты таңдаған – ред.) 96 пайызы саналғанымен, қағаз жүзінде жәшікке салынған дауыстардың есебі әлі белгісіз болып отыр.

Еске салсақ, елдегі парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт 6 қазанға қараған түні сол кездегі Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне баса көктеп кірген еді.

Халық наразылығынан соң үкімет те, президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кетті. Саяси қарсыласын ұрлап әкеткені үшін қамауда отырған Садыр Жапаровты наразылыққа шыққан жұрт 5 қазанда түрмеден босатты. Кейін парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады.

Жээнбеков президенттіктен кеткен соң Жапаров президент міндетін де қоса атқаруға көшті. Кейін ол президент сайлауына түсу үшін уақытша президенттіктен бас тартты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.