04-02-21 |
1330 рет қаралған
Назарбаев: Коронавирус әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін.
Назарбаев: Коронавирус әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Іс-шарада коронавирус пандемиясының салдары ұзақ жылдарға созылуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz

Жиында талқыланған мәселелер Elbasy.kz сайтында жарияланды. Онда  елдің 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыттары мен Қарулы күштерді қайта жарақтандыру мен қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарлары қаралғаны жазылған.

Біз біртұтас мемлекет және ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік. Бұл өзгеріске коронавирус пандемиясы түрткі болды. Оның әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатыр, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен қазақстандық қоғамның қазіргі жағдайларға жауап бере алатын жаңа ұлттық қауіпсіздік архитектурасын жасау қажеттігін атап өтті.

Экономикалық, технологиялық, әлеуметтік ахуал мен сыртқы жағдайлар қалай өзгерсе де, біздің ешқашан мызғымайтын ұлттық мүдделеріміз бар. Бұл – Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы, бірлік, саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік әділдік.  Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы осы құндылықтарды қорғауға, биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев биологиялық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен ұзақ уақытқа дейін түспейтініне назар аударды, себебі инфекциялық және басқа да аурулар жаһандық сын-қатерлерге айналды. Осыған орай Елбасы биологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басты қауіп-қатерлерге тойтарыс беру үшін тиімді шаралардың маңыздылығын атап көрсетті.

Енді денсаулық сақтауға ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі компоненті ретінде қарау керек. Пандемия кезінде әлеуметтік-экономикалық тежелістер болады. Ол  – бірінші кезекте, халықтың табысының азаюы, өңірлердің, салалардың, қалалар мен ауылдардың арасындағы теңсіздіктердің өсуі. Бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс істеу керек. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға кешенді қолдау көрсету  қажет, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.