17-02-21 |
1840 рет қаралған
Алматы облысында аудан әкімін «еріктіріп» отырған кім?.
Алматы облысында аудан әкімін «еріктіріп» отырған кім?

Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек ҚАШҚЫМБАЕВ «өз еркімен отставкаға кетті» деген хабар жалған болып шықты.

Бұл туралы «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты аудан әкімінің ресми өкілі ұсынған соңғы ақпаратты негізге ала отырып хабарлайды.

Мәлім болғандай, осыған дейін аудан әкімінің баспасөз қызметі Қуанышбек Қашқымбаевтың лауазымды орнынан өз қалауы бойынша кететінін жариялаған. Оны тіпті, ресми ақпарат көзіне айналған жергілікті басылымдар да назардан тыс қалдырмаған.

 «12 ақпандағы актив жиынында әріптестеріне қызметінен өз қалауы бойынша кететіні туралы хабарлады. Сондай-ақ әріптестеріне қысқа уақыт аралығындағы жұмысы үшін алғыс айтып, табыс тіледі», – делінген Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ақпаратында.

Алайда арада жарты күн өткенде аталған аудан әкімдігі инстаграм әлеуметтік желісіндегі арнайы парақшасында Қ. Қашқымбаевтың қызметінен босатылмағанын, тіпті жұмыс сапарымен аймақты аралап жүргенін алға тартқан.

Осы ретте, біз айналасы бір күннің ішінде «отставкыға» кетіп те, қызметінде қалып та үлгерген шенеуніктің мәселесін аудан әкімінің ресми өкілі Динара ТӨЛЕМІСОВАДАН сұрап көрдік.

«Қазіргі уақытта аудан әкімі жұмыста. Ешқайда кетпеді. Осыған дейін таралып кеткен ақпарат ол – рас емес. Яғни, жалған ақпарат», – дейді әкімнің баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, Қуанышбек Қашқымбаев Еңбекшіқазақ ауданының әкімі болып 2020 жылдың шілдесінде тағайындалды. Ол 1962 жылы туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.