02-10-18 |
2220 рет қаралған
Қырғызстан: Экс-премьер Исаковты қамау мерзімі ұзарды.
Бішкектің Первомай аудандық соты бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты қамау мерзімін 5 желтоқсанға дейін ұзартты. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Исаковтың бұрынғы баспасөз хатшысы Гүлнұр Торалиева Facebook-те жазды.

Сот Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) Исаковты қамау мерзімін ұзарту туралы өтінішін 1 қазан күні түн ортасына дейін қараған.

МҰҚК Исаковты 5 маусымда «Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялау» бағдарламасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстаған.

Оған «Қырғызстан президенті аппараты жетекшісінің сыртқы саясат жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде шетелдік компания мүддесін қорғады» деген айып тағылған.

Исаков өзіне тағылған айыпты терістейді.

Первомай аудандық соты 31 шілдеде тергеушінің өтініші бойынша Исаковты қамау мерзімін 5 қазанға дейін ұзартқан. Оның адвокаты Нұрбек Токтакунов алғашқы инстанция сотының шешімін заңсыз деп, қалалық сотқа кассациялық шағым түсірген еді. Бірақ қалалық сот шағымды қанағаттандырмаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.