14-04-21 |
1010 рет қаралған
Түркияда вирус жұқтырып, қайтыс болғандар көбейді.
Түркияда вирус жұқтырып, қайтыс болғандар көбейді

Түркияда соңғы аптада эпидахуал ушығып, ауру жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Елде вирустың «британдық» және «бразилиялық» штаммы жылдам таралып, аурудан көз жұмғандар күрт артқан. Ел президенті Режеп Тайып Ердоған қасиетті Рамазан айында шектеу шарасын күшейтті.

Түркияда жұқпалы дерт қайтадан өршіді. Өткен аптадан бері аталған мемлекетте күн сайын 50 мыңнан астам адамнан ауру анықталып жатыр. Бұл – пандемия басталғалы рекордтық көрсеткіш. Жергілікті билік наурыз айында коменданттық сағат енгізген.

Түркияның денсаулық сақтау министрі 7 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алып үлгергенін мәлімдеді. Фахреттин Кожа елде вирустың «британдық» және «бразилиялық» штаммы жылдам таралып, эпидахуал ушыққанын ескертті.

Қазір отандық туроператорлар Түркияға жолдама алған туристердің рейсін маусым айына ауыстыруға мәжбүр.

«Қазір турпакетпен Түркияда демалып жүрген 200 отандасымыз бар. Олардың денсаулығына алаңдайтын негіз жоқ. Себебі, Түркия туристерге барлық жағдай жасайды. Оған күмәніміз жоқ. Қазір алдын ала төлем алған туристердің демалысын келесі айға шегеріп жатырмыз. Түркиядағы эпидахуалды бақылаймыз. Бірақ ПТР-тест арқылы елге оралсақ, қазір бұл талап барлығына міндетті. Сол кезде бәрі дұрыс болады», – деді «Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей.

Ресей мемлекеті күні кеше ғана сәуірдің 15-інен маусымның 1-іне дейін Түркиямен әуе байланысын шектеді. Мәскеу мен Ыстамбұлдан аптасына тек 2 рейс жүзеге асырылады. Ауру асқынған Түркиямен әуе рейсін қысқарту мәселесі Қазақстанда да талқыланады.  

«Түркиямен әуе қатынасты тоқтату немесе қысқарту бойынша мәселелердің шешімі тек қана ведомствоаралық комиссияның шешімімен шығады. Бүгін, ертең комиссия отырысы өтеді. Сол уақытта шешім шығады. Қазір Түркия және басқа елдермен әуе қатынасы тоқтатылған жоқ. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылатын Анкара, Ыстамбұл, Анталья қалаларында індет өршіп тұр», – деді санитария-эпидемиология бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана.

Соңғы тәулікте Түркияда аурудан 243 адам ажал құшып, коронавирус құрбандарының жалпы саны 34 мыңнан асты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.